Павлодар облысында жұмыс сапарымен жүрген Мәжіліс депутаты, Қазақстан халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов елдегі жалғыз «Эллинг ПВ» ЖШС кеме жөндеу зауытында болып, «Қазфлот» жеке кәсіпкерлігі басшылығымен кездесті.
Кәсіпкерлер депутатқа ішкі су тасымалы саласындағы өзекті мәселелер туралы айтып берді. «Қазфлот» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Виктор Поднебесовтің айтуынша, кәсіпорнының қарамағында 9 кеме бар. Олардың жартысы жөнделді, ал қалғаны күрделі жөндеуді қажет етеді. Бірқатар логистикалық мәселе де шешімін тауып келеді.
– Өткен жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі еліміздің үш су бассейні – Атырау, Арал және Ертіс өзендерінің көлігі мен инфрақұрылымын қалпына келтіруге 64 млрд теңге бөлінетінін мәлімденген болатын. Оның 27 миллиард теңгесін Көлік министрлігі биыл су көлігі мен инфрақұрылымды дамыту және күтіп ұстау бағытында игеруге тиіс, – деді М.Магеррамов.
Мәжіліс депутаты ішкі су тасымалының дамуы мен қауіпсіздігінің екі құрамдас бөлігін – жағалаудағы көлік инфрақұрылымы мен сапалы жөндеу базасын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Мұның барлығы Мемлекет басшысының 2023 жылғы Жолдауында айтылған тапсырмаларды табысты іске асыруға ықпал етеді.
«Эллинг ПВ» серіктестігі – Қазақстандағы жалғыз кеме жөндеу кәсіпорны. Оны Қазақстан халық партиясы фракциясының депутаттары Үкіметке тиісті депутаттық сауал жолдау арқылы сақтап қалды деуге болады.