Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орманына барған Мәжіліс депутаттары, «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері Нұржан Әшімбетов, Вера Ким және Жарқынбек Амантайұлы орманшылармен кездесіп, қорықтың алдағы өрт қаупі кезеңіне дайындығын тексерді.
«Ертіс орманы» бас директорының міндетін атқарушы Қазбек Аметовтің айтуынша, техника паркін жаңарту жұмысы жалғасып жатыр. Атап айтқанда, 8 трактор сатып алынды. Қ.Аметов қызметкерлерді жаңа техникамен қамтамасыз ету жұмысын жалғастыру аса маңызды екенін айтса, бөлім басшысы Қобыланды Атығаев былтыр орманшылардың жалақысы өскенімен, осы салада жұмыс істейтін жүргізушілер мен өрт сөндірушілердің еңбекақысы жоғарыламағанын алға тартты.
Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылғы 1 шілдеден бастап тек өрт сөндірушілердің жалақысы көтерілгенін түсіндірді. Болашақта техникалық персоналдың жалақысын 2 есе өсіру қажет.
Ал депутат Вера Кимнің айтуынша, орман шаруашылығы саласына кадр тарту үшін «Дипломмен ауылға» сынды түрлі мемлекеттік бағдарламалар ұсынатын мүмкіндіктерді пайдалану қажет.
– Жоғары оқу орындарын тәмамдаған жас мамандар шалғайдағы орман шаруашылықтарына жұмысқа орналасуға асықпайды. Себебі оларға баспана мен жайлы өмір сүру жағдайын ұсынатын мүмкіндік жоқ. Кадрларды ұстап қалу үшін салада жұмыс істеп жатқан жергілікті жас мамандарға және жалпы жастарға аудан әкімдіктерінен ауданда сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беру гранттарын ұсыну, біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, көтерме жәрдемақы төлеу, тұрғын үй, жұмыс орнын ұсыну тәжірибесін кеңейту қажет, – деді ол.