• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 04 Шілде, 2024

Қазақстан – Қытай: Ынтымақтастықтың елеулі белесі

262 рет
көрсетілді

Елімізге мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Респуб­лика­сының Төрағасы Си Цзинь­пинді «Ақорда» резиденция­сын­да сал­та­натты қарсы алу рәсі­мі өтті. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасының кортежін өзі күтіп алды. Мәртебелі мейман­ның құр­метіне Қазақстан Респуб­ликасы Әуе қорғанысы күштерінің ұшақ­тары Пре­зидент сарайының алды­нан Қытай туымен түстес қызыл, са­ры жо­лақ із қалдырып, ұшып өтті.

Берік достықтың кепілі

Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныс­тырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды.Президент, ең алдымен, шақыруын қабыл алып, елімізге мемлекеттік сапармен келгені үшін Си Цзиньпинге ризашылығын білдірді.

– Сіздің сапарыңыздың мән-мағына­сы өте зор, ерекше деп айтуға болады. Қытай Халық Рес­пуб­ликасы – тату көрші, маңыз­­ды стра­­тег­иялық серіктес әрі басты одақ­­тас мемле­кет­тің бірі. Берік достық­қа жә­не өзара қол­дауға негізделген қазақ-қы­тай қа­рым-қа­тынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатыр. Мен мұны үлкен қуанышпен атап өтемін. Сіз Қазақстан мен Қытайдың мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін нығай­туға зор үлес қостыңыз. Мұны жоғары баға­лай­мыз. Екі елдің ынтымақтастығын халық­тары­­мыз­дың игілігі үшін жаңа деңгейге көтеру қажет деген бастамаңызды толық қол­дай­мын. Бүгінгі басқосуымызды осының айқын дә­лелі деуге болады, – деді Қазақстан Прези­денті.

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық бағыт бойынша қарқынды дамып келе жатқан қазақ-қытай ынтымақтасты­ғы­ның жай-күйін жоғары бағалады.

– Қытай – біз үшін тату көрші ғана емес, жа­қын до­сымыз әрі уақыт тезінен өткен се­німді серік­тесіміз. Біз ортақ тарих­­тың, тату көр­шілік қатынастардың және өзара қол­дау­дың мызғымас құнды­лық­тарына сүйене отырып, шын мәнінде үлгі етерлік мемлекетаралық қатынасты жолға қойдық. Жылдан-жылға өзара байланыстарымыздың мазмұны байып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Си Цзиньпин қазақ жерінде құрмет көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.

– Құрметті Президент мырза, қым­бат­ты досым! Менің сапарыма мән беріп отыр­ғаныңызға ризашылығымды білдіремін. Сіз Мемлекет басшысы қызметіне кіріс­кен сәттен бастап реформалар мен ел­дің дамуын белсенді әрі мақсатты түрде ілгері­летіп келесіз. Ішкі және сыртқы саясат­та тиімді шаралардың тұтас топтамасын қабыл­дадыңыз. Соның нәтижесінде еліңіз­дің жалпы қуаты мен халықаралық беделі айтарлықтай артты. Тату көрші ретінде біз бұл жетістіктерге шын жүректен қуанамыз. Былтыр екеуіміз Сиань мен Бейжіңде екі рет кездесіп, жаңа жоспарларды белгіледік. Сондай-ақ «алтын отыз жылдықта» қытай-қазақ қатынастарын қарқынды дамытудың негізгі бағыттарын айқындадық. Қытай Қазақ­стан­мен арадағы қарым-қатынасты әр­дайым стра­тегиялық тұрғыдан және ұзақ­мерзім­ді келешек деңгейінде қарас­ты­раты­нын растағым келеді. Сондай-ақ көр­шілес елд­ерге қатысты ұстанатын өзінің сырт­қы саясатында Қазақстанға басымдық бере­ді және Орталық Азиядағы маңызды серік­тес ел санайды. Қытай-қазақ бай­ланыс­тарын қамтамасыз етуде біздің ерік-жі­геріміз бен ұстанымымыз өзгермейді және конъюнктуралық ықпалға ұшырамайды. Қытай әрқашан Қазақстанға сенімді тірек болатынын мәлімдеймін, – деді ҚХР Төрағасы.

