Үстірттің солтүстігі мен Каспий маңы ойпатының шектескен жерінде, Ақтөбе облысының Байғанин ауданы мен Атырау облысының Жылыой ауданы аумағында әйгілі Доңызтау созылып жатыр. Оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай менмұндалаған таудың ұзындығы 90 шақырым, ені 20 шақырым болса, ең жоғарғы биігі 215 метрге жетеді. Доңызтаудың бойын есте жоқ ескі заманнан бері ел жайлаған. Доңызтаудың жұрты төменге көп түспейтін.
Таудың етегі ертеде жер астынан атқылап жатқан сансыз бұлақтарға толы болған. Төбедегі Қайнар, Тасастау, Тасқабақ ауылдарының ескі жұртында қоржын үйлер, шаруашылық құрылыстар, тас құдықтар, мешіт-медресе орындары жақсы сақталған. Үстірттің бергі басы қазақ ауылдары болса, арғы басы – Хиуа мен Хорезмге қарай құлайтын сансыз соқпақтар. Соның ең ірісі – Самның сүрлеуі. Оны Сырым батыр жаудан қорғануға, әскерін тынықтыруға жақсы пайдаланыпты. Үстірт екі жүз жыл бұрын қазақ батырларының қорғанысы болды. Арал теңізінің арғы бетіндегі жұртпен қарым-қатынастың жақсы жолға қойылғандығының бір белгісі – Доңызтау бойындағы ауылдарда мешіт-медреселер жүйесі жақсы дамыды. Бұл жақта балалардың сауатын ашқан ұстаздардың дені – Хиуа медресесінде оқығандар. Үстірт бойының жұрты кеңес өкіметін ашық мойындамады. Содан болар, 1950 жылдардың ортасында Доңызтаудың төбесіне әскери ұшақтар орналастырылады деген саясатпен ауыл тұрғындарын түгел ойға түсіріп, жаңадан құрылған «Оймауыт» пен «Диар» кеңшарына қоныстандырды. Байғанин ауданында жерасты сынақтары өтіп жатты. Үстірт құлазыды, тау етегіндегі бұлақ көздері де жабылды. Әскери полигонға айналған атажұртқа содан қайтып ешкім оралған жоқ. Білімді адамдары көп шыққан қасиетті қоныс бір ғасыр бойы ішкі сырын жасырған өлі мекенге айналды.
Археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали Үстірт бойында төңкеріске дейінгі қазақ қыстаулары жақсы сақталған дейді. Бір-бірімен жалғасқан Қайнар, Тасастау, Тасқабақта әлі күнге дейін төбесі қамыспен жабылып, лаймен бастырылған, қам кірпіштен тұрғызылған қоржын үйлер де, тас үйлер де кездеседі. Көше бойында адам белінен келетін, беттерін мүк басқан тас құдықтар тұр.
Қазақ ишандар институтының ірі өкілі, терең білім иесі Жұмағали Оразалыұлы 1892 жылы атақонысы Тасқабақта мешіт ашты. Бұл – саз бен балшық араластыра иленген, шикі кірпішпен қаланған, төрт бұрышты, екі үлкен бөлмелі қазақы мешіт. Осы жазда жергілікті археологтер қазба жұмыстарын жүргізу кезінде Құран кітабының парақтарын, мыстан жасалған ат үзеңгісін тапты. Мешіттің сыртында, күншығыс бетінде Жұмағали ишан мен оның әйелі Ұммагүлсім жерленген. Ақтөбе облыстық ескерткіштерді зерттеу, қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратовтың айтуынша, археологтер мешіттің іргетасын ашқан соң, құлап жатқан құрылысты одан әрі қозғамау туралы ұйғарымға келіпті. «Төбесі құласа да, қабырғалары түгел жойылмаған. Бір жақ бетінде қабырғасы үш терезе орнымен жақсы сақталған, михрабы да тұр. 30-жылдары Жұмағали ахунның баласы Жиенғали ұсталған соң мешіт қараусыз қалды. Кейін кеңшардың мал қамайтын қорасына айналды. Жұмағали ишанның әулеті кеңес өкіметінің зорлығын көп көрді», дейді ол.
