• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 11 Шілде, 2024

Үлгілі бастама

151 рет
көрсетілді

Астана алға бастар барлық оң көрсеткіш бойынша беттүзеріміз болуы керек. Еліміздің тұс-тұсында тазалықты тағылым тұтқан экологиялық акцияда да елордамыздың ел айнасы ретінде ерекшеленгені жөн. Сондықтан да бас қаладағы акция «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» деген атаумен өткізіліп жатыр.

Аталған акция өткен аптада «Жа­сыл аймақ» ұранымен өтіп, барлық жұмыс көшет отыр­ғызуға, ағаштарды ақтауға арнал­ды. Бұл экоапта аясында Қару­лы күш­тер­дің мемлекеттік әскери-тарихи мұра­жайының аумағында түрлі елші­ліктердің өкілдері жаппай ағаш отырғызды. Жаңа көшеттердің жалпы саны 350-ден асады.

«Бүгін біздің көңіл күйіміз керемет. Мұндай акциялар – қоршаған орта үшін үлкен игілік. Өз басым ағаш отырғызу, саябақтарды көгалдандыру жұмыстарын ылғи да қолдаймын. Әрбір отырғызылған ағаш – біздің болашаққа қосқан үлесіміз, жас ұрпаққа қамқорлық. Бұл бағытта Қазақстан ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарып жатыр», деді Беларусь Республикасының Қазақстандағы Елші­лігінің кеңесші-елшісі Дмитрий Зорин.

Іс-шараға Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Индонезия, Грузия, Беларусь, Португалия, Таиланд, Израиль, Ватикан елшілері мен өкілдері де қатысты. «Бұл іс-шара «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» эко­логиялық айлығы аясында ұйым­дастырылды. Оған қала басшылары мен тұрғындары, бизнес өкілдері мен жастар қатысады. Мұнда 350-ге жуық ағаш отырғызылады. Олардың арасында қайың, қарағай, шырша бар. Ағаш отырғызудан басқа, біз автоматты суа­ру­ жүйесін қатар қоямыз. Сондай-ақ атал­ған іс-шара аясында ауданның басқа сая­бақтарында жасыл желектер егіледі», ­деді аудан әкімі Талғат Рахманберді.

Тұрғындарды бірлікке бастайтын экоакцияны Астанада орналасқан 70-ке жуық елшілік пен халықаралық ұйым қолдады. Осылайша, «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экоакциясы үшінші аптаға ұласып отыр.Ауқымды науқан кезінде қаланы сани­тарлық тазарту, нөсер және арық кәріз желілері, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңіс­тіктер мен аулаларды тазалау жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүл­зарларды тазарту, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т.б. жұмыстар атқарылды.