Арбаға таңылғанымен, жұмыстан қол үзбей келе жатқан Дархан Хамитовтің өнеріне, өмірге деген құлшынысына қарасаңыз, сандалып, жұмыс таппай жүрген зіңгіттей жігіттерді аяп кетер едіңіз. Дархан шеткері жатқан Бозша ауылында тұрады. Соның өзінде электр техникаларын жөндетуге ауданның түкпір-түкпіріндегі ауылдардан тапсырыс түседі.
Техниканың тілін жақсы меңгерген шебер кәсібін дөңгелетіп отыр деген соң, күре жолдан үш шақырымдай жердегі Бозша ауылына арнайы бұрылғанбыз. Дархан шебер магнитофон, шәугім секілді ұсақ-түйек техникаларды арбасы айнала қоймайтындай шағын бөлмеде отырып жөндейді. Ал жаздың күні ауласындағы гаражды шеберханаға айналдырады.
– Теледидар, көліктің магнитофонын, «Отау тв» секілді тұрмыстық техникаларды жөндеймін. Қыстың күні ұсақ заттарды үйдегі шағын шеберханада жөндесем, теледидар секілді дүниені басқа бөлмеге шығарып алып, құрастырамын. Жазда жақсы, кең гаражда жұмыс істей беруге болады, – дейді Дархан Төлепқазыұлы.
Оның еңбекқорлығына, біліміне жерлестері риза. Алайда жер бетіндегі пенде тағдырдың жазуынан қайда қашып құтылады? Шебер биылдан бастап денсаулығына байланысты І-топқа өткен. Үкімет тарапынан 569 мың теңге бөлініп, жаңа арбаға қол жеткізген. Айтуынша, ол арбасы төрт жылда бір жаңартылып отырады. Сонымен қатар мемлекет тарапынан арнайы аяқкиім берілген. Одан бөлек, дәрі-дәрмек, ем-дом жағынан да көмек бар деседі. Белгілі бір уақытта сауықтыру санаторийлеріне барып та тынығады, емін алып келеді. Қамқоршы болып отырған жолдасына да тиісті төлем қарастырылған екен.
Дархан Төлепқазыұлы осыдан төрт жыл бұрын мемлекеттен 560 мың теңге грант алып, кәсібін кеңейткен. Электр техникаларын жөндеу үшін құрал-жабдықтар алған, тағысын тағы. Байқағанымыздай, Дархан автокөліктердің дабыл белгілерін де орнатады. Шындықты айтсақ, білімді автоэлектриктер қалалық жердің өзінде тапшы. Мұндай шеберлікті қайдан үйрендің дейміз ғой Дарханға, сөйтсек бала күнінен әкесі баулыпты.
– Өзім техникаға кішкентай күнімнен қызықтым. Магнитофон секілді дүниелерді бұзып, қайта құрап жүретінмін. Сол қызығушылығымды байқаған әкем 12 жасымнан бастап, бағыт-бағдарын бере бастады. Оқытты, тәрбиеледі. Соның арқасында нан тауып отырмыз, – дейді шебер.
Дарханның шеберлігін шыңдауға тағы бір себеп болған – ауылға 4G интернетінің тартылуы еді. Оған дейін техника жөндеудегі түйткілді сұрақтардың жауабын өзі іздеп, шарқ ұрып жүрсе, қазір интернет иірімінен кез келген сұраққа жауап табады. Тіпті этап бойынша көрсетіп тұрып береді. Дарханның қолы ұзартқаны – сол. Айтып отырғандай, тапсырыс үзілмейді. Күніне кемі екі-үш электр техникасын жөндеп жібереді. Осылайша, отбасын асырап, қарапайым күн кешіп жатыр. Кәсіп мұнымен тоқтамайды дейді. Әкімдік тарапынан тағы қолдау болса, шеберханасын аудан орталығы Ақжардан ашуды көздеп отыр. Ол дегеніміз, жалпы аудан тұрғындары үшін қолайлы болмақ.
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы,
Бозша ауылы