• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Мирас 20 Шілде, 2024

Сандықтауға қашалған бейне

45 рет
көрсетілді

Ақмола облысынан тарихи ар­тефакт табылды. Оны Сан­дықтау ауданындағы өрт сөн­дірушілер ормандағы рейд кезін­де аңғарған. Жаңалықты Ақ­мола облысының Төтенше жағ­­­дайлар департаменті мен та­рихи-өлкетану мұражайына хабарлаған. Бұдан соң жәдігерге астаналық ғалымдардан бөлек шет­ел­дік ғалымдардың да қызы­ғу­шылық тудырғаны белгілі болды.

Кісі келбеті бейнеленген тылсым ескерткіш өңірде алғаш рет кездесіп отыр. Жәдігердің қай дәуірге жататыны турасында ғалымдар әртүрлі пікір білдіріп жатыр. Мәселен, Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының аға ғылыми қызметкері Сергей Ярыгин мүсіннің қола дәуірі мәдениетіне тұспа-тұс келетінін алға тартады. «Жәдігер расымен ерекше. Кісінің келбеті, анатомиялық элементтері жақсы көрсетілген. Көзі, мұрны, еріні мен беті анық аңғарылып тұр. Осыған ұқсас жәдігерлер қола дәуіріндегі Орталық Азия мен Шығыс Еуропада көптеп табылған», дейді ол.

Ал Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми қыз­меткері Данияр Тілеуғабыловтың деректеуінше, бұл – ежелгі түрік мәдениетіне тиесілі жәдігер. «Бұл жерде діни рәсімдер орындалатын үлкен ғибадатхананың орны болуы бек мүмкін. Сол себепті тас-мүсін егжей-тегжей зерттеліп, оның айналасы да ғылыми назардан шет қалмауы керек».

Ғалымдардың олжасынан кейін Жабай өзенінің жағасындағы қаз­ба жұмыстары басталып кетті. Архео­логтер бірнеше қыш ыдыстар мен жамбас сүйектерді тауып, оларды радиокөміртекті талдауға жолдап жатыр. Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры әрі экспедиция басшысы Жасұлан Үкеев былай дейді: «Қазір «Сандықтау-3» қорымы» күрделі зерттелу үстінде. Бүгінгі күні ол жақтан бұрын-соңды зерттелмеген 158 «мұртты қорған» табылып отыр. Енді Жабай өзенінің бойындағы қоныстың орнын табу керек. Қарап отырсақ, тас дәуі­рінен орта ғасырларға дейінгі барлық архео­логиялық ескерткішті қамтитын үлкен кешенге айналайын деп тұр».