Жуырда Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен алғаш рет халықтың репродуктивті денсаулығын қорғауға арналған апталық өтті.
Апталықты ұйымдастыруға жасөспірімдердің жыныстық өмірдің ерте басталуынан туындайтын қауіптен арашалау мәселесі түрткі болған. Мұнда ерте жүктіліктің алдын алу, жасөспірімдер арасында жыныстық жолмен тарайтын инфекциялардың және АИТВ-инфекциясының таралуына жол бермеу сынды аса маңызды бағыттар бар. Апталық аясында алға қойған міндеттерді үйлесімді іске асыру үшін жергілікті мемлекеттік органдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың ресурстары жұмылдырылған. Бұдан алдын репродуктивті денсаулықты сақтау мәселелері бойынша спикерлер пулы құрылып, жұмыстың негізгі бағыттары пысықталғанын айта кеткеніміз жөн.
Аптаның алғашқы күнінде Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында, сондай-ақ барлық өңірлерде баспасөз мәслихаты өткен. Мұның ізінше жалпы репродуктивті денсаулық, жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығы, отбасын жоспарлау, жыныстық жолмен тарайтын инфекцияларға қарсы тұру, адам папилломавирусының алдын алу сынды күн тәртібіндегі негізі бағыттар назардан тыс қалмады. Апта шеңберінде Ұлттық комиссия мүшелері ерте жүктіліктің алдын алу, жасөспірімдер мен жастарды тәрбиелеу бойынша қабылданып жатқан іс-шараларға егжей-тегжей талдау жүргізді.
Бұдан өзге Ұлттық комиссия мүшелерінің қатысуымен ақпараттық-ағарту іс-шаралары, денсаулық орталықтарында ашық есік күні өтті. Жастар мен жасөспірімдер, ата-аналар қауымдастығы тегін медициналық тексеруден өтіп, консультация алды. Сонымен қатар дәрістер, семинарлар, дөңгелек үстел отырыстары, сауалнамалармен қоса спорттық және сауықтыру іс-шаралары ұйымдастырылған. Облыс, қала, аудан, ауылдарда ұйымдастырылған апталықта тұрғындар репродуктивті денсаулық туралы сенімді ақпаратты білуге, білікті мамандарға сұрақ қойып, тексеруден өтуге мүмкіндік алды. Ұлттық комиссия сарапшылары қарап қалмай, стационарларға, емханалық буын мекемелеріне, отбасын жоспарлау орталықтарына, Жастар денсаулық орталықтарына, балалар үйлеріне, оқу орындарына, балалар орталықтарына барды. Олар жай бармай, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, дәрігерлермен және осы саланың бейінді мамандарымен кездесті.
Сонымен апталық барысында ел бойынша барлығы 10 000-ға жуық іс-шара өтіп, оған 300 000-нан аса адам қатысқан. Қуантарлығы оның 40%-ы – жасөспірімдер. Өңірлер арасында Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған іс-шараларға қатысудан Алматы қаласы, Абай облысы, Алматы, Қарағанды және Түркістан облыстары көш бастады. Әкімдікте – Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Абай, Алматы, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстары алға шығыпты.
Апталық соңы дөңгелек үстел отырысымен түйінделді. Онда Ұлттық комиссия сарапшылары мен мемлекеттік органдардың өкілдері бас қосып, қорытынды шығарды. Сәйкесінше, осы күні Ұлттық комиссия сарапшылары халықтың репродуктивті денсаулығын сақтау және нығайту бойынша ұсыныстарды саралай келе, ұсыныс-тілектерді басшылыққа алды.