Әулиекөл ауданында «Балдәурен» балалар лагерінің ашылу салтанаты өтті. Аманқарағай орманындағы тұмса табиғат аясына орналасқан лагерьдің құрылысына «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының әлеуметтік қолдау жобасы аясында 268 млн теңге қаржы бөлінген.
Жазғы демалыс орнының 1961 жылы салынған ескі ғимараты осыдан екі жыл бұрын бүкіл орманды шарпыған алапат өрт кезінде жанып кеткен. Дүйім елді дүр сілкіндірген төтенше жағдайдан кейін ең бірінші кезекте баспанасыз қалған тұрғындар үшін жаңа үйлер салынды.
Өткен жылы облыс әкімдігінің бастамасын қолдаған «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры өрт болған орман алқабындағы балалар лагерін қайта қалпына келтіруге қомақты қаржы бөлген. Содан бері бас-аяғы бір жылдың ішінде жаздай 300 оқушыны қабылдай алатын демалыс орны балаларға есігін айқара ашты. Жазғы лагерьдің аталған қоғамдық қордың қолдауымен ашылғанын салтанатты рәсімге арнайы келіп қатысқан аймақ басшысы да атап өтті.
«Бұл – Әулиекөл ауданындағы 4 мыңға жуық бала асыға күткен лагерь. Алдағы уақытта мұнда тек аудан оқушылары ғана емес, облыстың барлық өңірінен балалар келіп демалып, денсаулықтарын жақсартатын болады. Осының бәрі «Қазақстан халқына» қорының қолдауының арқасында жасалып жатқан дүние. Аталған қор кейінгі 3 жыл ішінде облыстың білім беру саласын дамытуға 3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлгенін де атап өту керек. Бүгін ашылып отырған лагерьге облыс бюджетінен бөлінген 13 млн 400 мың теңге қаржыға қажетті жиһаздар мен басқа да керек-жарақтар сатып алынды. Сондай-ақ абаттандыру жұмыстарына 122 млн теңге бөлінді. Сахна, воркаут, спорт алаңдары және шағын сәулет нысандары орнатылды», деді Құмар Ақсақалов. «Балдәурен» бір ауысымда 100 баланы қабылдай алады. Яғни 3 ауысымда 300 оқушы демалады. Лагерь спорт, музыка, туризм және экология саласын қамтыған төрт бағытта жұмыс істейді. Тәрбиешілердің айтуынша, аталған бағыттар балалардың шығармашылық қабілетін ұштауға мүмкіндік береді.
Биыл өңірде 11 қала сыртындағы жазғы лагерьде 9 мыңнан аса балдырған есейгенше естен кетпес бал күндерін өткізіп жатыр.
Қостанай облысы