Серіктестік арқауы – сенім

Шағын құрамдағы келіссөзден кейін Қазақстан Президенті мен ҚХР Төрағасы екі елдің ресми делегацияларының қатысуы­мен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге мемлекеттік сапарын Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға деген ұмтылыстың айқын көрінісі деп бағалайтынын айтты.

– Қазақстан елдеріміз арасындағы тату көршілік пен ғасырлар бойғы достықты нығайтуға ерекше мән береді. Біз бірлес­кен күш-жігеріміздің арқасында өзгелерге үлгі болатын және түрлі бағытты қамти­тын мемлекетаралық ықпалдастық орнат­тық. Біздің екіжақты қарым-қатынасы­мыз дамудың жаңа «алтын кезеңіне» өтті деп нық сеніммен айтуға болады. Екі ел арасындағы байланыстар тұрақты әлеумет­тік-экономикалық дамуға, халықтары­мыздың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп отыр. Былтыр өзара тауар айналымы 41 миллиард доллардан асты. Бұл – рекорд­тық көрсеткіш. Қазіргі таңда 45 ортақ ин­вестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның жалпы құны – 14,5 мил­лиард доллар. Жобалар өнеркәсіп, энергетика, көлік-транзит, «жасыл экономика», ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды қамтиды. Сонымен бірге екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыс­тары жандана түсті. Жоғары Мәртебелі Төраға, осы жетістіктердің бәрі Сіздің жеке қолдауыңыздың арқасында табысты жүзеге асқанын айрықша атап өткім келеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Қытайдың бейбіт бастамаларын қолдайды. Сондай-ақ халықаралық құқықтың негізгі қағидаттары мен БҰҰ Жарғысына негізделген әділ әлемдік тәртіпті қалыптастырудағы жетекші рөлі мен елеулі үлесін жоғары бағалайды.

– Сіздің «Адамзаттың біртұтас тағдыры қоғамдастығын құру» туралы бастамаңызды конструктивті рухта қолдауға дайынбыз. Біздің «Біртұтас Қытай» саясатына қатысты ұстанымымыз өзгермейді. Сондай-ақ терроризм, сепаратизм және экстремизм секілді «үш зұлым күшке» қарсы күрес жөніндегі ықпалдастықты қолдаймыз. Қытайдың бүкіл әлем елдерінің егемендігі мен тәуелсіздігін құрметтеуге шақыратын тұрақты ұстанымын бағалаймыз. Бүгінде Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі саналатынын бұған дейін де айттым. Өзара тауар айналымын еселеуге мол мүмкіндігіміз бар. Біздің елдің Үкіметі осы мақсатқа жету үшін табанды түрде жұмыс істейді. Қытай Қазақстан экономикасына салынған инвестиция көлемі бойынша жетекші орынға ие. Кейінгі 15 жылда оның көлемі 24 миллиард долларға жетті. Екі ел арасында визасыз режім күшіне енді. Қазір «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы» өтіп жатыр. Мұның бәрі елдеріміздің түрлі саладағы ынтымақтастығын нығайтуға тың серпін береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанына тағы да куә болғанын атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қазақ халқы анағұрлым қуатты әрі өркендеген жаңа Қазақстан құратынына сенім білдірді.

– Ежелгі «Жібек жолынан» тамыр тартатын елдеріміздің достығы мыңдаған жылдар бойы үздіксіз нығайып келеді. Дипломатиялық қатынастар орнаған 32 жыл ішіндегі ынтымақтастық нәтижесінде екіжақты байланыстарымыз мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестіктің бұрын-соңды болмаған деңгейіне көтерілді. Оның арқауы – мәңгілік достық, өзара сенім мен ынтымақтастық. Халықаралық жағдай қалай құбылса да, достықты сақтауға ұмтылысымыз, сан қырлы ынтымақтастықты дамытуға деген табандылығымыз, негізгі мәселе­лер бойынша бір-бірімізді өзара қолдау­ға бейілділігіміз және ұлттық даму мін­деттерін орындауға сеніміміз өзгермейтінін растағым келеді, – деді Си Цзиньпин.

