Дәрілік заттарды таңбалау – DataMatrix штрих-коды түрінде қолданылатын, өнімнің қаптамасынан көруге болатын препараттардың жеке белгісі. Таңбалау арқылы өнімнің түпнұсқалығын тексеріп қана қоймай, сонымен қатар оның өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолын қадағалауға болады.
Биыл 1 шілдеден бастап елімізде міндетті дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау (цифрлық) басталды. Осылайша, өндірілген дәрілік заттарды таңбалаудың бірінші кезеңі жүзеге асырылмақ.
Дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау фармакологиялық қадағалаудың тиімділігін арттыру, препараттардың сапасын бақылау, өндіріс кезеңінен бастап тұтынушыға дейінгі циклінің мониторингісі, заңсыз айналымға, оның ішінде жалған өнімге қарсы іс-қимыл мақсатында енгізіледі. Бұл жүйе дәрілік заттарды ұтымды пайдалануға және сатып алуды жоспарлауға, сондай-ақ пациентке бағдарланған толыққанды және сенімді дәрілік қамтамасыз етуді қалыптастыруға септігін тигізеді.
Жоғарыда аталғандай, таңбалау жүйесіне дәрілік заттардың айналымына қатысушылардың барлығы кіреді. Қажетті ақпараттық жүйелер кеденге кіруден бастап соңғы алушыға жеткізуге дейін біріктірілген. Аталған жобаның нәтижесі ретінде дәрілік заттардың, оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде заңсыз айналымының жолын кесу болмақ. Бұл өз кезегінде азаматтарымыздың қауіпсіздігіне оң әсер ететіні сөзсіз.
Гүлнара ҒАББАСОВА,Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Астана қаласы департаменті басшысының міндетін атқарушы