Үлкен жүректің тоқтап, Алматының Орталық зиратындағы әке – Әуезовтің жанына көшкеніне де қырық күн толды. Бодан жылдардың өзінде мәдени азаттық туралы ой айтқан, кейде Асан қайғы сарынына түскен Мұрат Мұхтарұлы туралы шынайы әңгіме әлі толық айтылып біткен жоқ деп санаймыз.
Мұрат Әуезов кім? Әкесі – Мұхтар Әуезов, анасы – Фатима Ғабитова. Олардың кім екенін түсіндірудің қажеті жоқ. Екеуі де қазақ тарихымен де, қазақ мәдениетімен тереңнен интеграцияланып кеткен тұлғалар. Анасы көзін ашқан күннен бастап Алаш зиялыларының жырымен ауызданды, әкесі Мұхтар Алаш зиялыларының қасіретін жанама түрде ұқтыруға тырысты. «Төбесі тесік» балаға соның өзі де жеткілікті еді. Ес білген күннен бастап тағдырдың осынау алғашқы сынына төтеп берді. Мұхтар Әуезовтің ұлы деген анықтаманы өз биігінде алып жүретін салмақты ес білген күннен бастап өз болмысынан тапты, кейін өзін-өзі қамшылап жүріп жетілдіріп, еркін ойдың адамына, қазақтың ойшылына айналды.
Мұрат Әуезов өзі айтқандай, қазақты сақтап қалар бір ғана ұлы күш қазақтың генінен – ділінен берілетінін өзінің өмір жолынан байқады. Тәй-тәй басқан алғашқы қадамымнан бастап, Фатимадай асыл анасының «тілі жат, діні жат, ділі жат елден таяқты жеп едің» деген жолдарды әнге қосып жырлағанын естіп өсті. Мектеп жасына келгенде әкесі Мұхтар қазақ мектебіне қолынан жетелеп алып келді. Орысы ормандай болып кеткен Алматыда ана тілін меңгеруге мектеп бағдарламасы аздық ететінін көнекөз алматылықтар күні бүгінге дейін айтады. «Мәскеуде оқып жүргенде де қазақшам шамалы еді. Сонда анам Фатима қазақтың жүз мақал-мәтелін жинап, маған салып жіберіпті. Соны жаттап үйрендім. Кейін әр мақалдың астарына үңіліп, орнымен қолдана алатын деңгейге жеттім. Сол кезде ғана маған Абайдың тілі, әкем Мұхтардың тілі бар болмысымен жарқырады. Ғажап тіл! Басқа тілдердегі ақындардың жырлары маған әсер етпейді. Қазақ ақындарын оқығанда жаным жадырап сала береді. Қазақ тілі – ұлы тіл. Тілден де, Діннен де айырылып қала жаздап, қайта оралған кездеріміз болды, әлі де кездеседі. Ал Ділден ше?! Одан айырылу мүмкін емес, тек сол діл саулығы, діл тазалығы, діл беріктігі арқылы ғана жеке тұлға, дербес ұлт, тәуелсіз мемлекет ретінде сақталып қалдық!» дейтін Мұрат Әуезов.
Оның ешкімді қайталамайтын дара тұлғасы әкесінің қаны, анасының ақ сүтімен бірге дарығанын ішіміз сезеді. Алғашқы қадамдарынан-ақ өзiнiң тәуелсiз болмысының сипатын танытуына осы факторлар әсер еткенін сыр сұхбаттарында талай рет айтты. Сырт көз парасаттылықтың эталонындай қабылдайтын Әуезов бойындағы қадір-қасиет, сезімінің болат өзегі, мейірімге толы балалық шақтан қаланды, ұлтының өткен тарихы басқа бағытқа мойын бұрғызбады, ортасы ойшылдыққа баулыды. Өзі айтқандай Алаш зиялыларының тағдыры кіші Әуезовтің балалық шағын ұрлап алды.