Бұдан бөлек, ҚХР Төрағасы Қазақстан­ның халықаралық аренадағы орта держава ретіндегі конструктивті рөлін қолдады. Кездесу барысында тараптар электронды коммерция, автомобиль мен автобөлшек өндірісі, көлік-транзит және логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, қаржы, туризм салаларындағы инвестициялық ықпалдастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Екі ел басшылары сауда-инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру үшін тиісті механизмдер бар екеніне тоқталып, Қазақстан мен Қытай үкіметтері қазір және келешекте бизнес-жобалардың табысты жүзеге асырылуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин өңіраралық кооперация мен мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастықты тереңдету жөнінде пікір алмасты.

Мемлекет басшысы Астанада Бейжің Тіл және мәдениет университеті филиалы мен «Лу Бань шеберханасының» ашылуын қолдап, екі елдің ғылым және білім салаларындағы байланыстарының кеңеюі екі елдің мүддесіне сай келетінін айтты.

Жібек жолы тағылымы

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин бірқатар нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Атап айтқанда, Қазақстан мен Қытай басшылары Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк көліктері мен теміржол контейнерлерін жөнелту рәсіміне телекөпір режімінде қатысты.

Іс-шараға қатысушыларға Ұлы Жібек жолы бағытымен жүретін транзиттік рейс туралы бейнеролик көрсетілді. Іс-шара соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Төраға Си Цзиньпин жүк паромдарының қозғалысын іске қосты. Содан кейін екі ел басшылары Қазақ­станның Бейжіңдегі және Қытайдың Астанадағы мәдени орталықтарын салтанатты түрде ашты.

Бұл орталықтар екі мемлекеттің гума­ни­тарлық ынтымақтастығын дамыту­дың жаңа кезеңіне жол ашады. Сондай-ақ дос­тас екі ел халықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған түр­лі мәдени іс-шаралар, көрмелер, дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізуге арналған алаңға айналады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Астана халықаралық университетінің базасында Бейжің Тіл және мәдениет университетінің филиа­лын ашты. Мұны айтулы оқиға деуге болады. Қазақстан мен Қытай жоғары оқу орындарының ынтымақтастығы сту­дент­тердің терең білім алуына және кәсіби тұрғыда өсуіне зор мүмкіндік бере­ді және олардың тілдік дағдыларды, мәдениетаралық коммуникацияны және ғылыми зерттеу әдістерін меңгеруіне ықпал етеді.

Бұл жобалардың табысты жүзеге асырылуы мәдениет және білім салаларындағы өзара алмасуларды жандандыру, екі ел арасындағы саяси және экономикалық қатынастарды дамыту жолындағы маңызды қадам болмақ.

Инвестициялық жобалар артады

Екіжақты келіссөздерден кейін Қазақстан Президенті мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Мемлекет басшысы өзінің шақыруын қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін Си Цзиньпинге шынайы ризашылығын білдірді.

– Осы сапарыңыз – қазақ-қытай жыл­намасындағы айтулы әрі тарихи оқиға. Оған қоса екі ел арасындағы ынты­мақтастықты жаңа деңгейге көтеруге деген Сіздің ниетіңіздің айқын көрінісі деп білемін. Мен бұл игі ұмтылысты толықтай қолдай­мын. Қытай – біз үшін тату көрші, достас және мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктес мемлекет. Бұл біздің елдерімізге ортақ құндылықтар мен ортақ ұстаным деп айтқым келеді. Оның тарихи тамыры тереңде жатқаны сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы тығыз сауда және гуманитарлық байланыс­тардың даму тарихына тоқталып, оның келешегі жарқын боларына сенім білдірді.

– Халықтарымыз Ұлы Жібек жолы бас­тау алып, төрткүл дүниеге таралған киелі жолда ынтымағы мен бірлігін жарастыр­ған. Тарих қойнауына үңілетін болсақ, Қытай елі қазақ халқына ешқашан жаман­дық жасаған жоқ, ешқандай тосқауыл­дар құрған емес. Жәрдем ғана берген. Біздің елдеріміз әрдайым өзара тығыз байланыс­та және шынайы достық қарым-қатынаста болды. Бүгін де солай және солай болып қала бермек. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы­мен бірге мемлекеттер арасындағы сан қыр­лы ынтымақтастықты бекемдей беретініне назар аударып, бүгінгі келіссөз нәтижелері соның айқын дәлелі екенін айтты.