Орынбор діни басқармасына тәуелсіз, дербес қазақ мүфтиятын ашу туралы мәселе көтерген, қазақ балаларын сауаттандыру жолында қазақ медресесі жүйесін қалыптастырған Досжан ишан Қашақұлы мен (1815-1896ж.) Жұмағалиды тағдыр байланыстырды. Жұмағали 1860 жылы Доңызтауда Оразалы ишанның шаңырағында дүниеге келген. Оразалы 11-12 жастағы зерек ұлын Мысырдағы «Әл-Азһар» медресесіне оқуға түсіреді. Кей деректе Мысырға барар алдында Уфадағы «Ғалия» медресесінде де оқыған дейді. Сол заманда исламның ең беделді оқу орны «Әл-Азһарға» көп адамның қолы жете бермеген. Зейінді баласының оқуына бар қаражатын аямаған әке аяқастынан дүниеден озып, ұлы жат жерде көп қиыншылық көрген. Мысырда жалғыз қалған жас баланың жағдайына алаңдаған бір ұстазы «Аса қабілетті түрік баласы қаржы жетіспеушілігінен оқуын үзіп алатын түрі бар. Соған көмектесіп, сауабын алатын жан табылар ма екен?» деп таныстарына хат та жазыпты. Осы хабарды естіген бір ауқатты араб Жұмағалиға жолығып, оқу ақысын төлеуге келіседі. Бірақ Жұмағали оқуын аяқтаған бойы Мысыр қаласының түбіндегі әлгі байдың аулына барып бала оқытуға тиіс. 1874 жылы Меккеге қажылық сапармен келген Досжан Қашақұлы Жұмағалидың жағдайын естіп, баламен кеңесіп, оқу ақысын төлеген араб ауқаттысына қарызын қайтарып берген. Жас ұстаз Досжан ишанның Темір уезінде салып жатқан медресесіне оқытушылыққа келді. Осы кезден бастап білімді жастың өмір жолы Досжан ғұламамен байланысты болды. Жұмағали Досжан ишанның қызы Ұммагүлсімге үйленген. Араб, орыс, француз, түрік тілдерін жетік меңгерген жас ұстаз Шилісу медресесін басқарған жылдары адалдығымен, сауаттылығымен, еңбекқорлығымен көзге түскен.
Шилісу бойында Бірмән Көшімқұлұлы салған Досжан ишанның «желкенді» мешіті жанындағы медреседе сол төңіректегі ауылдардың балалары оқиды. Сабақ уақыты ерте көктемнен басталып, қыс түскенше жалғасқан. Қаңтар, ақпан айларында балалар ауылдарына кетеді. Медреседе оқу тегін, бірақ жылдап жатып оқитын балаларының азығы үшін әкелері қой, жылқы, түйе әкеп тастайтын. Медресе жанында шаруашылық ұйымдастырылып, балалар мал күтімін өздері қолға алады. Оқу ақысын төлеуге жағдайы жоқ отбасылардың балалары тегін оқып, жатақхана құжыраларында тегін жатып, тегін тамақтанған. Оқу жылы тым ұзақ. Мыңдаған шәкіртті ас-судан тарықтырмас үшін Досжан ишан арпа, бидай, тары өсіріп, қысқы азық қорын ұраға жинатады. Шилісу бойына алма, алша, шие, жүзім ағаштары егіліп, қайың, терек, қарағай көшеттері отырғызылады. Тіпті тәжірибе ретінде күріш пен шай да егіледі. Бұл туралы Әбубәкір Кердерінің өлеңінде жазылған. Балалар осылайша еңбек сабағында бағбандық кәсіпті меңгереді. Досжан бағының алмаларын Орынбордан күзде көпестер келіп, көтерме бағамен сатып алатынын зерттеуші марқұм Ғалым Ахмедов мұрағат деректерінен тапқан. Бау-бақша өнімдерін сатудан түскен қаржы оқушылардың киімі мен оқу құралдарына жұмсалған. 