Биылғы Абай облысы білім басқармасының бастамасымен Семей қаласының төрт бірдей оқу орнында оқушыларға арналған кәсіптік бағдарлау лагері жұмысын бастады. Оның төртеуі колледждер базасында және біреуі университетте орналасқан. Кәсіптік бағдарлау лагерьлері балаларға қызықты демалыс қана емес, әртүрлі салада өздерінің кәсіби дағдыларын дамытып, қызығушылықтарын жетілдіруге жол ашады. Келешекте де өз мамандықтарын таңдауға бірегей мүмкіндік беретін лагерьлерге биылғы маусымда 400-ге жуық баланы қамту жоспарланып отыр.
Мәселен, Семей қаласындағы Геологиялық барлау колледжінің базасындағы «Жас геолог» кәсіптік бағдар беру лагерінде геология ғылымын жіті тануға баса назар аударылған. Әсіресе балаларды геология саласына тарту мақсатында арнайы ғылыми зерттеулер мен туристік маршруттар ұйымдастырылады. Сондықтан оқушылар бұл лагерьге оқу жылының екінші семестрінен қабылданған. Кәсіптік бағдарлау лагері үш кезеңді қамтиды. Ізденістердің нәтижесіне сәйкес 15 оқушы Щучинск қаласында өтетін геология саласы бойынша республикалық жарысқа қатысып, бақтарын сынауға үмітті. Бұған қоса, лагерь бағдарламасы аясында минералогиялық мұражайға саяхат жасау, тау жыныстарының, минералдар мен қазбалардың үлгілерімен таныстыратын кәсіби шеберлік сыныптарына қатысу, спорттық және шығармашылық алаңдарда конкурстар, викториналар өткізу, тәжірибелі оқытушылардың кәсіби психологиялық-педагогикалық басқосуына белсене араласу да қарастырылған.
Абай облысы білім басқармасы баспасөз қызметінің дерегінше, Семей қаласындағы Электротехникалық колледж базасында да «ІТ-лагерь» кәсіптік бағдар беру жазғы лагері бар. Оқушыларды жұмысшы мамандықтарына және өндірістік үдеріске араластыруды көздеген лагерьдің ерекшелігі мол. Мұнда хакатондар мен «StartUP» байқауларына және IT-бағыттағы жарыстарға қатысу үшін оқушыларды дайындау мақсаты қойылған. Бейіндік лагерьде балалар роботтехника мен дрондарды басқару негіздерін үйренеді. Мұнда 8 жастан 14 жасқа дейінгі 10 бала роботтехниканың қыр-сырын меңгеріп, роботты жасау мен оны басқару бағдарламасына дейінгі кезеңдерді игеруге машықтанады. Сонымен бірге дрондармен жұмыс істеу, құрастыру, бағдарламалау және басқару сияқты сабақтарды оқиды. Практикалық сабақтарда оқушылардың қауіпсіздігі басты назарда болғандықтан, оқу-жаттығулар арнайы белгіленген жерлерде өтеді.
Оқушылардың осындай танымдық байлығын дамытатын жазғы демалыс лагерьлерінің бірі Бизнес және сервис колледжінде орналасқан. 8 жастан 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді қамтитын «Profi Camp» лагерінде белсенді демалыспен бірге сауықтыру және ерте бастан кәсіптік техникалық білімге бағыттау ұсынылған. Бағдарламадағы «Жас аспаз», «Тәтті өмір», «Өз-өзіне стилист», «Сән және дизайн ханшайымы», «Біз туристпіз» деп аталатын бес негізгі бағыт балалардың интеллектуалды білімін нығайтып, шығармашылық әлеуетін ашуға мол мүмкіндік береді.
Бағдарламасында кондитерлік, аспаздық, тігіншілік, дизайн, шаштараз мамандықтары жайында кәсіби шеберлік сабақтары өткізіліп, жылдам дайындалатын тағамдарды әзірлеу, голливудтық әдіспен шаш бұйралау сияқты әдіс-тәсілдер таныстырылады. Спорттық және шығармашылық алаңдардағы квесттер, байқаулар, түрлі ойын мен викторина, күнделікті саяхаттар мен танымдық жорықтар қамтылған «Profi Camp» жазғы демалыс лагерінде үш маусым бойы оқушыларға үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі.
«Кәсіптік бағдарлау лагерьлерін ұйымдастыру мектеп оқушыларының кәсіби дағдыларын қалыптастыруға және оларды әртүрлі саладағы болашақ мамандықтарға даярлауға бағытталған. Ұйымдастырылған лагерьлердің бағдарламалары балаларға практикалық білім мен тәжірибе алуға көмектеседі. Бұл олардың кәсіби жағынан қалыптасуға маңызды қадам болады», дейді Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Құрманова.
Кәсіптік бағдарлау лагері арнайы оқу орындарынан бөлек, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетте де ұйымдастырылды. Жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша мектеп оқушыларына арналған «jas akademik-2024» жазғы оқу-жаттығу жиынында мектеп оқушылары аталған пәндер бойынша теориялық білімдерін тереңдетті. Оқушылар тәжірибелік дағдыларын дамытып, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізумен бірге әртүрлі деңгейдегі олимпиадаларға баруға қол жеткізді. Жаратылыстану және математика бағытын таңдаған 33 оқушы ғылыми жоба жазу талаптарымен танысудан бөлек, оқу орнының ғылыми зерттеу орталықтарында зертханалық жұмыстар жүргізді. Университеттің киім тігу, жиһаз жасау шеберханасына, арготехнопаркке экскурсия жасады.
Жоғарыда аталған кәсіптік бағдарлау лагерьлері оқушылардың демалыс уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен бірге олардың болашақ мамандықтарын таңдауына септігін тигізері анық. «Жас геолог», «ІТ-лагерь», «Profi Camp» лагерьлері балалар мен жасөспірімдердің өзара тіл табысуына, жаңа достар табуына, яғни балаларды жан-жақты дамытуға жол ашатынын айтпаса да түсінікті.
Келесі жылы да балалардың қызығушылығы мен мүдделеріне сай жұмыс істеуді қолға алатын кәсіптік бағдарлау лагерьлерінің жұмысы одан әрі жанданып, Абай облысы білім басқармасының бастамасымен жазғы лагерьлерге қатысатын оқушылардың саны одан әрі көбейеді дейді ұйымдастырушылар.
Абай облысы