...Ол қазақтың тек халық ретіндегі тарихын ғана емес, оның көшпелілер өркениетінің тарихы ретінде тұтас және жан-жақты түсінігін ілеспе фрагмент ретінде емес, адамзат тарихының өте маңызды және органикалық құрамдас бөлігі ретінде қабылдағысы келді. Бұл Әуезовтің көзқарасын сол кездегі саясаттың бағытына мүлдем кереғар арнаға бұрып жіберді. Әкесінің соңғы күндері туралы естеліктерінде «Әкемнің көзін көргендердің бәрі о дүниелік болып кетті. Ресей зиялыларының арасында филологтер, жазушылар, журналистер көп еді. Кейде қызу пікірталасқа мен де араласып кетем. Ол кезде 2 курс студентімін. Гегель, Канттың философиясына қатысты бөлтірік ойларымды жасыра алмай қаламын кей сәтте. Олар менің пікірімді ден қойып тыңдайды. Сол кезде бөлмеге кіріп келген «Литературная газетаның» тілшісі Валентина Панкинаға мені таныстырып: «Ұлыммен бірге Гегель туралы пікірлесіп отырмын» деді», деп жазды.
Бұл мінез базбіреулер айтып жүргендей элитарлық нигилизмнің диссиденті емес. 1950 жылдардың соңы мен 1960 жылдардың басы мемлекет тарихындағы қиын кезең болғаны талай рет айтылды. «Сол кезде ұлттың сөзін ұстаған зиялыларымыз өзін қалай ұстады» деген сауалдың жауабы біз үшін әлі күнге дейін жұмбақ. 60-жылдары Сәкен, Бейімбеттер ақталған кезде Шәкәрім, Мағжандардың ақталмауы талайға дейін құпия болып келді. Сол кезде Жазушылар одағының кезекті басқосуында Олжас Сүлейменов «Шәкәрімді тар қапасқа қамап қоятындай қазақта ақын көп емес еді ғой» деген сөзі архивте сақталып қалыпты. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз сол жылдары Мәскеуде қазақ идеясын ту еткен «Жас тұлпар» болып дүбірледі: Мәскеуде, Ленинградта оқып жүрген қазақ жастары бір-бірімен тек қазақша сөйлеуге тырысты. Жастар бір-бірімен тек ана тілінде тілдесті, этностық немесе рулық тар шеңберде өмір сүрмеу керегін, ана тілін басқа мәдениеттермен байланыстыратын көпір ретінде қарастыру керек деген ойды идеяға айналдырды. Елге оралған «жастұлпаршылар» шет тілдерінен отарсыздану тәжірибесі туралы материалдарды алғаш рет аудара бастаған.
«Ең алдымен, сананың отарсыздануы қажет. Көшпелілер идеясын алғаш көтердік. Өйткені көшпелілік – бостандық идеясы. Бұл тоталитарлық, империялық жүйенің санамызға сіңірген идеяларына тосқауыл болды, Желтоқсан рухының бой көтеруіне жанама түрде себеп болды», дейді кіші Әуезов.
Әуезовтің шығармашылығы, азаматтық ұстанымы туралы аз жазылды. Енді жазылатын шығар деп үміттенемін. Оның азаматтық ұстанымының бастауында қандай факторлар тұрғаны сұхбаттарында тұр. «Анам «Жас тұлпарды» құрмақ болған ниетімізбен танысқан соң әкемнің «Қилы заман» деген шығармасын оқып шығуға кеңес берді. 1928 жылы жазылған шығарма қайта басылуға тыйым салынған болатын. 1963 жылы алғаш рет араб қарпімен басылған нұсқасымен таныстым. Араб тіліне жүйрік анам оның мәтінін дауыстап оқып бергені бар. Анама табиғат сұлулық қана берген жоқ. Ол керемет әдебиет зерттеушісі болды, қазақ тарихынан мағлұмат беретін деректерге бейжай қарай алмады.
