Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет кәсіпкерлерді ұлының оқу ақысын төлеуге мәжбүрлеген облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп жазады Egemen.kz.
Агенттіктің аймақтағы баспасөз қызметі мәлімдегендей, басқарма басшысы өкілетті лауазымын асыра пайдалану дерегі бойынша күдікке ілінген.
«Ол ұлының оқуына ақы төлеу қажеттілігі және дизельді отынмен қамтамасыз ету туралы бизнес өкілдеріне заңсыз нұсқаулар беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін күдікке ілінді. Сонымен қатар шенеунік өңір кәсіпорындарының сұйытылған газдың тиісті көлемін алу құқығын шектеу арқылы заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтірді деген күдік бар», делінген хабарламада.
Күдікті қамауға алынып, іс прокурорға жолданды.