Армандаған оқуына түсіп, қолға диплом алу – әрбір жастың өмірдегі басты мақсаты, үкілеген үміті. Таяу күндері ҰҚК Шекара академиясының бітіруші түлектері осындай шаттыққа кенеліп, жүздері бал-бұл жайнады.
Аталған оқу орнын 200-дей жас бітірсе, оның ішінде 20-ға жуығы – халықаралық келісімшарт бойынша білім алған тәжік елінің азаматтары. Ғасырға жуық тарихы бар білім ордасын 10 курсант үздік дипломмен аяқтады. Сонымен қатар шекарашы курсанттармен бірге 20-дан аса магистрант оқуларын ойдағыдай тәмамдады.
Жас офицерлерді шығарып салу рәсімі Шекара академиясы курсанттарының қызығы мен қиындығы қатар жүретін әскери өмірі туралы сахналық қойылымнан басталды. Өз елінің патриоты болу, Отанға қызмет ету – әр азаматтың борышы. Азаматтық міндетін адал орындап, әскери өмірдің қиын да қызық жолына төзе білген әрбір курсант елінің нағыз қорғаны шекарашы офицерге айналады.
Көпті тебіренткен қойылымнан кейін жас қыз-жігіттердің вальс биімен жалғасып, курсанттар Н.Алдажұман, Д.Ысқақ, Д.Дәнебекұлы «Шекара академиясы» әнін нақышына келтіре орындады. Іс-шара барысында Қаңтар оқиғасында қаза тапқан 3-оқу дивизионның курсанттары Дәулет Жұпарбеков, Жайық Әділхан, Бітім Мейірханға және Шекара академиясының ерлікпен қаза тапқан әскери қызметшілеріне құрмет көрсетілді.
Тағылымды кештің ресми бөлігінде Шекара академиясы бастығының орынбасары, ұлттық қауіпсіздік полковнигі Ж.Қарашекенов ҰҚК төрағасының және Тәжікстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының Шекара академиясының түлектеріне алғашқы «лейтенант» әскери шенін тағайындау туралы бұйрықтарын оқыды. Содан кейін Шекара академиясының басшысы, генерал-майор П.Поливанов, салтанатты рәсімге келген құрметті қонақтар мен осы салаға саналы ғұмырын арнаған шекарашы офицерлер бітіруші түлектерге дипломдарын салтанатты түрде тапсырды.
Салтанатты рәсім аяқталған соң іс-шараға арнайы қатысқан Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев бітіруші түлектерді алғашқы «лейтенант» шенін алуымен құттықтап, 200 курсант «Ура!» ұранымен көк аспан астын құлақ тұндыра жаңғыртты. Бұл олардың оқуларын аман-есен аяқтағанын білдіретін жүрекжарды қуанышы болатын. Содан кейін сапта тұрған курсанттар әскери оркестрдің сүйемелдеуімен еліміздің Мемлекеттік Әнұранын нақышына келтіре орындады.
Салтанатты іс-шарада Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Ерлан Алдажұманов үлкен өмірге қанат қаққан жас офицерлерді айтулы кезеңмен құттықтады.
«Төрт жыл бойы білім нәрімен сусындап, бүгінде нағыз ер азаматтарға ғана тән мамандықты игеріп, өз ісінің кәсіби маманы атандыңыздар. Сіздерге жарқын болашақ және ақ жол тілеймін! Шекара академиясында алған білімдеріңіз еліміздің мемлекеттік шекарасын қырағы күзетуге арналмақ. Сіздер жауынгерлік дәстүрді жалғастырып, шекара күзету жауапкершілігін ала отырып, Шекара қызметінің қатарына қосылғалы отырсыздар. Сондықтан әрқашанда еліміздің қай аймағында болсаңыздар да, өздеріңізге жүктелген жауапты міндетті абыройлы атқара біліңіздер! Офицер атағына кір келтірмеңіздар», деді ол.
Іс-шара барысында ата-аналар атынан сөз алған А.Чаганова курсанттарға сапалы білім мен тағылымды тәрбие берген әскери ұжымға алғысын білдіріп, жүрекжарды жылы лебізін жеткізді. Ал бітіруші түлектердің атынан сөйлеген лейтенант Дінмұхаммед Дәнебекұлы: «Осы оқу орнына елдің түкпір-түкпірінен жиналдық. Шекара қызметінің қыр-сырына қанығып, жаңа достар таптық. Бір-бірімізді қолдап, қиын сәттерде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білдік. Шекара академиясының құнды тәжірибесі болашақта қызметімізге тірек болмақ. Бізге білім беріп, өздерінің өмірлік бай тәжірибелерін бөліскен ұстаздар қауымына рахмет айтамыз», деп ізгі тілегін арнады.
Жиын соңында Шекара академиясының Жауынгерлік туын алып шыққан ту ұстаушы топты шығарып салған курсанттар аспанға тиыннан шашу шашты. Құрметті қонақтар мен ата-аналар алдынан салтанатты шеруді Шекара академиясы басшысының бірінші орынбасары, полковник А.Исмаилов, полковник К.Мұхамеджанов, майор Д.Асенов, полковник З.Амбарцумян, полковник Е.Шаповалов, полковник М.Байсалбаев, полковник А.Ерғалиева, подполковник К.Бердіқұлов, полковник А.Нұрлан, подполковник Д.Нұрғалиев, аға лейтенант Д.Мұқатаев бастап шығып, Шекара академиясының оркестр қызметкері, подполковник Руслан Валеев аяқтады.