• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Шілде, 2024

Зауыттағы апат: кінәлілер жазаланады

108 рет
көрсетілді

Өткен сенбі күні сағат таңғы төрттен аса «YDD Corporation» ЖШС-ның ферроқорытпа зауытында №1 пештен жалын атқылады. Оттың қатты жалынынан сегіз адам зардап шегіп, күні кеше денесінің 85 пайы­зын күйік шалған бір жұмысшы көз жұмды.

Денесінің көп бө­лігін күйік шалған жұ­мысшылар Х.Мақажа­нов атындағы көпбейінді ауруханада ем-дом қабылдап жатыр.

«Науқастардың көбі термия­лық күйік алған. Бесеуінде күйік дәрежесі 70 пен 100 пайыздың арасында. Басы, аяқ-қолы ғана емес, тағы да ингаляциялық күйік­пен зақымданған. Сон­дықтан жағдай­лары өте ауыр. Дәрігерлер нау­қастарды жіті бақылап, едел-жедел ем-домын жасап жатыр», дейді Профессор Х.Мақажанов атындағы көп­салалы аурухананың травматология орталығының басшысы Берік Тілеубаев.

Денсаулық сақтау министр­лігінің тапсырмасымен қосымша медициналық көмекті көрсету үшін Қарағандыға Ака­демик Н.Бәтпенов атындағы Ұлт­тық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарысов бас­таған қызметкерлер арнайы келді. Медициналық топтың құ­­ра­мында тәжірибелі комбус­тиолог-реаниматологтер бар.

Өкінішке қарай, дәрігерлер 30 жастағы Мұзафар Исмай­лов­тың жанын арашалай алмады. Марқұмның денесінің 85 пайызы күйген. Қа­ралы хабарды компания жет­кізіп, отбасына барынша көмек көрсетеміз деді.

«Әріптесіміз, пеш бас­ты­ғы Мұзафар Исмайлов ауру­ханада қайтыс болды. Біз Мұза­фардың отбасы мен оның жа­қындарына осынау қиын сәтте қайғыларына ортақ­тасып, көңіл айтамыз. Сондай-ақ оның отбасы мүшелерінің осы қиын кезеңнен өтуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», деп хабарлады «YDD Corporation» компаниясы.

«YDD Corporation» қаза бол­ған қызметкерінің отбасына қажетті қолдауды көрсетеміз деп уәдесін берді. Нақты айтқанда, марқұмды ақтық сапарға шы­ғарып салу шығындары мен оның отбасының барлық не­сие­сін жауып, тұрғын үй жағ­дайын жақсартуға көмек береді. Онымен қоса компания 10 жыл­дық жалақы мөлшерінде қар­жылық көмек төлейді.

Ферроқорытпа зауытында болған жазатайым оқиғаның себебі мен мән-жайды анықтау үшін еңбек заңнамасына сәйкес арнайы комиссия құрылды. Оны Еңбек инспекциясы басқар­масының басшысы Мұрат Қара­кекілов басқарады. Комиссия құ­рамында барлық уәкілетті мем­ле­­кеттік органдардың өкілдері бар.

Оқиға орны тексеріліп, жазатайым оқиғаның куәгер­леріне сауалнама жүргізілді, техникалық құжаттамамен танысу жұмысы жүріп жатыр.

Зауыттағы оқыс оқиғаны тергеп-тексеру облыс басшы­лығының тұрақты бақылауында. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлек­паев зардап шеккен қызмет­керлердің туыстарымен кездесті. Сонымен қатар дәрігерлер мәлі­метін тыңдады.

«Ферроқорытпа зауытында болған оқыс жағдайдан, өкінішке қарай, 8 қызметкер зардап шек­ті, біреуі қаза болды. Зардап шек­кен азаматтарға қажетті медици­налық көмек көрсетіліп жатыр. Меди­цина қызметкерлері қолдан кел­ген­нің бәрін жасайды», деді облыс әкімі.

Төрт адамның жағдайы өте ауыр, үшеуінің жағдайы күр­делі. Бұл туралы облыс­тық денсаулық сақтау басқар­ма­­сының басшысы Бибігүл Төлегенова хабарлады.

Бұл оқиғаға байланыс­ты фер­­­роқорытпа зауытында Қыл­мыстық кодекстің 156-бабының 2-бөлігі бойынша, яғни «Абай­сызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан ең­бекті қор­ғау ережелерін бұзу» бо­йын­ша қылмыстық іс те қоз­ғалды. Тергеу шаралары бойынша қо­рытынды жасалады.

Қарағанды облысы