Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-наурыз аралығында 1 млн 493 мың Қазақстан азаматы ел ішінде саяхаттаған. Ішкі туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 145 мың адамға көбейді, деп хабарлайды Egemen.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Алматы, Астана және Шымкент қалалары жалпы ішкі туристер үлесінің 46%-ын тарта отырып, ішкі туристік бағыттар арасында көшбасшы атанды.
Өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда Қазақстанның 14 өңірінде туристер саны біршама өскені байқалды. Әсіресе, 187%-ға өсім көрсеткен Батыс Қазақстан облысы ерекше көзге түсіп отыр.
«2024 жылдың бірінші тоқсанында ішкі туризм көрсеткіштерінің айтарлықтай өскенін көріп отырмыз. Бұл - туристік инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытындағы мақсатты жұмысымыздың нәтижесі. Біз Қазақстанды әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер үшін одан да тартымды етуге тырысамыз. Сондай-ақ ішкі саяхаттар үшін қолайлы жағдай жасай отырып, осы секторды серпінді дамытуды жалғастырамыз», деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.