Алматыда Қазақстан мен Өзбекстан Премьер-министрлері Олжас Бектенов пен Абдулла Ариповтің төрағалығымен екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Үкіметаралық комиссияның 21-отырысы өтті.
Тараптар Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға ресми сапары қарсаңында екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты және екі мемлекет басшыларының уағдаластықтарын іске асыру қарқынын қарастырды. Атап айтқанда, сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетикалық ынтымақтастықты, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, экология және цифрландыру саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған жобалардың жай-күйі талқыланды.
Қазақстан мен Өзбекстанға Орталық Азиядағы барлық сауданың 57%-ы тиесілі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы $4,5 млрд құрады, 2024 жылдың 4 айында оның көлемі $1,2 млрд-тан асты.
Өнеркәсіптік кооперация 14,7 мыңнан астам жұмыс орнын аша отырып, $3,1 млрд сомасына 69 жобаны іске асыруды көздейді. Бүгінгі таңда $217 млн сомасына 12 бірлескен жоба сәтті жүзеге асырылып, 4,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Қазіргі уақытта $178 млн-ға 3 инвестициялық жоба іске асырылуда. Ірі жобалардың бірі – Тараз қаласындағы 500 мың тонна болат өнімін шығаратын электрометаллургия зауыты.
Қазақстанның Түркістан облысы мен Өзбекстанның Сырдария облысының аумақтарында ауданы 100 га болатын «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы құрылысының жобасын іске асыру бірлескен өндірістер үшін қосымша ынталандыру жағдайларын жасауға мүмкіндік береді.
Машина жасау саласында Қазақстан мен Өзбекстан жыл сайынғы негізде электротехникалық өнімдер мен аккумуляторларды өзара жеткізу көлемін ұлғайту бойынша ынтымақтастықты кеңейтетін болады.Жүк айналымын ұлғайтуға көлік саласындағы өзара байланыстарды кеңейту, теміржол инфрақұрылымын дамыту және «тар жерлерді» жою бойынша қабылданып жатқан шаралар ықпал етеді. Осыған байланысты тараптар «Дарбаза – Мақтаарал», Алматының айналма жолы, Достық стансасы жобаларын іске асыруға қызығушылық білдірді.
Су саласының екі елдің тыныс-тіршілігіне әсерін ескере отырып, ынтымақтастықты одан әрі нығайту құралдары пысықталды. Атап айтқанда, екі мемлекет аумағындағы су тарату учаскелерін цифрландыру және автоматтандыру бойынша бірлескен қадамдар қаралды.
«Өзбекстан – біз үшін тату көрші, одақтас әрі бауырлас мемлекет. Біздің үкіметтеріміздің алдына екі елдің Мемлекет басшылары ортамерзімді перспективада өзара тауар айналымын $10 млрд-қа дейін жеткізу бойынша ауқымды міндет қойды. Бұл бағытта біз агроөнеркәсіп кешені мен азық-түлік өнеркәсібінде сауданы ұлғайтуға, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация деңгейін арттыруға мүдделіміз», деді Олжас Бектенов.
Өз кезегінде Абдулла Арипов Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас кейінгі жылдары стратегиялық әріптестік пен одақтастық негізде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ аталған қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін зор әлеует бар.
«Барлық салада оң өсім байқалады. Бұл біздің бауырлас халқымыздың мүдделеріне толық сай келеді. Мұндай жоғары деңгейдегі әріптестіктің маңызды факторы – екі мемлекет басшылары арасындағы достық пен сенімді қарым-қатынас екені сөзсіз. Бүгінгі кездесу мен қол жеткізілген уағдаластықтар біздің ынтымақтастығымызға қосымша серпін беретініне сенімдімін», деді Абдулла Арипов.
Отырыс қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Үкіметаралық комиссияның 21-отырысының хаттамасына қол қойылды.
Айта кетейік, Қазақстан мен Өзбекстанның тауар айналымы 5 жылда 29,5%-ға өсіп, $4,4 млрд-ты құрады. Отандық тауарлардың экспорты 56,9%-ға – $2 млрд-тан $3,1 млрд-қа дейін өсті. Осы кезеңде импорт 9,1%-ға азайып, 2023 жылы $1,3 млрд-ты құрады.
