• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Жемқорлық Бүгін, 02:00

Бюджет қаржысын ұрлаған есепшілерден ауызбастырық сұраған білім бөлімінің экс-басшысы сотталды

24 рет
көрсетілді

Талдықорғанда «миллиондаған бюджет қаражатын жымқырған есепшілерден ауызбастырық сұрады» деп айыпталған қалалық білім бөлімінің экс-басшысы 11 жылға сотталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Almaty.tv жазғандай, ол жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді. Судья экс-шенеунікті өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырып, үш көлігі мен Алматы қаласындағы пәтерін мемлекет меншігіне тәркілеу туралы үкім шығарды.

Жетісу облыстық сотының мәліметінше, Жолдыханов қарамағындағы бухгалтер мен сыбайластарының мемлекет қаржысын ұрлағанын анықтап, олардың қылмыстық әрекетін жасыру үшін 380 млн теңге сұраған. Олар 200 миллион теңгені көлік жүргізушісі арқылы берген.

Басшы параның қалған сомасын талап еткенде есепші құқық қорғау органдарына жүгініп, шенеунік тағы 80 млн теңге алу кезінде қолға түсті.

– Жолдыханов ҚР ҚК-ның 24-бабының 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкі тәркіленіп, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленсін, – деді судья Әділет Бақытов.

 – Оқталу дейсіздер де, бірақ 11 жылға соттап отырсыздар. Қалай түсінуге болады? Менің тарапымнан жасалған жұмысты неге ескермедіңіздер? Кім тексерді? Прокурор мырза, тексердіңіз бе? Болжаумен ғана соттап отыр, – деді сотталушы Жандос Жолдыханов.