Шымкенттегі Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде мемлекеттік «Серпін» бағдарламасының 10 жылдығына арналған мазмұнды іс-шара өтті. Оған академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ректоры, академик Нұрлан Дулатбеков қатысты.
«Елімізде он жылдан бері «Серпін» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Бағдарламаның мақсаты маман даярлау ғана емес, сонымен бірге оның астарында саяси-әлеуметтік, экономикалық үлкен идея жатыр. Бүгінгі таңда «Серпін» бағдарламасымен елімізде 19 жоғары оқу орны мамандар даярлайды. Еліміздің оңстүстігі мен батыс өңірлерінің талапкерлеріне жыл сайын 3-4 мың грант бөлініп, оларға бар әлеуметтік жағдай жасалған. Осы орайда «Серпінмен» оқуға түскен студенттер солтүстік, шығыс аймақтардағы жоғары оқу орындарында педагогикалық, инженер-техникалық, ақпараттық технология, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алады. Солтүстік өңірде «Серпінмен» бітірген мамандарға сұраныс өте жоғары. Себебі олар – бұл аймақтарға қажет мамандарды толтыратын жұмыс күші. Қазір академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде 2000-ға жуық студент «Серпін» бағдарламасымен оқиды. Олардың жұмысқа орналасу көрсеткіші де 80 пайыздан асады. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде оңтүстік жастары солтүстік аймақтарда жұмысқа орналасып, сол жерде орнығып қалуы ел экономикасының күшеюіне оң септігін тигізеді. Ал «Серпінмен» оқуға түсуге қарастырылған жеңілдіктің бірі – ол төменгі тест балымен грантқа түсу мүмкіндігі жоғары болуы. Сонымен бірге студенттер оқитын университеттерде шәкіртақы мен тегін немесе бағасы арзан жатақханалар қарастырылған», деді Н.Дулатбеков.
Сондай-ақ Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті ректорының айтуынша, «Серпін» бағдарламасы бойынша, әсіресе педагогикалық мамандықтарға сұраныс көп. Бұдан бөлек, биыл шәкіртақы көлемі де өскен. Бағдарламада қаралған тағы бір жеңілдік: бұрын гранттың өтемі ретінде оқу бітірген студент 3 жыл сонда қалып жұмыс істесе, қазір бұл мерзім 2 жылға қысқарған. Сонымен қатар бір ғана облыспен шектелмейді. Республиканың 11 өңірінің біріне жолданады. «Серпіннің» енді бір пайдасы – оңтүстік пен батыс өңірлерінің студенттері солтүстік пен шығысқа оқуға барып, түбінде сол жақта тұрақтап қалса, ішкі көші-қон мәселесі де реттеледі.
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ректоры Н.Дулатбеков Instagram әлеуметтік желісі арқылы ата-аналар мен талапкерлерден сауал көп түсетінін айтады. Міне, оңтүстікке арнайы келуінің бір себебі осы. Ректор күн сайын жеке өзі университеттің Instagram желісінің парақшасында 40-50-ге жуық талапкермен тілдесетінін жеткізді. Бұл мектеп түлектері мен олардың ата-аналарының мемлекеттік «Серпін» бағдарламасына қызығушылығы жоғары екенін айғақтайды.
Ал «Серпінмен» бала оқытып жатқан республикадағы 19 жоғары оқу орнының ішінде академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің бәсі биік. Себебі бүгінде елімізде 6000-дай студент аталған бағдарламамен білім алса, соның 2000-ы Қарағанды зерттеу университетінің үлесіне тиесілі. Ал талапкерлердің дені 19 жоғары оқу орнынан академик Е.А.Бөкетов есімін иеленген оқу орнын таңдауы – білім сапасы мықты болса керек. Сондай-ақ мұнда студенттерге барлық әлеуметтік жағдай жасалған.
Ал Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің құжат қабылдау бөлмесі нағыз қарбалас. Осында құжат өткізіп жүрген талапкерлерді ата-аналарымен көп кездестірдік. Соның бірі – Түркістан облысы Бәйдібек ауданының орталығы Шаян елді мекеніндегі С.Жаппаров атындағы орта мектептің түлегі Ләйлә Әсет. Ол ұлттық бірыңғай тестілеуден 89 балл жинап, грантқа іліге алмағаннан кейін «Серпін» арқылы оқуға түсуге құжатын арқалап осында келген.
«Анамның ақылымен әрі өзімнің қалауыммен мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланып көрсем деймін. Сол мақсатпен үмітімді үкілеп, құжатымды әкеп тапсырдым. Өтінімге Арқалық, Өскемен, Семей, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл қалаларын таңдадым. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алғым келеді. Бәрінен бұрын мені тегін оқу қызықтырды. Студенттерге де жақсы жағдай жасалған деп естідім. Сондықтан туған жерімнен жырақта оқуға бел байлап отырмын. Оның үстіне қазақтың зиялы қауымының алтын бесігі болған Арқа мен Семей өңірінің жоғары оқу орындарында білім сапасы мықты екені белгілі. Сондықтан ұлт қаймақтарының ізі қалған жерде білім қуып, нағыз маман иесі атансам деген ниетім бар», деді ол.
Айта кетейік, жалпы грант конкурсына құжат қабылдау рәсімі биылғы 13-20 шілде аралығында өтсе, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының талапкерлері үшін бұл мерзім 13-24 шілдеге дейін жалғасады.
ШЫМКЕНТ