16 шілде күні «Қазақстан халқына» қоры елімізде онкологиялық науқастарға берілетін тегін дәрінің 15-тен 6-ға дейін қысқаруына байланысты мәселе көтерген еді. Денсаулық сақтау министрлігі қордың сынына жауап берді, деп жазады Egemen.kz.
Министрлік аталған дертке шалдыққандардың ешбірі қажетті емсіз қалмайтынын мәлімдеді.
«Онкологиялық және онкогематологиялық аурулармен ауыратын пациенттерді дәрілік препараттармен қамтамасыз ету Денсаулық сақтау министрлігінің басымдығы. Дәрі-дәрмектерді жеткізудегі кез-келген үзілістерді болдырмау үшін ведомство дәрі-дәрмектерді уақтылы беру тетігін анықтады. Облыстық денсаулық сақтау басқармалары мен онкологиялық орталықтар жағдайға мониторинг жүргізеді», делінген министрлік мәлімдемесінде.
Ал пациенттер қажетті кеңес пен дәрі-дәрмекке өтініш, оның сапасына қатысты ой-пікірін 8 (7172) 570 950 номері арқылы жеткізе алады.