• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Шілде, 2024

Техникалық бағытқа басымдық

38 рет
көрсетілді

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен ғылым және жоғары білім саласы туралы онлайн брифинг өтті. Онда сала басшысы министрліктің атқарған жұмысы, ғылыми инфрақұрылым мен жоғары білім беруді дамыту, сондай-ақ шетел жоғары оқу орындарының елімізде ашылған филиалы туралы әңгімеледі. Сонымен қатар жоғары сапалы зерттеу мен әзірлеме жүргізуге мүмкіндік беретін университеттер жанындағы зертхана мен зерттеу орталығын жаңғыртуға баса назар аударылғанын сөз етті.

Сонымен, елімізде шетел жоғары оқу орындарының филиалын ашудың төрт негізгі қағидаты белгіленді. С.Нұрбек шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалын ашу Мемлекет басшысының тапсырмасы екенін айта келіп, бұл Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында іске асып отырғанын жеткізді.

 «Біріншіден, біз өңірлік университеттерге басымдық беріп, еліміздің бір аймағында ғана шетелдік филиалдардың шоғырлануынан аулақ боламыз. Жоғары білімді интернационалдандыру еліміздің барлық саласын қамтыды.

Екіншіден, халықаралық ынтымақтастық Қазақстанның барлық негізгі серіктесін қамтиды. Қазір елімізде АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Ресейдің жоғары оқу орын­дарының филиалы жұмыс істейді. Енді Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Өзбек­стан университетінің филиалы ашылады.Үшін­шіден, біздің ха­лық­аралық білім беру ынтымақтастығымыз ел экономикасының нақты қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған. Шетелдік университет филиалдарының оқу бағдарламасының 95 пайызы техникалық бағытқа ие болып отыр. Төртіншіден, академиялық және ғылыми ұтқырлықты ынталандыру – халықаралық ынтымақтастықтың басты басымдығының бірі», деді ол.       

Былтыр еліміздегі 74 жоғары оқу орны академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асырып, оған 2 мыңнан аса отандық студент қатысты. Биыл 328 отандық жас ғалым АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Түркия, Ресей, Франция және тағы басқа елдердегі беделді зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтеді.

Сондай-ақ Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылғаннан бері елімізді өңірдегі баламалы білім беру және зерттеу хабы ретінде орналастыру міндеті қойылғанын айтты. Әсіресе жоғары білімді субсидиялау саласынан салықты, жаңа жұмыс орнын құру, университет ғылымын дамыту және жеке инвестицияларды тарту секілді экономиканың негізгі секторына айналдыру маңызды. Министрлік шетел филиалдарының көмегімен өңірлік жоғары оқу орындарын халықаралық зерттеу университетіне айналдыруға мақсат тұтып отырғанын атап өтті.