• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 17 Шілде, 2024

Мал шаруашылығына геномдық технология қажет

242 рет
көрсетілді

Халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мал шаруашылығымен сабақтасып жатыр. Шаруашылықтың бұл түрі бойынша бәсекеге қабілетті елдердің қатарында болу экономикалық тұрғыдан өте маңызды. Кейінгі жылдары озық технологиялар жетістіктері мал селекциясында айтарлықтай революция жасады. Солардың бірегейі – геномдық технология. Әлемдік тәжірибеде геномдық технология – мал тұқымын асылдандыруда қолданылатын заманауи озық әдіс.

Геномдық технология шаруа­шы­­­лық­қа пайдалы белгілері жақсы дамы­ған мал­­ды ерте жастан, яғни төл­деген кезден бастап іріктеп алуға мүмкіндік береді. Осы бағытта тұқымдық құнды­лығы жоғары малды генетикалық әдіс­пен іріктеу «геномдық селекция» деген ұғымды қалыптастырды. Осы әдіс отан­дық мал асылдандыру жұмыс­тары­ның се­лек­циялық тәжірибесінде іс жүзінде қол­даныс тапты ма деген сауал туындайды.

Ауыл шаруашылығы ғылымы сала­сын­дағы «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институты» заманға сай геномдық зерттеу бойынша халықаралық деңгей­де ізденіс жүргізіп жатыр. Кейінгі үш жылда институттың «молекулярлық генетикалық ізденістер» зертханасында 6 000 бастан астам отандық қойдың түрлі тұқымы, 900 бастан астам елде өсіріліп жатқан ірі қара мал, 3 000 бастан аса отандық жылқы, 900 бас түйе қамтылған толық геномдық SNP-генотиптеу жұмыстары атқарылды. Әлемдік тәжірибеде геномдық технология негізінен 3 бағытта өрбиді. Шаруашылық тарапынан сұранысқа ие әрі күнделікті тәжірибеде кеңінен қолданылатын бағыты, ол – малдың генетикалық сипатын анықтайтын, яғни шығу тегін растайтын қарапайым тәсіл – STR-әдісі. Екіншісі – малдың шаруашылыққа пайдалы белгілерімен тығыз байланысты анықтайтын геном локустарын зерттейтін SNP-генотиптеу әдісі. Үшіншісі – моногенді рецессивті ауру­лар және төлдің өлі тууына әкеле­тін гаплотиптерді тасымалдаушы гено­типтерді анықтайтын әдістер.

Геномдық ізденістер бойынша ең толық зерттелгені және кең қолда­ныс тапқан саласы – ірі қара мал шаруа­шы­­лығы, әсіресе оның ішінде сүтті сиыр малы. Ең аз зерттелгені – түйе ша­руа­шы­лығы. Сұраныс аз болғандықтан, өнімді бағыттағы жылқы мен қой тұқымы да геном­дық тұрғыдан толық қамтыл­маған. Осы орайда малдың, оның ішінде жыл­қы, қой және түйе тұқымының генетикасын зерттеу институт үшін өзекті мәселе.

Елімізде алғаш рет малдың жаңа тұқымы «Адай» жылқысын апробациядан өткізу барысында геномдық технология негізінде 1 500 бас жылқының тектік сипаты жасалды. Халықаралық жануарлар генетикасы қоғамы «ISAG» ұсынған 17 STR-маркерлері негізінде генотиптеу жүргізіліп, бұл зерттеулер Адай жылқысының генетикалық құрылымын сипаттауға және аталық іздердің шығу тегі бойынша шежіресін құруға, әр жылқының генетикалық төлқұжатын дайындауға мүмкіндік берді. Халықтық селекция нәтижесінде қалыптасқан Адай жылқысының генетикалық тұрғыдан «тұқым» ретінде ерекшелігі ғылыми танылып, жаңа тұқымға патент алынды.

Геномдық ізденістің жетістігі ретінде отандық 60 бас жылқыға алғаш рет жасал­ған толық геномдық секвенсті атасақ болады. Ғылыми тұрғыдан толық геном­дық секвенс отандық мал тұқымы үшін ша­руашылыққа пайдалы белгілер, әсіре­се өнім беру қабілеті және қоршаған ортаға төзімділігі сияқты қасиеттерге жауапты кандидат-гендерді тауып, отандық селекция бойынша арнайы генетикалық маркерлер жиынтығын қалыптастыруға бағытталған.

