Қорғаныс министрлігіне қарасты Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында талапкерлердің оқуға құжат тапсыру үдерісін жеңілдету және күту уақытын қысқарту үшін QR-коды арқылы тіркеу жүйесі енгізілді.
Қазіргі уақытта әскери оқу орнында 2024-2025 оқу жылына құжат қабылдау жүріп жатыр. 30 шілдеге дейін жалғасатын іс-шарада екі жүзден астам талапкерді қабылдау жоспарланып отыр.
Іріктеу үдерісі ҰБТ нәтижелерін, психологиялық тестілеуді, медициналық комиссия нәтижесін және дене шынықтыру деңгейін тексеруді қамтиды. ҰБТ-ның төрт пәнінен кемінде 50 балл жинаған және арнайы тексеруден өткен талапкерлер әскери оқу орнына қабылдануы мүмкін.
Институтта радиоэлектроника, радиотехника және инжиниринг, автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік және киберқауіпсіздік жүйелері, әскери құрылыс, әскери журналистика және дирижерлік сияқты салаларда мамандар даярланады.
Қабылдау комиссиясының талапкерлерді қабылдау туралы шешімінен кейін оқу орнымен білім беру қызметтерін көрсетуге шарт және әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасалады. Курсанттар жатақханамен және тамақпен толық тегін қамтамасыз етіледі. Оқуды аяқтағаннан кейін түлектерге жұмысқа орналасуға кепілдік беріледі және әскери лауазымдарға тағайындалады.
Биыл Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты бес жылдан төрт жылдық оқу мерзіміне көшті. Бұл өзгеріс оқу үдерісін оңтайландыруға және тез өзгеретін талаптар мен дамып келе жатқан технологиялар жағдайында мамандарды даярлау сапасын жақсартуға бағытталған. Әскери оқу орнында оқытудың заманауи әдістерін енгізу, білім алу және курсанттардың кәсіби өсуі үшін барлық жағдай жасалған.