– Қазақстан мен Қытайдың мызғымас саяси қатынастары өзара сенім мен қолдау рухында дамып келе жатыр. Екі ел арасында шешімін таппаған ешқандай түйткіл жоқ. Сондықтан күш біріктіре отырып, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық әріптестікті жандандыруға ниеттіміз. Біз Төраға Си Цзиньпин екеуміз жаңа ғана Бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Құжатта екі ел қатынастарының жетістіктері және алдағы жоспарлары кеңінен қамтылған. Қытай – Қазақстанның басты сауда серіктесі. Былтыр елдеріміз арасындағы сауда көлемі 41 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта тауар айналымын еселей түсеміз. Бұған әлеуетіміз жеткілікті. Қытай – біздің негізгі шетелдік инвесторымыздың бірі. Кейінгі 15 жылда бұл елден Қазақстанға 25 миллиард долларға жуық инвестиция тартылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы былтыр Қазақстан эконо­микасына құйылған қытай инвести­циясының көлемі 16 пайызға өсіп, 1,8 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі.

– Бүгінде құны 14,5 миллиард доллар болатын 45 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, Қытай капиталының үлесі бар кәсіпорындар саны 4700-ден асады. Біз өзара тиімді инвестициялық жобаларды одан әрі жүзеге асырудың маңызын атап өттік. Нақтырақ айтқанда, энерге­ти­ка, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, өндіріс, қаржы, көлік, аэроғарыш өнеркәсібі және IT салаларына тоқталдық. Қазақстан өз нарығына кіруге ниетті Қытай компа­ния­­лары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алынған ауқымды энергетикалық жобаларды тиімді жүзеге асыру қажет деп санайды.

– Қазір Қазақстанда мұнай-химия зауыттары салынып жатыр. Шымкенттегі мұнай өндеу зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынды. Көп ұзамай бұл жобалар экономикамызға үлес қоса бастайды. Сапар аясында қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Онда бірқатар инвестициялық келісімдерге қол қойдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасымен көлік-логистика саласындағы ықпалдас­тықты жандандыру қажеттігіне назар аударғанын айтты. Бұдан бөлек, Си Цзинь­пиннің Астанада жариялаған жаһандық «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және Транскаспий халықаралық көлік бағдары аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланғанын жеткізді.

– Былтыр теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 22 пайызға артып, 28 миллион тоннаға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ляньюньган, «Қорғас – Шығыс қақпасы» және Сиань қаласындағы құрғақ порттарда жүзеге асырылған бірлес­кен жобалардың нәтижесінде көлік-логис­тикалық әлеуетіміз едәуір артты. Қазіргі таңда «Аягөз – Бақты» үшінші транс­шекаралық теміржол құрылысы белсен­ді жүріп жатыр. Бүгін біз Транскас­пий халықаралық көлік бағдары арқылы жүк тасымалын іске қосу шарасына бейнебайланыс режімінде қатыстық. Бұл бағдар Еуразия құрлығындағы көлік-логистика қатынастарын дамытуға тың серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинмен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесін талқылағанын атап өтті.

– Бұл салада табысты жүзеге асқан бір­лескен жобалар бар. Егіншілікте smart жү­йе­сін қолдануға, су ресурстарын ұтым­ды пай­далануға және ауыл шаруа­шы­­лығы өнімдерін терең өңдеуге айрық­ша назар аударылады. Осы орайда Қытай­дың тәжіри­бесі мен технологияларын қолдануға, нақ­ты инвестициялық жобалар­ды бірлесе жү­зеге асыруға мүддел­іміз. Былтыр Қазақстан­­ның Қытайға экспорт­таған ауыл шаруашы­­­­лығы тауарлары 2 есе өсіп, 1 миллиард доллар­­­­ға жетті. Қытай нарығына сапалы әрі та­би­ғи ет өнімдерін, майлы және дәнді дақыл­­­дар экс­портын ұлғайтуға мүдделі екеніміз­­­­­ді атап өттік. Бұл ретте Қазақстан асты­ғын2 мил­­лион тоннаға жеткізуге дайынбыз. Осы сала­дағы ықпалдастықты кеңейту шара­ларын қолдағаны үшін Төраға Си Цзинь­пин мырзаға ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, екі ел арасында ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық та нығайып келеді. Қазіргі таңда Қытайдың жоғары оқу орындарында 4 мыңнан астам қазақ жастары білім алып жатыр.

