Шығыс тақырыбы – қойнын қазса кені таусылмас кемел тақырып. Өткен ғасырда шығыс-мұсылман әдебиеті егжей-тегжей зерттеле қоймағанымен, тәуелсіздік жылдары жұмбақ мүйіске дендей енушілер артып келеді.
Шығыстанушы, аудармашы, жазушы Айнаш Қасымның «Зүмірет» кітабы жарық көріп отыр. Жинақ «Шығыстың шынарлары», «Наурыз нақыштары», «Сұхбаттар сапы», «Әңгімелер әлемі» атты төрт бөлімнен тұрады. «Асыл кітап» баспасынан шыққан кітапта төл тілімізге тұңғыш аударылып, рухани кеңістігімізді байытқан құнды дүниелер бар. Кітаптың алғысөзінде ақын, жазушы Ұларбек Дәлейұлы байыпты пікірімен бөліседі.
– Айнаштың кез келген шығармасын, сұхбаттарын, мақалаларын бір-бірінен бөле қарауға келмейді. Тұтас дүниенің бір шетіне түссеңіз, екінші шетіне шыққанша, өзіңіз де айналсоқтап жүріп қаласыз. Өйткені қанша шет-жағасын білеміз десек те, бізге бәрібір жұмбақ та байтақ әлем екені сезіліп қалатын ежелгі Шығыс әдебиетінің соншама ғасырлық сорабының шегіне жету мүмкін емес. Осы тұрғыдан келгенде сізге Айнаш шығармалары жол нұсқайды. Ғаламдық өркениетте айтарлықтай орны бар парсы мәдениетінің қыр-сырын Айнаштай меңгерген қаламгер бізде көп емес, –дейді Ұларбек Дәлейұлы.
Әйгілі Гёте «олардың ең осалы менен мықты» деп тамсана таңдай қаққан парсы шайырларын түпнұсқадан аудару ісі – ұлт әдебиетіне қосылған орасан зор үлес. Айнаш Қасым ежелгі шайырлар мен қатар жиырмасыншы ғасырдағы Иран ақындарын қазақ тіліне аударуда елеулі еңбек етіп келеді. Нима Юшидж, Сохраб Сепехри, Ферух Феризат, Ахмет Шамлу сынды жаңа тынысты парсы ақындарының өмірі мен шығармашылығы ғалымның қаламымен кестелі көрініс тапқан. Жинақта «Фирдоуси – ақылды асқақ тұтқан ақын», «Омар Хайям рубаиларындағы шараптың шындығы» секілді астарға бай мақалалар оқырманның талғамын өсіреді. Сонымен қатар Моуләви, Сағди, Хафиз, Парвин сынды заманалар көшіне із салған дүлдүлдердің ғұмырына қанығуға болады. Автор нені жазса да ұлттың диірменіне салып, қазақ ақындарымен салыстырып, өлшеп отырады.
– Айнаштың зерттеу тақырыбынан бөлек, оқырманды өзіне жақындатар тағы бір қыры – жазушылығы. Сөз басында «Айнаштың кез келген шығармасын, сұхбаттарын, мақалаларын бір-бірінен бөле қарауға келмейді» дегенім сондықтан. Адам пендесінің, оның ішінде жазумен «ауыратын» жандардың жақсылыққа асығатыны сияқты, жақсы дүниелерді оқуға да асығатыны бар. «Құран дарбазасына» үңілсеңіз де, «Ноғайдың қызын» оқысаңыз да, кездесетініңіз – сол бір сызық бойындағы, бірақ әртүрлі бояудағы қым-қиғаш, күрделі әлем. Барлық шығармасын бір көгенге тізіп, шетінен көрсету – мақсат емес. Оны ойлы оқырман өзі-ақ жіктеп, санамалап алады. Біздің айтпағымыз, «Зүмірет» – қазақ қоғамына аса қажет һәм қымбат кітап,–дейді Ұларбек Дәлейұлы.
Наурызнама – ұлтымыз үшін бағалы тақырып. Тамырын тереңнен алған көне мейрам – еліміздің төбеге ұстар мерекелерінің бірі. Жинақта Наурыз жөнінде пайымды пікірлер мен мазмұнды мәліметтер қамтылған. Сонау Омар Хайямнан бастап, көптеген ойшылдар ат салысқан айдарлы тақырып жаңа қырынан көрініс табады.
Айта кетейік, автордың бұған дейін «Абай және парсы әдебиеті» жинағы, Иранның жаңа дәуір әдебиетіндегі көрнекті жазушылардың әртүрлі тақырыпты қамтыған «Іңкәрлік» кітабы жарық көрген. Сонымен қатар парсы тілінен балалар мен жасөспірімдерге арналған Фарид-ед-дин Әттардың «Әулиелер шежіресі», Мұхаммед ибн Жәрир Тәбәридің «Тәбәри тарихы», Мохсен Хеджридің «Жарық жұлдыз», т.б. шығармалар төл тілімізде аударылып шықты.