Қазақтың ұлттық аспабы домбыраны қадірлемейтін қандас кемде-кем. Десек те, әр күйшінің, әр әншінің тұмарындай аялайтын домбырасы бар.
Ұлттық домбыра күні қарсаңында Индер ауданының орталығы Индербор кентінде ерекше іс-шара өтті. Осындағы орталық саябаққа домбыра монументі қойылды. Аудан әкімі Дарын Шамұратовтың айтуынша, алтын түстес металдан құйылған монументтің жалпы биіктігі – 7,5 метр. Бір ерекшелігі, домбыра монументі түнгі мезгілде де жарқырап тұрады.
«Домбыра – сан ғасырдан бері ұлттың рухын биіктеткен, талай ұрпақтың бесігін тербеп, ерлік пен елдіктің, адалдық пен адамдықтың күйін шерткен ұлттық аспабымыз. Қазақтың домбырасы арқылы ұлттық мәдениетімізді қалыптастырған ақын-жыраулар, күйші-домбырашылар аз емес. Домбыра монументін Атырау топырағынан нәр алып, күйшілік, сазгерлік дәстүрді жалғастырған Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Абдолла Мұсағалиевтің есімімен атауды жөн көрдік», дейді Дарын Шамұратов.
Әкімнің айтуынша, домбыра монументін ашу идеясының астарында екі мақсат бар. Біріншісі – жас ұрпаққа ұлттық құндылықты насихаттау. Ал екіншісі – күйшілік өнерді кейінгі буынға жеткізген Абдолла Мұсағалиев секілді өнер саңлақтарының ел жадында сақталуына ықпал ету.
«Абдолла домбырасы» монументіне жергілікті өнерпаздар Әділ Есқалиев, Мажан Есқазиев, Мәулет Қарасаев, Тұрғанәлі Үсенғалиев, Қуанышқали Қарақұлов, Үнзира Өмірбаева, Қанапия Махметованың есімі де қашалып жазылған. Өйткені олардың бәрі 1958 жылы Қазақстан әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне Индер ауданынан қатысқан.
Домбыра монументі «ARSM» ЖШС-ның негізін қалаған жергілікті кәсіпкер Ж.Шәріповтің демеушілігімен орнатылған. Кәсіпкер игілікті іске 6 миллион теңге қаражат бөліпті.
Атырау облысы