– Қазақстан техникалық мамандар даяр­лау мәселесіне баса мән береді. Бұған Қытайдағы әріптестеріміз қолдау көрсетіп отыр. Аталған саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келістік. Қытай Төраға­сының сапары аясында екі тарихи оқиғаның куәсі болдыңыздар. Біріншісі – «Астана» Халықаралық университетінің жанынан Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы ашылды. Сондай-ақ бүгін құрметті Си Цзиньпин мырзамен Қазақстанда екінші «Лу Бань шеберханасын» ашуға келістік. Бұл тиімді әрі маңызды жоба елімізде жоғары кәсіби мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Қытайдың жоғары оқу орындарында білім алғысы келетін қазақ жастарының саны артты. Бұл тұрғыда үкіметтік грант санын көбейту, Қазақстан аумағында Қытайдың озық техникалық университеттерінің филиалдарын ашу мәселесіне арнайы тоқталдық, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық байланысты және туризм саласындағы ықпалдастықты күшейтуге баса назар аударылғанын жеткізді.

– Осы сапар аясында Бейжіңде Қазақстанның және Астанада Қытайдың мәдени орталықтары ашылды. Мұны екіжақты байланысты бекемдеу үшін жасалған өте маңызды қадам деп айтуға болады. Бұл бастамалар халықтарымызды мәдени тұрғыдан жақындатып, өзара достық пен тату көршілік қатынастарды нығайтуға ықпал етеді деп сенемін. Бұдан бөлек, екі ел аумағында тұрақты түрде мәдени шаралар өткізуге уағдаластық. Қазақстан мен Қытай азаматтары үшін екі елде визасыз режим қолданыла бастаға­нын ерекше атап өткім келеді. Қазір оның игілігін азаматтарымыз көріп отыр. Әсіресе екі елдің көршілес аймақтарының халқына, кәсіпкерлер мен туристерге, жастар мен шетелдік әріптестерге тиімді болды. Биыл наурызда Бейжіңде «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» салтанатты түрде ашылды. Келесі жылы осы шараның жалғасы ретінде «Қытай­дың Қазақстандағы туризм жылы» өтеді. Бүгін қол жеткізген келісімдер елдеріміз арасындағы байланыстарды нығайтып, халықтарымыздың игілігіне қызмет етеді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы жалғасады

Қазақстан Президенті ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын атап өтті.

– Бұл бағыттағы ұстанымдарымыздың ұқсас екеніне назар аудардық. Біз көпжақты дипломатияны одан әрі нығайту қажеттігін атап өттік. Екі елдің серіктестігі Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында табысты дамып келе жатыр. Сонымен қатар біз Орталық Азия – Қытай диалогін одан әрі дамытуға келістік. Әлемдегі дау-дамайды бейбіт жолмен шешу, геосаяси жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту жөніндегі ұстанымдарымыз ортақ, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі келіс­сөз нәти­желерін жоғары бағалайтынын мәлімдеді.

– Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың деңгейі қашан­да жоғары. Осылайша, біз екі ел арасын­дағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам бастық. «Алтын отыз жылдық» аясындағы биік мақсат-міндеттерді табыс­ты жүзеге асырамыз деп үміттенемін. Жасалған әрбір келісім екі елдің тұрақты әрі қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуге, халықтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға арналған, – деді Қазақстан Президенті.ҚХР Төрағасы келіссөздердің жылы, достық рәуіште өткенін және нәтижелі болғанын мәлімдеді.

