• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Шілде, 2024

Қала жұртшылығына – 15 автобус

53 рет
көрсетілді

Тараз қала­сын­да қоғамдық көліктер­ді жаңарту жұмыстары үш жыл­дық жоспарға сәй­кес жүр­гізіліп жатыр. Кейін­гі жыл­дары бірнеше бағыт­та қа­тынайтын ескі авто­бус­­тардың орнын су жаңа қоғамдық көліктер басты. Жыл өткен сайын қала хал­қының саны артып жатқа­ны анық. Жергілікті атқару­шы билік осыны ескерсе керек, бұрынғы шағын автобус­тардың орнына сыйымдылығы жоғары жаңа қоғамдық көлік­терді шығаруды жөн деп тапқан секілді.

Бірнеше күн бұрын көне шаһар­дың жаңа жолдарымен қа­ты­найтын 15 автобус пайда­лануға берілді. Жаңа жол деп бекер айтып отырған жоқ­пыз. Бір жылдың ішінде облыс орта­лығындағы ондаған көшеге жаңа асфальт төселді. Бұл – үл­кен жұмыс. Әсі­ресе жаңадан бой көтерген «Ұлы дала» шағын ауданы мен талай жыл­дан бері тұрғындардың бас ауруы­на айналған «Бурыл» тұрғын ала­бындағы біраз көшенің жолы жөндел­гені көңіл қуантты.

Су жаңа қоғамдық көліктерді табыстау рәсіміне Тараз қала­сы­ның әкімі Бақытжан Оры­нбе­ков арнайы қатысты. Қа­ла­ішілік бағыттар бойынша қа­­тынайтын автобус­тар «ӘулиеатаТранс­Пасс» ЖШС жүргі­зушілеріне бұйыр­ғанын айта кеткен жөн. Ескі көлікті жаңаға ауыстырған олар тұрғындарды тасымалдау үшін заманауи автобустың бұйырғанына қуанышты екенін жеткізді.

«ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС бас­шысы Рашид Пірмановтың айтуын­ша, Тараз қаласына жет­кізілген «Isuzu» маркалы қоғамдық көліктер ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Өзбекстан елінде жасалған екен. Автобустың ұзындығы 9 метрді құраса, сыйымдылығы – 70 адам. Сондай-ақ қоғамдық көліктерде пандус, бірнеше бейнекамера бар. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындар үшін барлық жағдай қарастырыл­ған.

Ресми дерекке жүгінсек, Та­раз қаласына жеткізілген авто­бустардың 10-ы №29 бағытта қатынайтын ескі қоғамдық көліктерді алмастырса, қал­ған бесеуі №12 бағытта қатынайды. Бұл өз кезегінде №12 бағыттағы автобустардың жүру жиі­лігін арттырады. Тұрғындар қоғам­дық көлікті бұрынғыдай сарыла күтіп тұрмайды. Қосым­ша берілген қоғамдық көлік­тер арқылы №12 бағыттағы автобустар­дың жүру интервалы 12 минуттан 8 минутқа дейін қысқарады.

Шаһар тізгінін қолға алғалы бері Бақытжан Орынбеков облыс орталығындағы жолдарды жөнге келтірумен қатар, қоғамдық көліктерді жаңалауға басымдық беріп отыр. Қала әкімінің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар ілкі сәтке де тоқтамақ емес.

Б.Орынбеков жолаушылар тасы­малын жандандыру, тұрғындар­ды қоғамдық көлікпен толықтай қам­ту жұмыстары қай кезде де маңыз­­дылығын жоймайтынына бек сенімді. Өйткені дәл осы мәселені ретімен шешу үшін 2023–2025 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары бар. Сол жоспарға сәйкес қалаға әр жыл сайын 70 жаңа қоғамдық көлік жеткізіледі. Әйткенмен, осы жылдың алғашқы жартысының өзінде облыс орталығына 80 жаңа автобус келгенін ескерсек, жоспар артығымен орындалды деуге толық негіз бар.

Қалалық әкімдіктің баспаөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, бірқатар бағытты жаңа автобустармен қамту жұмысы жыл соңына дейін жалғаса бермек. Нақтырақ айт­сақ, осы жылдың аяғына дейін тағы да 50 автобус әкелу жос­парланған.

Тараз