Әрине, геномдық деңгейде зерттеу жүргізу және оны қолданысқа ен­гізу тек ғалымға ғана байланысты емес, мемлекеттен де үлкен қолдау қажет. Өкінішке қарай, ғылыми тұрғыдан мемлекет тарапынан қолдау тек жобалық және мақсаттық қаржыландыру конкурсы негізінде жасалып отыр. Ғылыми ізденістерді қаржыландырудағы осы саясаттың кемшілігі де жеткілікті.

Сонымен, геномдық селекция не береді деген сауал туындайды. Әлемде 25-тен аса мемлекет геномдық селекция бағдарламасын өздерінің ауыл шаруашылығы салаларында қарқын­ды қолданады. Мысалы, Нидерланд, Бель­гия, Испания, Франция, Гер­мания, Финляндия, Швеция, Дания және Польша мемлекеттері бірігіп «EuroGenоmics» атты консорциум құрып, голштин ірі қара тұқымының референтті популяциясын жасақтады. Нәтижесінде, сүт өнімділігі бойынша сиырдың тұқымдық құндылығын бағалау шынайылығы 90 пайыздан асты. АҚШ және Канада секілді елдерде геномдық селекция арқылы ірі қара малдың тұқымдық құндылығын бағалау 2009 жылдан бастап жүйелі түрде жолға қойылған. Қазір әлемде сүтті ірі қара саласында селекциялық жұмыстарға тек геномдық болжамы бар аталық бұқалар ғана тартылады. Осы үрдіс етті бағыттағы ірі қара малы мен мал шаруа­шылығының басқа да салаларына кеңінен дендеп еніп келеді.

Биылдан бастап институт ғалымдары геномдық селекцияның үшінші бағыты малды төлінен өсіру проблемасы, яғни моногенді рецессивті аурулар мен төлдің өлі тууына жауапты гаплотиптерді анықтайтын әдістер бойынша ғылыми ізденістерге басымдық берді. Ел аумағындағы бруцеллез ауруын ескере отырып, биыл «Brucella» изоляттарының вируленттілік факторларын толық геномдық секвенс жасау әдісімен анықтау жұмыстары бойынша зерттеу басталды. Бұл зерттеу гранттық жоба аясында жүзеге асып жатыр.

Жалпы, мал шаруашылығын қар­қынды дамытудың ең маңызды түйіні – малды өз төлінен көбейту. Осы бағытта атқарылған істен гөрі атқарылатын ғылыми зерттеу мен өндіріске енгізілетін әзірлеме шашетектен. Малдың жақсы қасиеттері нәсілінен, яғни тұқымынан десек, оның тектік әлеуеті немесе асыл тұқымдық құндылығы аталық малдан бастау алады. Еліміздің сиыр шаруашы­лығында, әсіресе сүтті бағытта және қой са­ла­сында шетелде өсірілген аталық мал­дар­дың тектілік әлеуетін пайда­лану кең етек жайды. Әлбетте, қолдан ұрық­тан­дыру үрдісінде тек шетелден әкелін­ген аталық малдардың шәуетін қол­дану үйреншікті әдетке айналды. Шаруа­шылық тұрғысынан бұл қаншалықты тиімді, оны ешкім екшеп жатқан жоқ. Отандық ғалымдардың осыдан он жыл бұрынғы жанайқайы ескерусіз қалды. Шетелден әкелінген мал мен ұрықтың генетикалық тұрғыдан сапасын тексеру сол күйінше орындалмады.

Елімізде сырттан келетін генетика­лық материалдарға тектік сарапта­маны толық жүргізуге пәрмен берілмеді. Мұның зардабы зор, себебі сүтті сиыр саласында голштин тұқымы бойынша 79-дан астам тектік деңгейде тұқым қуалайтын ауру анықталған, оның ішінде 48-і Ресейде тіркелген. Осындай жағдай етті бағыттағы сиыр саласында да қалыптасқан. Отандық ғалымдардың осы бағыттағы бастамалары мемлекет тарапынан қолдау тауып, ғылыми жобаларды қаржыландыру мәселесі шешілсе, мал асылдандыру жұмысының жандануына жол ашылар еді. Өйткені қолдағы малды асылдандыруда тектік деңгейде тұқым қуалайтын аурулар мен ауытқулар және летальді (өлімге әкелетін) гендердің таралуына заң жүзінде тосқауыл қойылса, малды өз төлінен өсіру үрдісі жанданып, мал шаруашылығындағы биологиялық қауіпсіздік мәселесі шешімін табады.

Айбын Төреханов, «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институты» басқарма төрағасы