Ресми кездесуден кейін Қазақстан Үкімет басшысы Олжас Бектенов пен Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов Қаладағы қоғамдық көлікті диспетчерлік басқару орталығына барды.
Алматы қаласы көлік холдингінің өкілі Садир Хамраев ONAY электронды билет сату жүйесін таныстырды. Бүгінде мегаполис пен агломерация халқы 3 млн-нан асады, оның ішінде 1,7 млн жолаушы қоғамдық көлікпен жылына шамамен 444 млн рет қатынайды. 3 507 аялдама, 222 бұрылыс алаңы цифрландырылды. Диспетчерлер 3 мыңнан астам автобус пен троллейбустың жұмысын тәулік бойы қамтамасыз етеді.
Қоғамдық көлікте қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін енгізу тасымалдаушылардың кірісін көлеңкелі экономикадан шығаруға мүмкіндік берді. 2016 жылы жол жүру ақысына электронды төлем жасау жүйесі енгізілгелі бері жолаушылар тасымалы нарығының көлемі 3,2 есеге дейін – 31,8 млрд теңгеге артты.
Айта кету керек, Алматы тұрғындарының әлеуметтік картасын әзірлеу жобасы аясында 15 дербестендірілген карта түрі арқылы жеңілдікпен жол жүру құқығы бар азаматтардың санаттары цифрландырылды.
Сонымен қатар қоғамдық көліктің орташа пайдалану мерзімін 2016 жылғы 13 жылдан 2023 жылдан бастап 3 жылға дейін қысқарту және жылжымалы құрамды жаңарту бойынша Қазақстан тәжірибесі ұсынылды. Бұл ретте жылжымалы құрамның саны артып келеді. Биыл орташа пайдалану мерзімі 2,5 жылдан аспайтын автобустар санын 4 мың бірлікке дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына назар аударылды. Метро стансалары мен аялдамалардағы бейнекамералардың жазбаларын көруге болатын Алматы қаласының бірыңғай бейнебақылау жүйесі таныстырылды.
Жұмыс сапары барысында тараптар биыл наурыз айында ашылған «Yandex Qazaqstan» компаниясының жаңа кеңсесіне барды. Бұл – бүгінде «Яндекстің» Орталық Азиядағы ең үлкен кеңсесі. Кәсіпорын белсенді түрде локализациялануда. Қазіргі уақытта Қазақстанда 750-ден астам қызметкер жұмыс істейді.
Үкімет басшыларына қазақстандық пайдаланушылар мен бизнес-сектордың қажеттіліктеріне сәйкес бейімделген іздеу жүйелері, карталар, көлік сервистері секілді қызмет түрлері таныстырылды. «Yandex» халықаралық IT-компаниясы жиынтықты технологияларға, қазақ тілінде сөйлеу синтезіне, интернеттен ақпарат іздеу мен жасанды интеллектіні дамытуға инвестиция салады. Сондай-ақ «Алисамен» қазақ тіліндегі интерактивті әңгіме таныстырылды.
Қазақ тілінде қойылған сұрақтардың 68%-ы білім беру мәселесіне бағытталғаны атап өтілді. Осыған байланысты былтыр Қазақстан жастарына қолжетімді болуы үшін 15 млн мақала мемлекеттік тілге аударылды.Бұған қоса таксидегі баға алгоритміне ерекше назар аударылды.
«Lumiere Hall» жаңа медиа саласындағы мәдени-білім беру орталығының мысалында креативті индустрияны дамыту мәселесі талқыланды. Мультимедиялық музей – ғылым, технология және өнер салаларының тоғысқан жобасы.
«Lumiere Hall» мультимедиялық музейінің құрылтайшысы Полина Егармин көрмеде сирек кездесетін картиналар, соның ішінде Сальвадор Далидің түпнұсқадағы жұмыстары, сондай-ақ музейдің басқа да білім беретін және мәдени бастамалары, келушілерге тиісті атмосфера құрып, өнер әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік беретін технологиялар көпшілікке ұсынылғанын айтты. Музей экспонаттарын цифрландыру мәдени мұраны жұртшылыққа барынша қолжетімді етеді.