Премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Алматыға барды. Негізгі мақсат – Мемлекет басшысының инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау және индустриялық негізді нығайту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын қадағалау.
Сорғы стансасының аумағында Үкімет басшысы мегаполистің жоғарғы аудандарын сумен қамтамасыз етудің резервтік жүйесін салу жұмысының қарқынын тексерді. Жобаның маңызы жерүсті суларына тәуелділікке байланысты. Бұған дейін 2023 жылғы 18 тамызда Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте селдің көбеюі және өзен суы лайлануының артуына байланысты Президент қаланың жоғарғы бөлігіне ауызсу беруді шектемеу үшін аталған мәселені шешуге тапсырма берген болатын. Мәселен, Алматы 6 негізгі көзден: Үлкен және Кіші Алматы, Ақсай, Қарғалы өзендерінен және Алматы мен Талғар кен орындарының жерасты су жинағышы арқылы сумен қамтамасыз етіледі.
Қала тұрғындарын сумен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында Талғар жерасты су жинағышынан тәулігіне 17 мың текше метр көлемінде қолданыстағы желілерді қосымша толықтыруға жағдай жасалды. Жоба қуаттылығы 15 мың текше метр болатын жаңа 6 ұңғыма салуды және қуаттылықты 60%-ға арттыра отырып, 6 сорғы стансасындағы 14 сорғыны толық ауыстыруды көздейді. Қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин Президенттің резервтік жүйе туралы тапсырмасының орындалғанын баяндады.
Сонымен қатар Премьер-министрге Алматы қаласының барлық тұрғынын орталықтандырылған сумен қамту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс барысы туралы баяндалды. Өткен жылы 117 шақырым су құбыры салынып, 46 шақырымы жаңғыртылды, бұл Алматы тұрғындарының 99,3%-ын орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Алатау, Бостандық және Наурызбай аудандарының тұрғындарын сумен қамту мәселесін шешу үшін 4 су жинағыш құрылысы мен жобасы жүргізілуде. Биыл 142 шақырым инженерлік коммуникация салу және 48 шақырым желіні жөндеу жоспарланған. Қабылданған шаралар жыл соңына дейін тұрғындардың 99,6%-ын орталық сумен қамтуға және желілердің тозу деңгейін 53,8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Үкімет басшысы халықтың ауызсуға қол жеткізуінің маңыздылығын атап өтіп, инженерлік инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Сондай-ақ Премьер-министр индустриялық аймақ аумағындағы бірқатар кәсіпорынға барып, ол жердегі инвестиция тарту және өндірісті локализациялау қарқынымен танысты. Мұнда жасалған жағдай бизнестің жұмысын жеңілдетуге бағытталған.
Үкімет басшысы «Ирригатор Қазақстан» зауытында өнімділікті көбейтіп, су үнемдеуді арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдарын тамшылатып суаруға арналған, Израиль технологиясы бойынша жасалатын түтікшелер өндіру үдерісін қарап шықты. Биыл қаңтар айында іске қосылған кәсіпорын жылына бау-бақша, жидек, көкөніс және дәнді дақылдарды суаруға арналған 270 млн метр өнім шығаруға қабілетті. Компания директоры Мұрат Ақшалов жобаға израильдік METZERPLAS компаниясынан 770 млн теңгеден астам шетелдік инвестиция тартылғанын, бұл жобаның жалпы сомасының үштен бірін құрайтынын айтты.
Олжас Бектенов жобаның су үнемдеуге бағытталғанын ескере отырып, оның маңызын атап өтіп, мемлекеттік органдарға кәсіпорынды толық қуатына шығару мәселесін пысықтауды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен өнімді сату жөнінде өзара іс-қимыл жасауға жәрдемдесуді тапсырды. Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда тамшылатып суару нарығы 70 мың га құрайды.
Олжас Бектенов Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорнына барған кезде локализациялауды тереңдету және өндірістің неғұрлым күрделі технологиялық үдерісіне көшу жоспарымен танысты. Премьер-министрге зауыт алаңын 40 мың шаршы метрге, жұмыс орындарының санын 1 700-ге дейін ұлғайта отырып, кәсіпорынды кеңейту және жаңғырту жұмысы жөнінде баяндалды. Құны 16,4 млрд теңге болатын зауытты кеңейту жобасы толығымен инвестор есебінен іске асырылған. Сонымен қатар кәсіпорын шағын торапты өндіріс қуатын ұлғайту және жаңа модельдерді дәнекерлеу, бояу үшін өндірістің толық цикліне көшу мақсатында дәнекерлеу, бояу және құрастыру цехтарын жаңғыртуға инвестиция салады.
Сондай-ақ Astana Motors компаниясының негізін қалаған Нұрлан Смағұлов жұмыс істеп тұрған Hyundai Trans Kazakhstan зауытынан басқа жылына 90 мың жеңіл автомобиль шығара алатын мультибренд зауыты (2025 жылы іске қосу жоспарланған), автокөлікке арналған қосалқы бөлшектер шығаратын үш зауыт және логистикалық хаб кіретін өндірістік кластерді дамыту жоспарлары туралы хабарлады. Жұмыс орнының жалпы саны 6 мың адамнан асады.
