• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Денсаулық 13 Шілде, 2024

Ажалдан арашалаған онкологтер

148 рет
көрсетілді

Қатерлі ісік дертінен зардап шегетін науқастардың саны азаяр емес. Аты жаман дертке шалдығып, жыл сайын қаншама азамат үзіліп жатыр. Әйтсе де ауыр дертті арқалағандарға ақ халатты абзал жандар қолдан келгенше көмек көрсетеді.

Бірнеше күн бұрын жамбылдық онколог мамандар жағдайы күрт нашарлаған науқастың өмірі үшін күресті. Саналы ғұмырында балабақшада үздіксіз еңбек етіп, сүйікті жұмысына жіпсіз байланған 62 жастағы науқас бұрын-соңды медициналық көмекке жүгініп көр­мепті. Денсаулығын уақтылы тексерте алмағандықтан, бойын­дағы ісік алты келіге дейін өсіп кеткен.

Науқастың айтуынша, дәрігерлердің алдына баруға ешқандай себеп таппаған. Ғұмыр бойы денсаулығы сыр бермеген. Сондықтан ол дәрігерлерге қаралуды, көмекке жүгінуді жөн деп санамаған. Тек бойын дерт дендегеннен кейін ғана лажсыз медицина қызметкерлеріне қайырылуға мәжбүр болған.

Меркілік науқастың жағдайымен танысқаннан кейін облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында қатерлі ісікті жою бойынша бірегей операция жасалған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, науқастың бойындағы ісік қауіпті шекке дейін өсіп кеткен.

Осы жылдың көктем мезгілінде асқазанын әлдебір сырқат мазалай бастағанын сезген науқас дертіне дауа іздеу керектігін түсінген. Асқазан тұсы апта сайын үлкейе түскен. Жағдайдың ушыға бастағанын түсінсе де, ол бастапқыда ауруға баса мән бермепті. Уақыт өткен сайын ағзасының дерт дендеген бөлігі айтарлықтай ұлғайғанын байқаған. Салдарынан тыныс алуы қиындап, еркін қадам басуы мұңға айналған. Ақыр соңында тұмауға қарсы екпе алу ниетімен емханаға барған. Мамандар азаматтың денсаулығын толық тексерген кезде бауыр тұсында үлкен ісіктің пайда болғанын анықтапты.

«Егу пункттіндегі дәрігер бірден ішіме назар аударды. Сырқат белгілерін бірден байқаған болуы керек, шұғыл тексерілу керегін айтты. Егер вакциналау болмағанда, мен ешқашан дәрігердің алдына бармас едім», дейді науқас.

Облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының торакоабдоминальды хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, емдеуші дәрігер Ерасыл Араповтың айтуынша, жағдай айтарлықтай ушыққан. Науқас қайтуы қиын үдерістің бастапқы шегіне жеткен. Неоплазма іс жүзінде бүкіл бауырдың 70 пайызын алып, өт қабымен және жалпы бауыр артериясымен тығыз байланыста болған, ал алып ісіктің салмағы жоғарыда айтқанымыздай, 6 килограмға дейін жеткен екен.

«Онкологиялық орталықтың емханасындағы әріптес­терім осындай қиын науқас туралы айтқан кезде қол қусы­рып отырмай, бірден тексеруге бардым. Күрделі ота жасауға бірнеше себеп түрткі болды», дейді білікті маман жағ­дайды толыққанды түсіндіріп.

Е.Араповтың айтуынша, науқас күрделі операция жасауға еш қиналмастан келісім берген. Ол өзінің аты жаман ауруды жеңіп шығатынына 100 пайыз сенімді болған.

«Науқастың оптимистік көзқарасы шешуші рөл атқар­ғанын айта кеткен жөн. Ол өзінің диагнозын естігенде еш сасқан жоқ. Біз оның реакциясына таңғалдық. Науқас еш ойланбастан: «Жарайды, маған қажет дүниенің бәрін істеңіздер», деді. Ол кісінің осындай тәуекелге баруы жағ­дайды жеңілдетті», дейді дәрігер.

Білікті маманның айтуынша, мұндай ісікті толығымен алып тастаған абзал. Олай болмаған жағдайда ауыр сырқаттың қайталану қаупі жоғары болмақ. Ал операция кезінде жасалған кез келген сәтсіз қозғалыс қан кетуіне себепші болуы ықтимал. Бір сөзбен айтқанда, аса сақтықты қажет етеді. Басқа амал жоқ.

«Көпбейінді онкология және хирургия орталығының торакоабдоминальды онкохирургия мектебінің көпжыл­дық тәжірибесінің арқасында осындай күрделі әрі қауіпті отаны жасауға мүмкіндік туып отыр. Бәрі сәтімен аяқталғаны ­көңіл қуантады», дейді Е.Арапов.

Облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының директоры, облыстың бас онкологі Айбаз Әлихановтың айтуынша, былтыр емдеу мекемесі заманауи жабдықтармен толықтай жабдықталған екен. Енді өңірдегі және көршілес облыстардағы онкологиялық дертке шалдыққан науқастарды қолжетімді сәулелік терапия әдістерімен емдеуге толықтай мүмкіндік бар.

Жамбыл облысы