• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әлем 24 Шілде, 2024

Әлем қалай өсіп-өнбек

185 рет
көрсетілді

Қазір әлемдегі халық саны 8 миллиардтан асты. Тез өсіп-өну азық-түлік пен әлеуметтік мәселелердің уақтылы әрі орнықты шешілуін қажет етеді. Осы мақсатта БҰҰ әлемдегі халық санының есебін тұрақты түрде жүргізіп келеді. Біз БҰҰ-ның Дүниежүзілік халық санының болашағы есебі туралы айтуды жөн көрдік. 28-басылым тарихи демографиялық үрдістерді сараптау негізінде 237 ел немесе аймақ бойынша 1950 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі халық санының бағалауын ұсынады. Сондай-ақ зерттеуде 2100 жылға арналған халық санының болжамы берілген.

Зерттеудегі бол­жамдарға сүйенсек, 2084 жылы жер шарын­дағы халық саны 10,3 млрд-қа жетеді. Ал 2100 жылға қарай ол 10,2 млрд-тан сәл ғана аз болады. Соны­мен қатар орташа өмір сүру ұзақтығы бірте-бірте артып, 21 ғасырдың соңына қарай 81,7 жасты құрайды: ерлер 80 жастан сәл аз, әйелдер – 84 жас.

Мамандардың талдауын­ша, 2100 жылы халық санының ең үлкен табиғи төмендеуі Қытай мен Үндістанда байқалуы мүмкін. Онда өлім-жітім бір жылдағы туу көрсеткішінен 10,5 млн және 7,4 млн адамға асып түседі. Осыған қарамастан олар әлемдегі халқы ең көп екі ел болып қала бермек. Бол­жам бойынша 2100 жылы халық саны Қытайда 638,6 млн, ал Үн­дістанда 1,51 млрд адамды құрайды.

Халықтың ең жоғары табиғи өсімі 2100 жылға қарай Конго, Танзания, Эфиопия және Пәкіс­танда болады. Ал халық саны келесі мемлекеттерде төмендейді: Ресейде 126,4 млн адам (Росстаттың мәліметі бойын­ша қазіргі халық саны 146,2 млн), Германияда – 70,9 млн адам (қазір 83,8 млн), Украинада – 15,3 млн адам.

Сонымен қатар қазір әйелдер орта есеппен 1990 жылмен салыс­тырғанда бір балаға кем туады. Дүниежүзі елдерінің жартысынан астамында туу деңгейі бір әйелге шаққанда 2,1 баладан аз. Бұл халықтың табиғи өсімін сақтау үшін қажетті деңгейден төмен. Қазір Қытай, Италия, Оңтүстік Корея және Испания секілді мемлекеттер «әсіре төмен» туу көрсеткішімен бетпе-бет келіп отыр. Онда 1 әйелге өмір бойына 1,4 баладан келеді.

Есепке сүйенсек, 2024 жылы туу деңгейі өте төмен 24 елде келесі 30 жылда бір әйелге 2,1 баладан болуының қайталану ықтималдығы өте төмен (0,1%). 2030 жылдың соңына қарай бұл мемлекеттердегі 15 пен 49 жас аралығындағы (репродуктивті жас) әйелдердің үлесі тез тө­мендеп жатқандықтан, бала тууды арттыруға бағытталған саясаттардың тиімділігі азаяды.

Сондай-ақ 2070 жылдардың соңына қарай жер бетінде 18 жасқа толмағандарға қарағанда 65 жастан асқан адамдар саны (2,2 млрд) көбірек болмақ. 2030 жылдың ортасына қарай 80 және одан жоғары жастағы адамдардың саны 265 млн-ға жетуі мүмкін. Бұл бір жастағы немесе одан кіші нәрестелер санынан әлдеқайда көп болмақ. Тіпті халық санының өсімі жоғары және салыстырмалы түрде жас демографиясы бар елдерде де алдағы 30 жылда 65 және одан жоғары жастағы адамдардың саны артады деп күтіледі.

Әйелдер орта есеппен ерлерге қарағанда ұзағырақ өмір сүре­тіндіктен, олар барлық дерлік популяцияда егде жастағы ерлерден асып түседі. Саясаткерлер зейнеткерлік жәр­демақыларға тең қолже­тімділікті қамтамасыз ету, әйел­дердің денсаулығының қажет­тіліктеріне басымдық беру үшін әлеуметтік қолдау жүйе­лерін күшейту арқылы әйелдердің өмір сүру ұзақтығын қарастыруы керек.

Есепте көрсетілген деректерге мән берсек, 100-ге жуық елде 20 мен 64 жас аралығындағы адамдардың үлесі 2054 жылға дейін жалпы халық санынан жылдам өседі. Бұл демографиялық бонус ретінде белгілі экономикалық өсу мүмкіндігін ұсынады. Демо­графиялық бонус туу көрсет­кішінің төмендеуі есебінен ең­бекке жарамды халықтың үлес салмағының өсуі туындаған кезде пайда болады. Бұл мүмкіндікті барынша пайдалану үшін жақсы экономикалық және әлеуметтік стратегия қажет.

Әлем халқының 28%-ын құрайтын 63 ел 2024 жылға дейін халық санының шыңына жетті. Бұл топқа Қытай, Германия, Жапония және Ресей кіреді. Аталған елдерде алдағы 30 жылда халық саны 14%-ға азаяды деп күтіледі. 2024 жылы кемінде 90 000 халқы бар ел­дер мен аймақтар арасында 2054 жылға қарай ең үлкен құл­дырауды Албанияда, Босния және Гер­цеговинада, Литвада, Пуэр­то-Рикода, Молдова Респуб­ликасында байқауға болады.

Зерттеуде мамандар 2024 жылы әлем халқының 10%-ын құ­райтын 48 елде халық саны 2025-2054 жылдар аралығында ең жоғары деңгейге жетеді деп Бразилия, Иран, Түркия, Вьет­нам мемлекеттерін атап өтеді. Бұл елдерде халық саны алдағы 30 жылда 5,3%-ға артады. 2054 жылға қарай ең үлкен салыс­тырмалы өсім Бутан, Колумбия, Кипр, Иранда болады деп күтіледі.

Қалған 126 ел мен аймақта популяция 2054 жылға дейін өсуді жалғастырып, 2100 жылдан кейін шыңына жетуі мүмкін. Бұл топқа Үндістан, Индонезия, Нигерия, Пәкістан, АҚШ сынды әлемдегі халқы ең көп елдердің бірнешеуі кіреді. Бұл ел­дерде 2054 жылға дейін халық саны 38%-ға артады деп күтіледі. Осы елдердің тоғызында (соның ішінде Ангола, Орталық Африка, Конго, Нигер, Сомали бар) халық санының өсуі 2024 және 2054 жылдар аралығында екі есе болуы мүмкін.

Қорыта келгенде, атал­ған есеп әлем халқының де­мо­гра­фия­­лық өсімі мен келешек дамуы­на қатысты жан-жақты талда­малық материалдарымен, ста­тис­тикалық мәлімет­терімен ғалым­дар мен мамандар үшін құнды ақпарат көзі болып отыр.

Мария ЖЫЛҚЫШИЕВА, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы