Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына (ДКО) әзірлік қызу жүргізіліп жатыр. Ұлттық спорт түрлерін қамтитын дүбірлі додаға 89 елден 2 мыңнан аса қатысушы келуге ықылас танытты.
Көктемгі қызыл судың тасқыны бірнеше өңірдің тұрғындарын әбігерге салғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізуге жұмсалатын қаржыны қайта есептеп, үнемдеуді тапсырған еді. Шығынды оңтайландыру бойынша жұмысшы топ құрылып, 1,7 млрд теңге үнемделді. Осылайша, Көшпелілер ойындарының ашылу салтанаты мен жабылу мерекесі арасында өтетін іс-шараға 5,7 млрд теңге жұмсалады.
ЮНИСЕФ Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының коммерциялық емес ресми серіктесі атанса, айтулы аламанның бас демеушісі болып «Alageum Electric» компаниялар тобы танылды. Елорда төрін апта бойы ұлы дүбірге бөлейтін маңызды іс-шара үш бағыт бойынша өрбиді: спорт, мәдениет және ғылым. «Қазанат» атшабары мен Этно ауыл аумағында ат бәйгесі, дәстүрлі садақ ату және құс салу түрлерінен, ат үстіндегі сайыстар бойынша жарыстар өткізіледі. Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз сарайында ұлттық күрес түрлерінен, жекпе-жек түрлерінен және халық ойындарынан дода өтеді. «Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша жарыстар өткізіледі. «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде көшпелілер ойындарына аккредиттеу және жабдықтау орталықтары орналасады. «Қазанат» атшабарының оңтүстік-батыс жағындағы іргелес қоныс тебетін «Көшпелілер ғаламы» этно ауылы ДКО мәдени бағдарламасының ошағына айналмақ. Мәдени бағдарлама Астана қаласының әртүрлі нысандарында (алаңдарда, саябақтарда, басқа да қоғамдық орындарда, театрларда, концерт залдарында, кинотеатрларда, мұражайларда, көрме павильондарында) өтеді.
2014 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын Қырғызстан үш мәрте ұйымдастырса, екі жыл бұрын Түркия мемлекеті сән-салтанатын келістіре өткізді. Жыл озған сайын аламанға қосылуға көңілі құлаған елдер қатары артып келеді. Мәселен, Астанада түңлігі түрілетін этноспорт сайысына алғаш рет Бруней-Даруссалам, Либерия, Венесуэла, Ирландия, Доминикан, Гамбия, Бруни, Эфиопия, Перу елінің спортшылары қатысады. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына келетін спортшылар мен қонақтардың ат байлап, аяқ суытуына елордадағы 20 қонақүй бекітіліп, іс-шара барысында 343 көлік жұмылдырылады.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына билеттерді ресми билет операторының сайтынан сатып алуға болады. Жалпы билет құны – 500-25 000 теңге аралығында. Көшпелілер ойындарының ашылу салтанатын тамашалаймын деген көрермен билетті 15 000-нан бастап 50 000 теңгеге дейін сатып алады. Ересектерге арналған билеттің орташа құны – 4 000 теңге. Көрермендердің жекелеген санаттары үшін жеңілдік те бар. Мысалы, алты жасқа дейінгі балалар кез келген ойын түрін тегін тамашалай алады. 6-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер үшін 50 пайыздық жеңілдік жасалады. «Теңге ілу» мен «Құсбегілік» жарыстарына билет құны 500 теңге болса, мектеп оқушылары үшін билет – 250 теңге.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын жалпақ жұртқа жария ететін бұқаралық ақпарат құралдарын тіркеу 1 қыркүйекке дейін жалғаспақ. Ал еріктілерді іріктеу жұмысы жүйелі жүргізіліп, таңдау түскен жастар да әзірлікті бастап кетті. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының орынбасары Абылай Қондыбаев еріктілерді іріктеу бірнеше кезеңмен өткенін айтады. Тіпті көршілес Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінен ғана емес, АҚШ, Түркия, Германия, Франция, Испания, Корея, Беларусь және Гана Республикаларынан да ерікті болуға ынталы жастар өтініш жолдаған.