1874 жылдан 1892 жылға дейін Шилісу мешітінде бас имам қызметін атқарған Жұмағали оқытушылықпен қатар шаруашылық жұмыстарын да жақсы ұйымдастыра білді. Әрі менеджер, әрі білімді ұстаздың туған аулына келуін ағалары қалайды. Оразалы ишанның туыстары 1892 жылы Досжан ишанның аулына келіп рұқсат сұрап, Жұмағалиды отбасымен Тасқабаққа көшіріп алып кетеді. Атақонысына оралған ұстаз бұл жерде де мешіт-медресе салуды қолға алды. Ағайындардың қолдауымен Тасқабақтың шетінде екі үлкен бөлмелі мешіт тұрғызылды. Жұмағали Тасқабақпен шектеліп қалмай, сол кездегі қазақ оқығандарымен тікелей байланыста болып, Ресейдің күштеп шоқындыру саясатына ашық қарсы тұрған. Сол заманда ІІ Мемлекеттік Думада аз халықтардың жерін, тілін сақтау, ұлт тілінде оқыту мәселелері күн тәртібінде көтерілгенде, Жұмағали да қалыс қалмады. Санкт- Петербургке бірнеше рет қатынап, қазақ оқығандарының патшаның бұратана халықтарды христиан дініне енгізу туралы астыртын саясатына қарсы петиция ұйымдастыруға араласты. Бір сапарында оған «панисламист, пантюркист» деген айып тағылып, абақтыға да жабылады. 1904 жылы Санкт-Петербургтен келе жатқан жолда қатты ауырып қайтыс болған. Ол құрылысы басталған «Орынбор – Ташкент» теміржолының қазақ жерін көктей өтуіне қарсы болған. Теміржол рельстерінің астына елсіздегі балбал тастар, құлпытастар қаланып жатты. Тағылық әрекетті тоқтатуды талап етіп, Ресейден келе жатқанда өмірі үзілді. Өкініштісі, білімді азаматтың араласқан ортасы, жазған хаттары, қолжазбалары табылған жоқ. ІІ Мемлекеттік Думаның аз ұлттар мәселелері жөніндегі комитетінің жұмысына араласып, шоқындыру саясатына қарсы жазылған хаттары Ресей мұрағатында сақталуы мүмкін.
Қазақ медреселер жүйесін бірізділікке салумен қатар, оқыту жүйесін, әдістемесін өзгертуге атсалысқан ұлтжанды тұлғаның жазбалары терең зерттеуді қажет етеді. ХІХ ғасырдың соңында қазақ медреселерін бітіргендердің құқықтық сауаттары жоғары болған әрі олар шығыс тілдерін жетік меңгерген. Ұлтжанды ұстаздардан тәлім алған жастар кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында елге аянбай қызмет етті, шаруашылық ұйымдастыру ісіне араласты. Досжан ишан медресесі шәкірттердің арасынан жер, дін, тіл, шаруашылық ісін жақсы білген, талауға түскен елінің мүддесі үшін күрескендер көп шықты. Сол заманда Темір уезінен ІІ Мемлекеттік Думаға Алпысбай Қалменұлы депутаттыққа өтті. Бірнеше тіл білген ғалым Құдайберген Жұбановты оқытқан ұстаздар да осы Досжан ишан медресесінің түлектері еді. Түйіндеп айтар болсақ, ел тарихындағы ақтаңдақтардың бірі – қазақ медреселеріндегі білім беру жүйесі, оқытушылық дәстүрі, әдістемесі терең зерттеуді қажет етеді. Бір анығы, дәстүрлі қазақ білімінің бастауында қазақ медреселері тұр.
Ақтөбе облысы