Алдағы жылу беру маусымының үзіліссіз өтуін қамтамасыз ету үшін Үкімет резервінен Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне шамамен 4,9 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаражат Орал қаласындағы екі жылу магистралін реконструкциялауға бөлінеді. Олар тәуекелдің «қызыл аймағындағы» 19 жылу көзінің тізбесіне кіреді. Мемлекет басшысы Үкіметке оларды басым тәртіппен жаңғыртуды тапсырған еді.
Премьер-министр биыл ақпан айында өңірге жұмыс сапары барысында әкімдікке көп кідіртпей реконструкциялауды талап ететін жылумен қамту нысандары бойынша құжаттама дайындауды тапсыруы бойынша ТМ-5 және ТМ-2 жылу магистральдары бойынша жобалар дайындалған.
Орал қаласындағы ұзындығы 1,6 шақырым болатын ТМ-5 жылу магистралі 1987 жылы пайдалануға берілген, оның тозуы 80%-ды құрайды. Жөндеу жұмыстарына 574 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Екінші жоба 4 шақырым ТМ-2 жылу магистралін реконструкциялауды қамтиды, оның тозу деңгейі – 75%. Жобаны 4,3 млрд теңге көлемінде қаржыландыру көзделген.
Аталған екі учаскеде де күрделі жөндеу бұрын-соңды жүргізілмеген.
Бөлінген қаражат 106 көпқабатты үй мен 20-ға жуық әлеуметтік нысанды, яғни 24 мың абонентті, балабақшалар, мектептер, колледждер, ауруханалар мен емханаларды үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.