Кіші Әуезовпен алғаш рет 2006 жылдың шіліңгір шілдесінде кездесіппін. Онымен кездесу қай форматта болса да, сананы сергітетін. Қоғамдық санада ағартушылықтың, рухтың, тіпті көшпелілер өркениетінің шырақшысы ретінде әсер қалдыратын. Ол мені сол жолы да өзіне тән, ешкімге ұқсамайтын болмысымен қарсы алды, сұхбат алу барысында қойылып қалған оқыс сұрақтарыма, тіпті түйеден түскендей сауалдарыма да сабырлылық танытты. «Мен жазушы немесе саясаттанушы емес, ойшыл, гуманист Әуезовпен сұхбат құрғалы келдім, қазақ қоғамының барлық дерлік мәселесіне таза концептуалды көзқарасты сіздің пікірлеріңізден таптым» деген сұрағыма риза болып ешкімге ұқсамайтын тағдыры өзге бағытты таңдауға мүмкіндік бермегенін айтты. «Ия, мен ойшылмын. Тағдырдың маған деген ұртының бір жағы май, бір жағы қан болды. Мен бұл сауалға 1970 жылдардан бері дайынмын, бірақ сауалдарыңызға берілетін жауаптың салмағын сіз игере аласыз ба?» деп өзіме қарсы сауал қойды. Өзгеге ұқсамайтын ой-толғамымен қазақ зиялыларының көшбасында тұрғанын, қазақ өркениетінің, көшпелі мәдениеттің кәусар бұлағын әлемдік өркениет арнасына бұрып жүргенін замандастары ерте байқады.
Әуезов болмысындағы көп жұмбақтың кейбір жауаптарының жаңғырығы әр жерде шашылып, пікірлерінен байқалып қалатын. Бұл туралы көп кездесулердің бірінде «әкеме қадалған мылтықтың дүмі «Абай жолы» жазылғаннан кейін кері бұрылды ғой. Әкем мені өзі бастан өткен қиындықтардың бәрінен сақтандырғысы келді: Балам өз жолыңды тап. Сен таңдаған жол өзгелерден ерекшеленіп тұруға тиіс дейтін. Әкемнің өзі және сөзі өмірімнің бағдаршамына айналды. 1969 жылы Мәскеу аспирантурасында «Қазақтың ұлттық ерекшеліктері» тақырыбындағы диссертациямды қорғап, елге Мәскеу ғалымдарының жоғары бағасын алған «Көшпелілер эстетикасы» тақырыбындағы ұжымдық еңбекті ала келдік. Бірақ елге келген соң Орталық комитет біздің «Көшпелілер эстетикасы» деген зерттеуімізді, Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ-сын» сынап, «ескілікті дәріптейді» деп шешім шығарып, оны жариялауға, жарияланып үлгергенін таратпауға шешім қабылдапты. Олжастың «АЗиЯ-сы» таралып үлгерді, ал Мұрат Әуезовтің «Көшпелілер эстетикасының» барлық тиражы көз алдында өртелді», депті Мұрат Әуезов бізге берген сұхбатында.
1960 жылдары қазақтың рухани кеңістігінде М.Әуезов бастаған қазақ жастары Алаш идеясы мен қазақ қоғамы арасын жалғастырушы алтын арқаудың міндетін атқарып, қоғамдық санадағы ұшқынның жалынға айналуына өмірін арнады. «Қазаққа келер қауіп қайдан?» деген сұраққа жауап іздеп, соның өзі тапқан жауабын өмірлік ұстанымға айналдырды. Басқа бағыт көңіліне қонбады.
«Біздің халқымыз мың өліп, мың тірілген. Кейде табиғаттың өзі, халықтың тағдырын сын тезіне салғаны үшін олқылықтың орнын талантты ұрпақпен өтеуге мүмкіндік беріп отыратын сияқты. Соңымыздан талантты жастар өсіп келеді. Мен олардың тазалығына және адалдығына қызыға қараймын. Қазақтың болашағы үшін, қазақтың санасын отар, бодан ұлт болғанын ұмыттыруы үшін біраз шаруаның басы қайырылып жатыр», дейді Әуезов.
Қазақ арасы, Әуезов айтқандай, дәуірге дәуірдің көзімен қарайтын таланттардан кенде емес. ХХI ғасырға осы ғасырдың көзімен қарайтын адамдар туады, қалыптасады. Ғасырлар үндестігін, буын сабақтастығын жалғастырып тұрған алтын арқауды Мұрат Әуезов бізге аманаттап кетті.
АЛМАТЫ