Петропавл ауыр машина жасау зауытының бұрынғы бас директорына қатысты үкім шықты. Ол аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін 11 жылға сотталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Аталған қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігі тергеген. Тергеу нәтижесінде 2022 жылы зауыт Қорғаныс министрлігінен әскери техниканы жөндеуге тапсырыс алғаны анықталды. Тапсырысты орындау кезінде жеке кәсіпкер жалпы сомасы 283,3 млн теңгеге қосалқы бөлшектер жеткізуге шарт жасасқан.
Орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны және шартты орындау кезінде жалпы қамқорлығы үшін бас директор атқарушы директор арқылы кәсіпкерден 100 мың АҚШ доллары (45 млн теңге) сомасында пара алған.
«Зауыттың бұрынғы бас директоры аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін 11 жылға, атқарушы директор төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар мемлекет кірісіне 40 млн теңге пара сомасына сатып алынған пәтер тәркіленді. Қалған 5 млн теңге сотталғандардан тең үлестермен өндірілді», делінген хабарламада.