Өкінішке қарай, Қарағандыдағы YDD Corporation жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ферроқорытпа зауытындағы апаттан қаза болғандар саны төрт адамға жетті. Денесі қатты күйген екі жұмысшы әлі жансақтау бөлімінде жатыр.
Жайсыз хабар компанияның әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. Жиырма бес жастағы технолог Ерұлан Қазкен, балқыту цехының механигі Адамчук Дмитро, бас механик қызметінің шебері Төлеген Жетпісбаев күйіктің салдарынан қаза болды.
22 шілде күні зауыттың 30 жастағы жұмысшысы Мұзафар Исмайлов алған жарақатынан қайтыс болған еді. Оның денесінің 85 пайызы күйген. Марқұм Бұқар жырау ауданы Үміткер ауылына жерленді.
Дәрігерлердің сөзінше, ауруханада жатқан екі адамның жағдайы ауыр, ал екі жұмысышының беті бері қарады.
– Профессор Х.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың комбустиология бөлімінде орналасқан Қарағанды ферроқорытпа зауытының зардап шеккен екі жұмыскеріне жалпы жағдайының жақсаруына байланысты емдеу режімі жеңілдетілгенін хабарлаймыз. Енді пациенттер палатада қозғала алады, жақын туыстарының келуіне рұқсат етіледі. Күйік жарақатымен түскен зардап шеккендердің екеуінің жағдайы жақсаруына байланысты жалпы палаталарға ауыстырдық. Олар шок күйінен шығарылды. Науқастарға күйікке қарсы шараларға бағытталған қосымша терапия жүргізіліп жатыр. Екі науқас өте ауыр жағдайда реанимацияда. Олардың өмірі үшін күрес жалғасуда. Қарқынды терапия жүргізілуде, – дейді профессор Х.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың травматологиялық орталығының басшысы Берік Төлеубаев.
Бұған дейін жазғанымыздай YDD Corporation қаза болған қызметкерлерінің жаназа намазының барлық шығынын өтеп, отбасына қажетті қолдауды көрсетеміз деп уәдесін берді. Отбасының барлық несиелерін жауып, тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмек береді. Онымен қоса, компания 10 жылдық жалақы мөлшерінде қаржылық көмек төлейді.ҚР Еңбек кодексіне (188-баптың 4-тармағы) сәйкес, ҚР бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұловтың төрағалығымен топтық оқыс оқиғаны тергеу жөніндегі республикалық арнайы комиссия құрылды, онда оқиғаның себептері анықталып, кінәлі адамдар жазаланады.
Комиссия құрамына Қарағанды облысының бас мемлекеттік еңбек инспекторы, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің аумақтық департаментінің өкілі және жұмыс беруші кірді.
Қарағанды облысы