Премьер-министр Үкімет отандық автоөнеркәсіпті қолдау шараларын одан әрі жалғастыратынын баса айтты. Өз кезегінде бизнес ұдайы дамып, локализацияны арттыруы керек.
Келесі нысанда Премьер-министрге ауданы 100 мың шаршы метрден асатын Wildberries жаңа логистикалық тарату орталығының құрылысы туралы баяндалды. Бұл біздің елімізде жүзеге асырылып жатқан осындай екі жобаның бірі: екінші орталық Астанада салынады. Қазіргі кезеңде жобаға 12,9 млрд теңге инвестиция құйылған. Құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың ІІ тоқсанында аяқтау жоспарланған. 4 мың жұмыс орнын құру көзделген. Алматыда логистикалық тарату орталығын іске қосу кәсіпкерлердің логистикаға шығындарын қысқартуға, тауар ассортиментін кеңейтуге және сатуды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл Wildberries-дің Ресей Федерациясынан тыс жердегі осындай алғашқы жобасы.
Бұған қоса, жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында арнайы жұмыс істейтін Алматы қаласының шағын өнеркәсіп парктері бағдарламасының іске асырылуымен танысты. Олжас Бектенов «ALAESTATE» ЖШС-да болды. Коммуникацияның барлық түрімен қамтамасыз етілген бұл өндірістік ғимараттар кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жеңілдікті шартпен жалға берілген. Мысалы, Qulpynai кондитерлік компаниясы бастапқыда 2016 жылы 150 шаршы метр алаңды жалдаған, бүгінде жалпы ауданы 2 880 шаршы метр болатын 3-цехты іске қосты. Жеңілдігі бар жалдау құны компанияға 500-ден астам адам жұмыс істейтін 3 цех пен 17 дүкенге дейін ашып, өсуге мүмкіндік берді. Барлық цехтың өндірістік қуаты жылына 900 тоннадан астам дайын өнімді құрайды.
Үкімет басшысы экономиканың басым секторларында жобаларды іске асыратын бизнесті қолдаудағы әкімдіктің нақты жұмысының маңыздылығын атап өтті.
«Президент өзінің Жолдауында Үкіметке шағын кәсіпкерлік субъектілерін ірілендіруді ынталандыру туралы тапсырма берді. Алматы мен жалпы ел экономикасы үшін бизнесті қолдау әрі іскерлік белсенділікті ынталандыру құралдарын жетілдіру маңызды. Индустриалды аймақтар, әсіресе шағын өнеркәсіптік парктер тиімді механизмге айналды. Мұнда кәсіпкерлер өндірісті өрістете отырып, үнемделген қаражатты айналымға жібере алады. Жұмысты жалғастырып, тәжірибені басқа өңірлерге тарату қажет», деп атап өтті О.Бектенов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған №97 мектеп-гимназиясында болды. Ғимарат бұрынғы апатты жағдайдағы мектептің орнына тұрғызылған. Ұлттық жоба аясында салынған алғашқы мектеп жаңа оқу жылының басында пайдалануға берілмек.
Бүгінде нысан 95%-ға дайын, онда әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олжас Бектенов құрылыс жұмыстарының сапасын бақылаудың маңызды екенін баса айтты.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Халықаралық білім беру корпорациясын аралау барысында нақты кәсіпорындармен ынтымақтастық орнату мәселесіне баса назар аударды. Жас ғылыми топтармен өзара іс-қимыл шаралары және олардың еңбектерінің нәтижелерін қала мен ел үшін маңызды салаларда қолдану мүмкіндіктері талқыланды.
Премьер-министрге 480 орынға арналған жаңа заманауи ҚазБСҚА мектебінің іске қосылуы, сондай-ақ 2025 жылы пайдалануға берілетін, 345 төсек-орынға арналған жатақхана құрылысының жоспары (2025 жылдың соңына дейін барлығы 12 мың төсек-орын, ал 2030 жылдың соңына дейін тағы 20 мың төсек-орын пайдалануға беру жоспарланған) туралы баяндалды.
Сонымен қатар сейсмикалық жағдайлар, қала зерттеулері мен дизайн зертханалары тексерілді. Үкімет басшысы бизнестің нақты міндеттерін шешуге бағытталған және коммерцияландыру әлеуеті бар қолданбалы жобаларды қолдауға және қаржыландыруға баса көңіл бөле отырып, Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның жұмысын қайта форматтау қажеттігіне назар аударды.
Зерттеулер және әзірлемелерді бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша 2024–2026 жылдарға арналған 181 ғылыми-техникалық тапсырма әзірленді. Алдағы 2 жылда жас ғалымдарға арналған гранттарға республикалық бюджеттен 18 млрд теңге бөлінетін болады. Сонымен қатар еңбек нарығында түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында кадрлар даярлау бағдарламаларын жетілдіру бойынша тапсырмалар берілді.