Атам қазақ өзінің поэтикалық жадынауи туындысы қарапайым қара өлеңінде «Домбырам екі ішекті, беті қақпақ, Өзіне перне байлап, ішек тақпақ...» немесе «Үш қазық, екі желі, тоғыз ноқта, Теңселіп тербеледі адам соқса» деп төл мұрасы домбыра туралы толғапты.
Әрине, қазақ бар жерде домбыраның рухы асқақ. Марқұм этнограф-жазушы Ақселеу Сейдімбек: «Біз ғаламға мақтансақ, домбыра сазы күй жанрымен мақтана аламыз. Себебі оның жанрлық тектілігі, байырғылығы, саздық үні ешқандай халықта кездеспейді», деуші еді.
Ақаң айтқандай, домбыра аспабы – қазақ халқының мұңы мен зарын, қуанышы мен қасіретін, әуезді үнімен, әсем сазымен, сезімді баурап, жүректі тербеп көңілге қондырып, көкейге жеткізетін керемет құрал. Ақын Қадыр (Мырзалиев) «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп текке айтпаған.
Осы орайда айтпағымыз, қазақ жерінде, әр өлкеде қадау-қадау болса да домбыра мүсінді ескерткіштер баршылық. Соның бірі – сонау қиырда жатқан байөлкелік бауырларымыз 1986 жылы қаланың шыға берісі, әуежайға бара жатқан жол бойына тұрғызған сегіз метрлік домбыра ескерткіші. Мүмкін бұл әлемдегі ең үлкен домбыра бейнесі осы шығар...
Ескерткіштің сыр-сипатына қарасаңыз, домбыра тұлғасы «Алтайым асқақ дараң нән, Аяннан ғана жаралған, Боз мұнарменен боялған, Бозала таңмен оянғам» деп өлкенің өрен ақыны Сұраған Рахметұлы айтқандай, мұнар бояған Қобданың қоңыр тауларындай асқақ.
Мүсіннің ұсқыны – шуда бұлтпен астасып, зеңгір көкке шаншыла қадалған қоңыраулы найза іспеттес. Жәдігердің құлақ тесігі орналасқан биігінде шашақты жалау сияқты үкісі желбірейді. Дәл осы бөлікке қазақша «Сәт сапар», ал домбыраның ұзын мойнында тігінен төмен қарай төгілте «Өлгей қаласы» деп жазылыпты. Шанағының қас беті қақпағының асты-үстіне қошқар мүйіз ою салынған.
Біздің қолымызға түскен деректе бұл ескерткішті аймақтық құрылыс тресінің инженерлері тұрғызыпты. Авторлық құқы соларға тиесілі. Бірақ жұмыс тобын сол тұста мекеменің бас инженері қызметін атқарған Арыстан Қалибекұлы басқарыпты. Бұл кісі қазір туған жерінде аман-есен отыр. Бертінде, 1996 жылы, домбыраның темір ішегі үзіліп қалып, оны Арыстан ағамыз өз қолымен жаңалап таққан дейді.
Аймақ орталығы Өлгей қаласының сәніне айналған бұл ескерткіш қазір қалалық әкімдіктің бақылауында көрінеді. Оларға рахмет, жәдігерді күрең түспен бояп, Абай атамыз айтатын сұрғылт бұлтпен астастырып қойыпты.