13 шілдеде Мадридте әнші Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлерінің кездесуі өтті. Іс-шара Ұлттық домбыра күніне арналып, Испанияның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Германия мен Швейцариядан келген жанкүйерлердің басын қосқан, деп хабарлайды Egemen.kz dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараға Қазақстанның Испаниядағы елшілігінің өкілдері, атап айтқанда, елші Данат Мұсаев, бірінші хатшы Қуаныш Әбпасов, Мәдениет және туризм басқармасының басшысы Райымбек Тоқтаубаев қатысқан.
Испандық жанкүйерлерге қазақ тілінен онлайн сабақ беріп жүрген профессор Санду Тоқтаубаева да қатысушылардың ыстық ықыласына бөленген.
Домбыра күнін атап өту үшін Қазақстан елшілігі мерекелік концерт ұйымдастырған. Онда балалар дәстүрлі аспапта әр түрлі шығармаларды орындаған. Алинұр мен Әлихан Амангелді және Дәулет Исмаилов өз өнерлерін ортаға салып, қазақ музыкасының рухын жеткізді.
Испаниядағы қазақ диаспорасының өкілі Гүлнәр Гүлча қонақтарды қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татқызып, ұлттық нақыштағы киімдерін таныстырған.
Сонымен қатар іс-шараға Димашқа арналған туындыларын ұсынған фан-арт суретшісі Хосе Бусон, Baqytty Bala 2023 жеңімпазы Люсия Касани және La Voz Kids 2023 финалисі Жален Али сынды арнайы қонақтар қатысқан.
Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлерінің Мадридтегі кездесуі тек музыка мерекесі ғана емес, мәдениеттер бірлігінің символына айналды десек те болады.