Сенат депутаты Қайрат Тастекеев Абай облысына жұмыс сапары барысында сот және прокуратура қызметкерлерімен кездесулер өткізді. Жүздесу барысында Парламент Сенатының жұмысы туралы хабардар етті және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңына жақында қабылданған негізгі өзгерістерге тоқталды.
Қ.Тастекеев қабылданған заңның мақсаты сот жүйесін одан әрі жетілдіру, судьялардың тәуелсіздігін күшейту, олардың тең мәртебесін қамтамасыз ету, әкімшілік қысымды жою, оларды сайлау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесінің рөлі мен мәртебесін күшейту екенін атап өтті.
«Біз Қазақстан Республикасының сот жүйесіндегі ең биік стандарттарға сай болуына ұмтыламыз. Қабылданған заң судьялардың тәуелсіздігі мен теңдігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесінің рөлін нығайту арқылы сол мақсатқа жетуге бағытталған», деді сенатор.
Депутат сонымен қатар Сенат өткен жылы жүзден астам заңды мақұлдағаны туралы қатысушыларға айтып, Конституцияда көзделген жағдайларда Үкімет мүшелерінің Парламент Палаталарына есеп беруінің маңыздылығын атап өтті. Сенатор сот пен прокуратура қызметкерлерінің ел өміріндегі ерекше рөліне тоқтала келіп, олардың жұмысы қоғамдағы құқықтық тәртіп пен әділеттілікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынын жеткізді.