• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәдениет 24 Шілде, 2024

«Бурабай» ұлттық паркінде мультимедиялық интерактивті кешен ашылды

123 рет
көрсетілді

Бүгін «Бурабай» ұлттық паркінде Қазақстандағы ең жоғары технологиялық интерактивті мұражайлардың бірі, Абылай хан алаңында орналасқан мультимедиялық интерактивті кешен ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кешеннің салтанатты ашылу рәсіміне Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжанов, Президент Іс басқарушысының орынбасары Рустам Баялиев және тағы басқалар қатысты. «Бурабайдың тұмса табиғатын, тарихи-мәдени байлығын көпшілікке таныту – өте өзекті. Бүгінгі заманауи инновациялық кешеннің ашылуы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызды қадамдардың бірі деп есептеймін. Мұнда жастар өңірді ғылыми-шығармашылық тұрғыдан терең зерделеп, рухани кемелденіп, мол тағылым алады деп сенемін», деді Аида Балаева.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше кешен 2021 жылы іске қосылып, 3 жылдан соң тұжырымдамасы қайта қаралып, соңғы анимациялық және аудиовизуалды технологияларды қолдана отырып жаңартылған.

«Кешеннің Абылай хан алаңында орналасқаны – ерекше оқиға. Бұл жер еліміздің киелі орындарының тізіміне кіреді және Бурабай курортының ең басты көз тартар орны. Мультимедиялық орталық демалыс пен ойын-сауық орны ғана емес, сонымен қатар мәдени пікір алмасу орталығы болатынына сенемін», деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Кешен Ұлы Дала мұрасы, Қазақстанға саяхат, Самұрық құсының ұшуы, Батырлар даласы, Мәңгілік Ел, Ұлы Дала тарихы, Қазақтың тарихи тұлғалары, Уақыт дәлізі, Абылай хан батасы деп аталатын тоғыз тақырыптық аймаққа бөлінген. Бұл әрбір келушіге қазақ мәдениетін сезінуге және ел тарихымен танысуға мүмкіндік береді. Айта кетсек, визит-орталықтарға жыл сайын мыңдаған адам келеді. Іле-Алатау ұлттық саябағындағы Түргенсай және Шарын шатқалы секілді ең танымал жерлерді жылына 300 000 адам тамашалайды. Аталған сандық деректер – сол жерлердің ерекшелігінен бөлек, елдің мәдени мол мұрасын сақтауға және насихаттауға ықпал ететін инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.