Энергетикалық кешеннің келешегі экологиялық санамен, орнықты дамумен қатар қойылатын дәуірлік үрдісте еліміз күн, жел және су есебінен қуат өндіруге көбірек бет бұра бастады. Елдегі жаңғырмалы энергия көзінің үлесін арттыруға бағытталған сондай жобаның бірі Алматыда өріс алмақ. Арнайы экономикалық аймақта күн панельдерін шығаратын зауыттың іргетасы қаланды.
Қазіргі уақытта елдегі жаңғырмалы энергия көздерінің (ЖЭК) үлесі 5,8 пайыз болса, 2035 жылға қарай 16 пайызға дейін ұлғаюға тиіс. ЖЭК нысандарын өндіріске енгізу Мемлекет басшысы алға қойған энергетикалық машина жасауда ел ішілік құндылықты дамыту, экспорттық әлеуетті күшейту, сондай-ақ 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қолжеткізу міндеттеріне жауап береді. Баламалы энергетиканы дамыту мен күн панельдеріне өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру мақсатында қолға алынған жоба тікелей экономикалық пайда әкеліп қана қоймай, қаланың экологиялық жағдайын тұрақтандыруға зор үлес қосады. ЖЭК саласындағы өндірістік қуаттылықты арттыру республикамыздың жасыл технология нарығындағы позициясының нығаюына ықпал етеді.
Құны 2,9 млрд теңгені құрайтын өнеркәсіп нысаны 150 МВт жылдық қуатқа сәйкестендіріліп отыр. Кәсіпорын модульдерді құрастыру бойынша автоматты желілер мен дәнекерлеу машиналарынан, лазерлік плазмалық кескіштерден тұратын заманауи жабдықтармен жарақтандырылады. 1 күн модулінің қуаты 585 Вт-тан басталса, жоспарланған өнім көлемі жылына 250 мың модульге жеткізілмек. Аумағы 2 гектардан асатын зауытта жергілікті мамандар үшін 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жұмысшы және инженерлік-техникалық құрам шетелдік мамандардан технология үдерісін үйреніп, қажетті дағдыларды меңгереді.
«TGS-Solar» брендімен «Алтын Групп» ЖШС отандық инвесторы іске қосатын зауыттың капсуласын салу рәсіміне «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өңірлік директоры Олжас Ахметбеков, сондай-ақ Алматы қаласы Кәсіпкерлік басқармасының, «Almaty Finance», «Almaty Business Development Company», ғылыми және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. «Алтын Групп» құрылтайшысы Жомарт Момынбаев құттықтау сөз сөйлеп, жобаны іске асыруға көрсеткен көмегі үшін Үкіметке алғысын білдірді. Қатысушылар күн модульдерін өндіру үдерісімен және сатудың жоспарланған көлемімен танысты.
Нысан құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көзделген. «Жасыл энергетика өз елімізбен қатар ортақ өңірдің экожүйесіне де оң әсер етеді. Өнімдеріміз өнеркәсіптік күн электр стансаларының, шаруа қожалықтарының және жеке сектордың сұранысын қанағаттандыратынына сенімдіміз», дейді компаниялар тобының серіктесі Қанат Әбенов.