Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитіне арнайы қатысқаны және Астананың бастамалары мен басымдықтарын тұрақты түрде қолдап келе жатқаны үшін Эмомали Рахмонға ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағытта қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Тәжікстан шын мәнінде одақтастық қатынастарды жолға қоя білді. Бұған Эмомали Рахмонның сіңірген еңбегі орасан.
Тәжікстан Президенті өз кезегінде Қазақстанның ШЫҰ-дағы төрағалығы табысты өткенін айтты. Сондай-ақ екі елдің сауда-экономикалық, мәдени гуманитарлық салалардағы және қауіпсіздік бағытындағы ынтымақтастығы жоспарлы түрде дамып келе жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы өзара ықпалдастығының жекелеген аспектілерін қарастырды.