– Біз бірқатар ауқымды мәселе бойынша уағдаластыққа қол жеткіздік. Қытай мен Қазақстан арасындағы Бірлес­кен мәлімдемеге қол қойып, ынтымақтас­тықтың басым бағыттарын айқында­дық. Біздің қатысуымызбен сауда-экономи­калық, көлік-логистикалық, энергетикалық, ауыл шаруашылығы, ғылыми-техника­лық және мәдени-гуманитарлық салалар бо­йынша бірқатар үкіметаралық және ведомст­воаралық құжатқа қол қойылды. Аталған құжаттар екіжақты қатына­сымыз­дың жоға­ры деңгейде дамуына тың серпін береді, – деді Си Цзиньпин.

ҚХР Төрағасы Қытай мен Қазақстан жаңғыру жолымен алға ілгерілеп, өзара қолдау білдірудің игі дәстүрін бірлесе дамы­та­тынына және еселей түсетініне, сон­дай-ақ өзара саяси сенімді тұрақты түрде ны­ғайтып, ұлттық даму стратегияларын ұш­тас­тыруға ықпал ететініне және бір-бірінің мүддесін қорғайтынына сенім білдірді.

– «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында жоғары деңгейдегі ынтымақтастықты жалғастыра береміз. Нақты салалардағы ықпалдастық бағытында жаңа нәтижелерге қол жеткізуге ұмтыламыз. Қысқа мерзім ішінде тауар айналымын екі есе ұлғайту жөнінде жаңа міндет қойылды. Біз сауда және экономика, инвестиция, индустрия­ландыру, көлік және энергетика сияқ­ты салалардағы байланысымызды ұдайы нығайту жөнінде уағдаластық. Сауда-эко­номикалық ынтымақтастық бағдарлама­сын жүзеге асыру жөніндегі жол кар­тасын белсенді іске асырамыз. Транс­каспий халықаралық көлік бағыты мен ел­деріміз арасындағы үшінші трансше­каралық темір жол құрылысын жеделдетеміз. Сонымен қатар негізгі минералдық ресурстар, баламалы энергия көздері, ғылыми-техникалық инновациялар, авиация және ғарыш, цифр­ландыру салаларындағы дамудың жаңа бағыттарын бірлесе ілгерілетуге ниеттіміз, – деді ҚХР Төрағасы.

Сонымен қатар Си Цзиньпин БҰҰ, ШЫҰ, «Қытай – Орталық Азия» сияқты көпжақты алаңдар желісі бойынша тығыз ықпалдастық орнатқаны жөнінде атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның БРИКС-ке кіруін қолдады. ҚХР Төрағасы Қазақстанның әлемдегі орта держава ретіндегі рөлі артып келе жатқанын тағы да растады және еліміздің жаһандық басқару ісіне лайықты үлес қоса алатынына сенім білдірді.

Жоғары деңгейде өткен келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен бірге іскерлік бағыттағы бірқатар келіссөзден кейін әйгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызы және қазақтың мәдениетін, ән өнерін шартарапқа паш етіп жүрген Димаш Құдайбергеннің өнерін тамашалап, бұлбұл Майра мен дүлдүл Димаштың талантына тәнті болды.

Қол қойылған құжаттар

Сапар аясында бірқатар партияаралық, мемлекетаралық, ведомствоаралық және коммерциялық құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, «Amanat» партиясы» қоғам­дық бірлестігі мен Қытай Коммунис­тік партиясы арасындағы алмасу және ынтымақ­тастық туралы меморандум, Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі ара­сындағы Сауда-экономикалық ынтымақ­тастық бағдарламасын іске асыру жөнін­дегі жол картасы мен Қазақстан Республика­сының Үкіметі мен Қытай Халық Рес­пуб­ликасының Үкіметі арасындағы тех­никалық-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Екі елдің президенттері қол қойған құжаттардың қатарында – Қазақстан Рес­публикасының Көлік министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Рефор­малар және даму мемлекеттік комитеті арасындағы Қазақстан Респуб­ликасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы трансшекаралық теміржолды кеңейту жөніндегі өзара түсіністік, Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Көлік министрлігі арасындағы инновациялық технологиялар мен ақпараттық жүйе­лер саласында және халықаралық автомобиль тасымалдарына рұқсат беру жүйесін құру туралы өзара түсіністік пен ынтымақтастық және Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Коммерция министрлігі арасындағы инфрақұрылым және инженерлік құрылыс саласындағы ынтымақтастықты дамытуды ілгерілету жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумдар да бар.

