• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 12 Шілде, 2024

Ел спортының ертеңі

107 рет
көрсетілді

Ресейдің Якутск қаласында VІІІ «Азия балалары» ойындары өтіп, еліміздің спортшылары 17 алтын, 31 күміс, 59 қола ме­даль олжалап, жалпы есепте 7-сатыға тұрақтады. 1996 жылдан бері тұрақты ұйымдастырып келе жатқан «Азия балалары» ойындарында Өзбекстан спортшылары 36 ал­­­тын, 31 күміс, 21 қола медаль еншілеп, жеке-дара көш бастады. Жасөспірім спортшыларымыздың жетістігін қомсынбаймыз, дегенмен спорттағы ізбасарларды даярлау ісінде ақсап тұрған мәселе де жоқ емес.

Жуырда Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов республикалық спорттық мектеп-интернат-колледждердің басшыларын жинап, қызметтік жиын өткізді. Жоғары спортқа лайықты ізбасарлар даярлайтын спорттық мектеп, колледждердегі кем-кетікті бүтіндеу маңызды. Ел спортын өркендетуге ұмтылған өрендерді мектепке қабылдап алғаннан бастап чемпиондық дәрежеге жеткізгенге дейінгі аралықтағы жұмысты жүйелі дамыту міндеті тұр. Қандай кедергі бар, нендей түйткілдің түйінін тарқату керек деген сауа­л қашанда өзекті. Спортшының чемпиондық дәрежеге жетуі бапкерлердің біліктілігіне тікелей қатысты. Келешекте жаттықтырушылардың сапалық құрамына талдау жасап, біліктілігі жоғары мамандарды тарту, сондай-ақ дайындау әдістерін жетілдіру мақсатында жұмыс тобын құрып, тоқсан сайын мамандардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру жүзеге асырылуы мүмкін. Селекция жасақтау үшін жер-жерден талантты спортшыларды жинау бағытында комиссия құрып, өңірлерде іріктеу өткізіп, көрінбей жүрген таланттарды тауып, жинау­ды қолға алу қажет. Сонда ғана дарынды, қарымды балаларды спортқа тартудың жемісін келешекте көреміз, егер жұмыс жүйелі жүргізілсе. Мектеп-интернаттардағы спорт түрлерін базаларына сәйкес топтастыру керек. Комитет төрағасы Ербол Мырзабосынов Алматыдағы К.Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіндегі спорт түрлерінің кейбірінің спорттық базасы сын көтермейтінін айтты. Болашақ олимпиадашыларды даяр­лайтын іргелі білім мекемесінде 17 спорт түрі қамтылса, соның тек жетеуі бо­йын­ша балалар алаңсыз жаттығу өткізеді. Ал қалған 9 спорт түрінің базасы талапқа сай емес. Мұның зардабы алдымен оқуға тиетіні белгілі. Олар өзі қалап таңдаған спорт түрі бойынша әзірлік өткізу үшін басқа базаға баруға мәжбүр.

Тағы бір мәселе, жас спортшылар тәжірибе жинап, шыңдалуы үшін ұлттық құрамалармен бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу мүмкіндігін арттырып, спорттық медициналық көмек көрсетуді жолға қойған абзал. Себебі кез келген спорттағы жоғары нәтиже спортшының денсаулығына тікелей қатысты. Бұл, әсіресе балалар спортын дамытуда маңызды. Дәрігер мамандардың біліктілігін қайта қарастырып, қажет болған жағдайда Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығының мамандарымен тізе қосып жұмыс істеу де артық болмайды.

«Туризм және спорт министр­лігіне қарасты төрт мектеп-ин­тернат-колледж бен бір респуб­ликалық спорт колледжі бар. Бүгінде жоғары спортқа резерв дайындап, келешек чемпиондар осы ортада шыңдалады. Қазір кейбір интернаттардың дайындық базалары замануи талапқа сай болмағандықтан балалардың алаңсыз шынығуына қолбайлау болып отыр. Сол себепті спорт түрлерін жүйелендіру бойынша база мүмкіндіктеріне сай шоғырландыруымыз қажет. Осындай мүмкіндік арқылы қайталанатын спорт түрлерін азайтып, сапалы спортшылар құрамын дайындаймыз. Мысалы, «Шаңырақ» мектеп-интернат колледжінде семсерлесу спорты бойынша оқитын спортшылар кісі айналып жүре алмайтын тар жерде әзірлік жүргізеді. Одан да бұл спортты базасы қалыптасқан К.Ахметов атындағы мектеп-интернат колледжінде дамытқан жөн. Сондай-ақ бұл спорттық мекемеде дзюдо спортынан етене дамыған орталық бар. Ал Риддерде қысқы спорт түрлерін өркендету міндеті тұр. Қазір ол жерде базасы жоқ болса да, жеңіл атлетика бойынша спортшылар дайындалып жатыр. Бұл спорт түрінің өркен жаюына кедергі. Одан да оны ШҚО-да базасы қалыптасқан интернатқа бергеніміз жөн. Себебі О.Рыпакова атындағы спорт орталығы сияқты заманауи үлгіде салынған, спорт­тық жабдықпен қамтылған кешендерде шынығады», дейді Е.Мырзабосынов.

2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындары 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында жалауы желбі­рейтін жазғы Олимпиада ойында­рында ел үмітін арқалай­тын саңлақтарды даярлауды бү­гіннен қолға алған маңызды.