Еліміздің әр өңірінде Ұлттық домбыра күніне арналған түрлі мәдени іс-шаралар өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақмола облысында «Домбыра, жүрегіммен үндес едің...» атты мерекелік концерт өтсе, оңтүстік астананың қонақтары мен тұрғындары «Домбыра – асыл қазына» көшпелі көрмесін тамашалады. Көрмеде Абай Құнанбайұлы, Дина Нұрпейісова, Жамбыл Жабаев, Махамбет Өтемісұлы және т.б. көрнекті тұлғалар домбырасының көшірмелері ұсынылды. Жамбыл облысында «Нағыз қазақ қазақ емес нағыз қазақ – домбыра» атты мәдени іс-шаралар мен мерекелік концерттер өтті. Қазақстанның шығысында «Әнші қала» байқауы басталып, тақырыптық жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Маңғыстау облысында «Күмбірле, қоңыр домбыра» гала-концерті және мәдениет қайраткерлер қатысқан дөңгелек үстел өтті. Қостанай облысында да «Күмбірле, қоңыр домбыра» іс-шарасы және облыс домбырашылары арасында музыкалық байқау ұйымдастырылды. Ақтөбе облысында өскелең ұрпаққа «Домбыра – бабалардан жеткен мұра» атты танымдық іс-шара өткізілді. «Қазағымның домбырасы күй тартса» іс-шарасы шеңберінде Шымкент жастары ұлттық музыкалық аспаптың тарихымен танысты.