• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
«Таза Қазақстан» 24 Шілде, 2024

Тазалық қоқыс тасталмаған жерде болады

117 рет
көрсетілді

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Ұлытау облысының қалалары мен аудандарында экологиялық іс-шаралар өтіп, өңір тұрғындары туған өлкені абаттандыруға зор үлес қосты. 

Барлық қала мен ауданда санитарлық тазарту шаралары өтті. Құрал-жабдықтармен жабдықталған  жергілікті билік, қоғамдық ұйымдар өкілдері, жастар, белсенділер және тазалыққа бейжай қарамайтын азаматтар сенбілікке үлкен ықыласпен шықты. Олар ластанған көшелерді, аулаларды, саябақтар мен алаңдарды тазартты. Айталық, Сәтбаев қаласының еңбек ұжымдары өндірістік кәсіпорындардың аумақтарында тазалау, сырлау, әктеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, тұрғын үйлердің аулаларында да жұмыс қызу жүріп жатты. «Үздік аула» акциясын облыстың барлық ПИК-тары қолдады. Тұрғындармен бірге олар бірге тазалық орнатып, ағаштарды суарып, гүлзарларды ретке келтірді.

Жаңаарқа және Ұлытау аудандарындағы сенбілік негізінен бұлақтардың және өзен-көлдердің маңында өтті. Ұлытау ауданының тұрғындары келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін «Күміс бұлақ», «Тасбұлақ» бұлақтарының айналасын абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Жаңаарқалықтар Сарысу өзенінің жағасын қоқыстан тазартып, шомылу орындарын ретке келтірді.

Жезқазған және Сәтбаев қалаларында мектепке дейінгі мекемелердің аумағында «Құстарға қамқорлық» акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында ата-аналар балаларымен бірге құстарға ұя жасап үйлерін жасап, ағаштарға орнатты. 

Экологиялық акцияны өткізуге «Жасыл ел» жастар жасақтары да белсенді атсалысты.

«Тазалық тазартылған жерде емес, қоқыс тасталмаған жерде. Сондықтан, біз жерлестерімізді тазалықты сақтауға және бізге қосылуға шақырамыз», дейді Сәтбаев қаласындағы «Любавушка» орыс этномәдени орталығының төрағасы Инна Мосунова.

Сенбілікке облыс бойынша 4600-ден астам адам қатысты, 70-ке жуық  техника жұмылдырылды, 90 тоннадан астам қоқыс шығарылды.