Сонымен қатар Қазақстан Республи­касының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қытай Халық Республи­касының Коммерция министрлігі арасындағы таза энергетикалық технологияларда қолданылатын стратегиялық маңызды пайдалы қазбалар саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум; Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Білім министрлігі арасындағы қытай тілін оқыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; Еуразия ұлттық университеті мен Тянцзинь кәсіптік институты арасындағы Лу Бань шеберханасын бірігіп құру туралы өзара түсіністік туралы меморандум; Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашы­лығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына сою үшін экспортталатын мүйізді ірі қара малға қойылатын ветеринариялық талаптар және жануарлар саулығын қорғау туралы хаттама; Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы өзара жеткізілетін тауарларды бақылау және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандум; Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қытай Ұлттық ғарыш әкімшілігі арасындағы Халықаралық Ғылыми Ай Станциясы бойынша ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы меморандум; Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Радио және телевизия істері жөніндегі Бас мемлекет басқармасы арасындағы радиохабар тарату және телевизия саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум; Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» ШЖҚ РМК мен Қытай медиакорпорациясы (China Media Group) арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Мемлекеттік сапар аясында қол қойылған құжаттардың қатарында – Қазақстан Республикасының Көлік ми­нистрлігі мен Қытай Халық Респуб­ли­касының Реформалар және даму мем­лекеттік комитеті арасындағы Транс­каспий халықаралық көлік бағытында жүк тасымалдауды арттыруға және дамытуға арналған ынтымақтастықтың жұмыс тетігін құру бойынша өзара түсіністік; Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Нарықты реттеу бойынша мемлекеттік басқармасы арасында сәйкестікті бағалау саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша өзара түсіністік; Қазақстан Республикасы­ның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі арасындағы ынтымақтастық; Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Халықаралық даму саласы бойынша мемлекеттік агенттігі арасында өзара түсіністік және жоғары технологиялар саласындағы жобаларды ілгерілету; Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен Қытайдың Халық банкі арасындағы Цифрлық валюта саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум; Қазақстан Республикасы­ның Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Ұлттық статистика бюросы мен Қытай Халық Республикасының Ұлттық статистика бюросы арасында статистика саласындағы ынтымақтастық аясында өзара түсіністік; Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытай медиакорпорациясы (China Media Group) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум; Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Қытай медиакорпорациясы (China Media Group) арасындағы ынтымақтастық; Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының «Қазақстан Республи­касы Президентінің телерадиокешені» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК мен «Жэньминь Жибао» арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық; «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Қытай медиакорпорациясы (China Media Group) арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумдар да бар. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Республикасы­ның Ғылым академиясы мен Шэньчжэнь университеті арасында бірлескен зертханалар құруда ынтымақтастық, «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ пен Қытайдың ауыл шаруашылығы университеті, Dayu Irrigation Group Co., Ltd компаниясы арасындағы шөлейт­ті аймақтарда суды тиімді пайдалану жөніндегі Қазақстан-Қытай халықаралық зертханасын құру, «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ пен Қытай Халық Республикасының Ланьчжоу уни­верситеті арасындағы Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығын бірлесе құру, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Батыс поли­техникалық университеті арасындағы микроспутник арқылы ғылыми зерттеулер және таланттарды тәрбиелеу саласындағы өзара түсіністік туралы келісімдерге келді.

Басқосу барысында С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, М.Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан университеті, Шәкәрім университеті мен Қытайдың ауыл шаруа­шылығы және орман технология­сына маманданған Солтүстік-Батыс универ­ситеті арасындағы Қазақстан-Қытай ауыл шаруашылығы ғылымы және білім беру орталығын бірлесе құру туралы келісім; Қазақстандағы сапаны тестілеу зертханаларын жабдықтау жөніндегі жобаны жүзе­ге асыруға көмек көрсету туралы келісім­шарт және Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Қытайдың CNPC компаниясы арасындағы энергетика саласына қатысты стратегиялық жобалар бойынша ынтымақтастықты одан әрі тереңдету туралы негіздемелік келісімге де қол қойылды.

Жалпы, келіссөздер қорытындысы бо­йынша 30-дан аса маңызды құжатқа қол қойылды.