• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Білім 20 Шілде, 2024

Телефонға тәуелділік. Одан қалай құтыламыз?

259 рет
көрсетілді

Елшіл ғалым, қоғам қайраткері Аманкелді Айталы марқұм көп жыл бұрын балаларға арналған заманауи мультфильмдерді қарап отырып, «біздің жас буынды ата-ана, мектеп-балабақша емес, америкалық режиссерлер тәрбиелеп жатыр» деген еді. Ол кез – қазіргідей смартфон әлі шықпаған тұс. Қазір тіпті қиын. Қоғамда «телефонға тәуелділік» дейтін ұғым пайда болды.

Қазақтың жалпақ түсінігімен айтсақ, тіпті тілі де шықпаған баланың өзі смартфон көрсе, көзі жайнап кетеді. Бермесеңіз, бақырып жылайды, зарлап қоя береді. Бұдан ығыр болған кейбір жас ата-аналар баласына телефон ұстата салып, өзінің жан тыныштығын қалайды. Телефонның балаға өте зиян екеніне мән бермейді.

Айталық, неміс мамандары смартфонды бейберекет қолдану салдарынан жас балалардың ойлау қабілеті шектеліп, өзін-өзі бақылау әрекеті төмендеудің салдарынан жүйкесі жұқаруда дейді. Бұл рас. Тіпті кейбір баланың телефонға тым әуестігінен болып, миға зақым келген жағдайда ғана пайда болатын жүйке шалдығу дертінің белгілері көрініс беруде деген ақпарды оқыдық.

Дәл қазір Қытай, Жапон, Оңтүстік Корея, АҚШ мемлекеттері смартфонға әуестік салдарынан ақыл-есі кемістікке ұшыраған балаларды сауықтыратын орталық ашып үлгерді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы телефонға тәуелділіктің кесірінен бұрын-соңды болмаған жаңа дерттің түрі табылғаны хақында дабыл қағып отыр.

Психолог-әлеуметтанушылардың ай­туына қарағанда, ақылды телефон оқу­шының ой-өрісіне кері әсер ету арқылы оның оқу үлгерімін төмендетіп қана қоймай, денсаулығына да зиян тигізеді. Тіпті баз бір мамандар алдағы күндері жасөспірімдердің телефонға тәуелділігінің зияны қазіргі таңда әлем­ді алаңдатып отырған террористік оқиға­лардан да асып түседі деген пікірде.

Исламда «жақсы дүниенің өзі шегінен асқанда зиянға айналады» деген ұғым бар. Яғни қазіргі таңдағы телефонға тәуелділік болашақта арақ пен темекінің кесірінен де асып түсетін күйде.

Неміс дәрігерлерінің пайымынша, жас баланың бас сүйегі жұқа болғандық­тан, смартфонның зиянды сәулесі ересек адамға қарағанда жөсөспірімге 10 есе зиян тигізеді екен.

Қысқасы, бұл мәселе әлемді алаңдатып отыр. Өйткені өскелең ұрпақтың кемел тәрбиесі сол елдің, сол этностың болашағы екені даусыз. Осыны ескерген мемлекеттер жас өскінді телефонға тәуелділіктен құтқарудың жолын қарастырып жатыр. Бұл мәселе қазақ қоғамын айналып өтпесі анық. Сондықтан біздің де бала тәрбиесіне қажет болар деген ниетпен шетелдік тәжірибелерді ұсынып отырмыз.

Мысалы, Испанияның Кастил-Ла Манча штатының басшылығы оқушылар мектеп ішінде және ауласында телефон қолдануын тыю туралы шешім қа­былдаған екен. Және бұны іске асыруға бұқара болып жұмылған. Нәтиже жаман емес көрінеді. Елдегі бұған дейінгі статистика 14-32 жастағы буынның 95 пайызында «телефонға тәуелділік» сипаты анықталған болса, жоғарыдағы шешімнен кейін бұл көрсеткіш 67 пайызға төмендеген екен. Осы үрдісті құп көрген АҚШ-тың Нью-Йорк мэрі көпшілік қалауымен мектеп ауласында смартфон қолдануға тыйым салу туралы шешім қабылдапты. Бұл үрдісті Вирджиния, Мэриленд сияқты елдегі үлкен қалалар да қолдап отыр.

Сол сияқты шотландиялық ұстаздар оқушылар сабақ кезінде смартфон қолданбау туралы бастама көтеріп, үкіметке ұсыныс тастаса, Жапония­ның Айчи (Aichi) провинциясының орта­лығы Кария (Kariya) қаласында кешкі сағат 21.00-ден кейін оқушыларға смарт­фон пайдалануға тыйым салу туралы шешім шығарыпты.

Бір қызығы, айфонның атасы Стив Джобс өзінің отбасы мүшелеріне үй ішінде смартфон қолдануға тыйым салып, бос уақыттарын кітап оқуға жұм­сай­тын қатаң үрдіс қалыптастырса, дүние­жүзілік технология магнаты Билл Гейтс ағылшынның «The mirror» басылымы­на берген сұхбатында балаларына 14 жасқа жеткенге дейін телефон ұстатпайты­нын айтқан. Оның сыртында, телефон пай­далану уақытын шектен асырмауды қа­таң қадағалайды екен.

Алдағы уақытты адам баласының алдында «телефонға тәуелділікті» жеңе ме, жеңіле ме деген сұрақ көлденең тарты­лары анық. Демек бұл оқиға әрбір отбасына үлкен сынақ болайын деп тұр. Бұны жеңетін жалғыз жол – отбасылық қатаң тәртіп.