Осыдан бес жыл бұрын халықаралық «Аrt Basel Miami» атты суретшілер жәрмеңкесінде 120 мың долларға бағаланған Маурицио Кетталанның жаңа «өнер туындысы» көрерменге жол тартты. Әйгілі Эдвард Мунктің «Айқайынан» да қымбатқа түскен бұл шығарма –скотчпен қабырғаға жапсырылған кәдімгі банан болды. Біздің қоғамда да өзінің құнынан әлдеқайда жоғары бағаланып жатқан қаншама «өнер туындылары» бар десеңізші. Әсіресе ән мәтініндегі әттеген-айлар...
Мәселен, қазақ эстрадасында белең алып жатқан үлгісі нашар үрдістердің бірі – жаппай сөз ойнату. Бұл науқасқа әуелі айтыскерлер қатты шалдығып еді. Өлеңнің соңғы екі тармағын ішкі ұйқасқа түсіріп алып, шумақты шұбырта береді. Кейін осы ақындар әнге сөз жазуға кірісіп, ол жақтың да тұнығын лайлады. Ой таяздығын балталаса мұрты бұзылмайтын ұйқаспен жасыру әдісін айтыстан әнге әкеліп құртты.
Осы тектес әндерде лирикадан гөрі кейіпкерлердің ішкі полемикасы жиі бой көтереді. Қыз бен жігіттің нәзік махаббатынан гөрі, қара дүрсін сөз қағысы басым. Қызды алып қашып, келін қылу, ауылдың қаладан жақсырақ екенін дәлелдеу, қалың мал сияқты тақырыптарға құрылған әндер махаббаттың мүбәрак мүсінін айғыздайтындай көрінеді. Жақында сөзін айтыскер Қайнар Алагөзов, әуенін танымал әнші Әділет Жауғашар жазған «Маһір» деген ән жарыққа шықты. Онда да жоғарыдағы белгілерді байқауға болады.
Жаным мәһір, мәһір деп,Аһ ұрасың ақым деп. Көнейін саған.Еркелетіп күнбе күн,Қырдың қызыл гүлдерін терейін саған.
Енді қалай сыр ашам,Ертегіңді құрасаң,Джет самолет сұрасаң, не дейін саған?
Кезінде Маңғыстауда сөз-шалық болған ақынсымақ Қашаған жыраудың батасын аламын деп қиылып қоймай, билердің алдында әңгіленіп «әнін» айтыпты. Онымен қоймай «батаңды берсең жылдам бер» деп бейәдептік танытады. Сонда адайдың Мәтжан Тілеумағамбетұлы деген ұлық биі ақылсыз өлеңіңнің ақысы деп «ақынды» қамшының астына алады. Міне, өлеңнің алдындағы жауапкершілік! Қазір заман басқа. Үрегейлердің үнін өшіріп, дүрегейлерге дүре соғып жүрген ешкім жоқ. Әйтсе де өнер туындыларын сахнаға шығармас бұрын сынның сиратынан өткізіп алу қажет-ақ.
Айтпақшы, жоғарыда айтқан Маурицио Кетталанның бананы ел назарына ұсынылғаннан кейін, мынадай қызық әрі күлкілі жағдай болады. Но Хен Су атты Корей университетінің студенті көрушілер тарқағаннан кейін «өнер туындысын» жеп қояды. Кейін тентек бала бананның қабығын қайтадан орнына жапсырып кетеді. Студент бұл әрекетін түскі асты ішпей шығып, қарны әбден ашып қалғанымен түсіндірген. Осылайша, 120 мың долларға бағаланған «өнер туындысы» жанның емес, тәннің азығы болып кете барған.