Абай мен Пушкин... Біз екі халықтың рухани үндес ұлы тұлғаларын әрқашан қатар айтамыз. Оған себеп те көп. Өз ұлтының аспанынан әлдеқайда биікке ұшқан ақындардың ой деңгейі барша адамзатқа ортақ ғаламшарлық нүктеде түйіседі. Жырлары да, кейіпкерлері де туған топырағына байланбаған – еркін. Осы уақытқа дейін Пушкиннің талант құдіреті жайлы мың-сан мадақ сөз айтылған болар. Бірақ Аполлон Григорьевтен асырып айтқан ешкім жоқ: «Пушкин – біздің барымыз».
Биыл орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің туғанына 225 жыл толып отыр. Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Бұл мерейтой – Ресей ғана емес, Қазақстан үшін де маңызды оқиға. Өйткені Пушкин – хакім Абай сияқты, қос халықтың достығы мен мәдени байланыстарының басты символының бірі», деп атап өткен еді. Осы орайда бүгінгі мақаламызға өзек болып отырған атаулы оқиғаның өткен бір тарихы еске түсіп отыр.
Сонау 2006 жылы Ресейде Абай жылы, елімізде Пушкин жылы болып аталып өтіп еді. Ұлт ұстынына айналған тау-тұлғалардың әдеби мұрасы екі жақта да барынша насихатталып, түрлі үлкенді-кішілі іс-шаралар өткізілді. Сол жылы филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахмановтың «Вер бана ат» атты әдеби еңбегі жарық көргені де есте. Пушкинтану парақтарына арналған толғамды кітапта жаһан жырының жұлдызы деп орынды ардақталатын ұлы ақын мұрасына қатысты танымды да тағылымды жайлармен тереңінен танысып едік. Айта кетейік, қаламгердің пушкинтану тақырыбындағы зерттеулері кезінде Президент сыйлығымен аталып өткен болатын.
Дәл осы еңбекте қаламгердің қазақ әдебиеттануының тәуелсіздік жылдарындағы сүбелі табысына баланған «Құран және Пушкин» атты зерттеу мақаласын да алғаш рет оқыдық (одан бұрын «Егемен Қазақстан», Қалтай Мұхамеджановтың алғысөзімен «Түркістан» газеттерінде жарияланған). Аталған мақала күні кеше ғана Ресейдің ең беделді «Литературная газета» басылымының 17 маусымдағы санында жарық көрді. Ақынның биылғы мерейтойы аясында қос елдің мәдени-әдеби байланысының берік көрінісін кезекті рет айғақтаған зерттеу еңбек Мәскеудің қақ ортасынан басылып шығып жатқаны – атаулы оқиға. Әлқисса.
Автор бұл мақалада Пушкин жырындағы діни сарындар туралы ой толғау арқылы ақын шығармашылығының шынайы халықтық сипатын, оның жырының мұсылман әлеміндегі ұлттардың жүрегіне де етене жақын болып келетінінің түпкі сырын ашуды мақсат етеді. Нақтылай айтсақ, ақынның әйгілі «Пайғамбар» өлеңін мұсылман қауымының ардақты Пайғамбарына арналғанын түрлі дәлел-дәйекпен жіліктеп талдайды.
«Пушкин Құранның эстетикалық құндылығын ерекше бағалаған болатын. Ең әуелі Михайловскіде, қиналып жүрген шағында оқып: «В пещере тайной, в день гоненья,/ Читал я сладостный Коран» деп жазғаны көп жайды аңғартады. «Балшырын» деген сияқты сөзді Пушкин оңай жерге қимаған. Және ол мұны барынша сезініп, барынша түйсініп барып айтқан. Пушкиннің Құранды соншалықты жетік білгені қайран қалдырады. Мамандардың айтуынша, ақынның осы тақырыптағы жырларында қасиетті кітаптағы 114 сүренің кем дегенде 33-інің сарындары қамтылған екен», дейді автор.
Айта кетейік, Сағынғали Сейітов «Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі» атты кітабында осы өлеңді кезінде 19 жастағы Қошке Кемеңгерұлы аударғанын да айтады. «Пайғамбардың» қазақшасы алғаш рет «Айқап» журналының 1915 жылғы төртінші санында жарияланған екен. Мұны да Сауытбек Абдрахмановтың зерттеуінен біліп отырмыз.
Пушкиннің әйдік шығармасының әр тамырына үңіліп, жан тереңіне бойлап, арғы-бергі тарихпен байланысын сөзбе-сөз келтіріп, философиялық сарынмен толғаған сүйекті мақаланы орыс баспасөзі еркін жариялап, орыс қоғамына кең таралып жатқаны, әрине, қуантады. Осыдан соң көп оқырман орыстың бас ақынының бір өлеңін сан түрлі қырынан танып жатқаны да сөзсіз, кей тұжырымдарға көз жеткізуі де кәміл. Түгел түркі жұрты үшін де аталған зерттеу мақаланың маңызы ерек. Жалпы, қазақ авторларының әлемдік газет-журналдарда жиі көрінуі – ұлт зиялыларының қалам қуатын айқындайтыны хақ.