«Астана қаласындағы 13 жоғары оқу орнының барлығын қамтып, ақпараттық, насихат жұмысы жүргізіліп, еріктілер бағдарламасының таныстырылымы өтті. Ұйымдастыру дирекциясының ресми сайтына әрбір талапкер өтінім жіберіп ерікті болуға ықыласын танытты. Іріктеудің бірінші кезеңінде 4 600 өтінім қабылданды. Наурыз, сәуір айында өткен екінші кезеңде әрбір үміткермен дидарласып, сұхбат құрып ынта-ықыласын, таным-көкжиегін, өзге тілді қаншалықты игергенін байқадық. Осындай сұрыптаудың нәтижесінде іріктелген 1 300 еріктіге таңдау түсті. Өзге тілді білуде ағылшынша һәм түрікше еркін сөйлеп, ойын жеткізе алатындарға баса назар аударылды.
Себебі Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына 90-ға тарта мемлекеттен спортшылар қатысуға ықылас танытып отыр. Бұған қоса сырттан келетін туристер тағы бар. Көшпелілер ойындарына қатысуға ықылас танытқан елдің басым көпшілігі – түркітілдес. Еріктілерді іріктеу кезінде олардың бұл бағытта бұған дейін қаншалықты ысылып тәжірибе жинағаны да ескерілді», дейді А.Қондыбаев.
«Көшпенділер ғаламы» этноауылда көрсетілетін«Астана – көшпелілердің астанасы» атты жарқын театрландырылған қойылымды алыстан арнайы ат терлетіп келген шетелдік қонақтар мен халықаралық спорт ұйымдарының жетекшілері де тамашалайды. Этноауылдың бірегей концерттік алаңында күн сайын мәдени іс-шаралар өткізіліп, еліміздің үздік қолөнершілерінің көрме-жәрмеңкесі көпшілік назарына ұсынылмақ. Сонымен қатар зергерлер мен ісмерлер қолөнерден шеберлік сабағын да ұсынады. Іс-шаралар бағдарламасында этноауылдың ең кішкентай қонақтарына ерекше назар аударылмақ. Олар үшін сауық және танымдық ойын алаңдары мен ұлттық стильдегі аттракцион құрылады. Сондай-ақ этноауылда сән көрсетілімі өтетін подиум ұйымдастырылады. Ұлттық сән фестивалі аясында ұлттық киімдердің түрлі үлгілері, оның ішінде осы трендтің көшбасшысы Global Nomads үлгілері ұсынылмақ. Мәдени бағдарлама аясында кинофестиваль өткізу жоспарланып отыр. Этноауылда жыртқыш құстарды шырғаға салудан жарыстар және ұлттық күрес түрлерінен көрнекі қойылымдары өткізіліп, ұлттық тағамдар фестивалінде қазақ халқының қонақжайлылығы паш етілмек.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындары аясында (9-11 қыркүйек аралығында) Ұлттық мұражайда этноспортты дамытуға бағытталған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Алқалы басқосуда тарих және мәдениет – түркі әлемінің көшпелі дәстүрлері мен рухани байлығы, көшпелі мәдениет пен ұлттық спорт дәстүрлерінің еларалық ынтымақтастықты дамытудағы рөлі айқындалады. Қазақстанда және Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қатысушы елдерде ұлттық ойын түрлерін дамытудың қазіргі жағдайы, қалыптасу тарихы мен идеологиясының мәселелері, даму үдерісі талқыланады.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Медальдың жалпы саны – 581. Медальда спорт, мәдениет, ғылым салаларын қамтитын негізгі 3 символ бедерленген. Осының барлығын Қазақстан халқының бірлігін сипаттайтын шаңырақ көмкеріп тұр. Медальдың ортасында көшпелілер өркениетінің белгісі – ат үстіндегі Күн басты адамның таңбасы бар.