Қызылорда облысында ер адам 21 жастағы әйелін қатігездікпен өлтіріп, оқиға орынан қашып кетпек болған. Әйелдің мәйіті күйеуімен бірге тұрған үйден табылған, деп хабарлайды Egemen.kz CMN.KZ сайтына сілтеме жасап.
Марқұмның ауылда малшы болып істейтін 26 жастағы күйеуі бірден күдікке ілінді.
«Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғаға қызғаныш себеп болған. Жас күйеу әйелінен күдіктеніп, жанжал шығарды, кейін кісі өлтіруге дейін барған. Ер адам оқиға орнынан қашып кеткен», деп жазады дереккөз.
Қызылорда облысының полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта бұл іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу жүріп жатыр. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр», деп хабарлады Қызылорда облысының полиция департаментінен.