Қазақстан Орталық Азиядағы «Google for Startups» жаһандық компаниясымен бірге акселератор жүргізетін алғашқы және жалғыз мемлекет мәртебесінде қала бермек. Биылғы «Silkway Accelerator 2024» бағдарламасына 238 стартап қатысуға ниет білдірген еді. Солардың 15-і ғана «Astana Hub» пен «Google for Startups-тың Silkway Accelerator» атты бірлескен бағдарламасының соңғы кезеңіне өтті. Жобаларды Орталық Азия елдерінің білікті сарапшылары мен «Google for Startups» өкілдерінен тұратын арнайы комиссия іріктеді.
Үздіктер қатарында: Қазақстанның «ab.ai», «Alaqan», «Beksar», «biny.co», «Car Parking Multiplayer», «CheckDoc», «Courstore», «Grand Mobile», «kook», «Prometei мен WeGlobal.a», Өзбекстанның «Al Chiroq пен UYSOT» жобалары, Қырғызстанның «Neobis», сондай-ақ Моңғолияның «Lambda Global» стартабы бар. Айта кетейік, аталған бағдарлама Орталық Азия елдерінен, Әзербайжаннан, Грузиядан, сондай-ақ Моңғолиядан келген стартаптарға ғана қолжетімді.
Жүзден жүйрік деп танылған стартаптар өз жобаларын таныстырып, алдағы жоспарларын талқылаған дәстүрлі «Opening Day» іс-шарасына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, «Google for Startups» сарапшылары Асқар Айтуов пен Ольга Скороходова, бағдарламаның жетекші трекері Дмитрий Безносюк, сондай-ақ еліміздің IT-қауымдастық өкілдері қатысты.
«Қазақстанға, кәсіпкерлер мен стартаптарға арналған мұндай ауқымды әрі маңызды бастама үшін серіктестеріміз бен «Google for Startups «компаниясына алғыс айтқым келеді. Бағдарламаның жетістіктері баршылық. Атап айтсақ, 1300-ден астам жедел іске қосылған жоба, $400 миллионнан астам сомаға бағаланған 50-ге жуық стартап, сондай-ақ қатысушылар тартқан $26 миллион көлеміндегі ортақ инвестиция. Бұл – аталған бағдарламаның ауыз толтырып айтарлықтай үлкен нәтижесі әрі бастамасы ғана. Министрлік тарапынан мұндай жобаларға қолдау көрсетіп, ұйымдастыруға қажетті барлық инфрақұрылымды қамтамасыз етуге ұмтыламыз», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Жаңа лектің ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Google» компаниясының Орталық Азия және Закавказьедегі үкіметпен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Ольга Скороходованың айтуынша, «Astana Hub» және «Google for Startups» бірлескен бағдарламасы «Silkway Accelerator» Орталық Азияда өткізілетін жобалар арасында көшбасшы болып қала бермек.
«Бүгінгі технологияны әрбіріміз бетпе-бет келетін әлеуметтік әрі экономикалық мәселелерді шешуде пайдалану керек деп санаймыз. «Astana Hub»-тағы әріптестерімізге серіктестік үшін шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Қазақстан Орталық Азияда цифрлық технологиялар саласында көш бастауға қажетті артықшылыққа ие екеніне күмәніміз жоқ. Сондықтан жаһандық компания ретінде өңірде технологиялық инновацияларды енгізіп жатырмыз», деді Ольга Скороходова.
Айта кетейік, «Silkway Accelerator» барысында стартаптың екі қатысушысына тұрғын үй, халықаралық қатысушылар үшін визалық қолдау, сондай-ақ «Google for Startups» пен «Astana Hub»-тан оқыту мен тәлімгерлік қамтылған. Оқыту Астана қаласында офлайн форматта өтеді. Технологиялық жобалар 3 ай бойы Google-дың үздік сарапшылары өткізетін шеберлік сағаттар мен тәлімгерлікке тегін қол жеткізе алады. Қатысушылар тиімді бизнес-үдерістерді меңгереді, масштабтауды, серіктестік байланыстарды орнатуды, сондай-ақ инвестиция тартуды үйренеді.
Еске салсақ, Қазақстан – Орталық Азиядағы «Google for Startups» жаһандық компаниясымен бірге акселератор жүргізетін бірінші және жалғыз мемлекет. «Silkway Accelerator» бірлескен бағдарламасының тиімділігі мен өнімділігін ескере отырып, Google for Startups Astana Hub-пен серіктестігін жалғастыра береді. «Google for Startups» – 2011 жылы Google корпорациясы іске қосқан стартап бағдарламасы. Ол 125 елдегі 50-ден астам коворкинг пен акселератордан тұрады және технологиялық кәсіпкерлер үшін практикалық сабақтар ұсынады.