Жуықта кезекті еңбек демалысына шығып, кіндігім кесілген Бай-Өлкеге бардым. Әдеттегідей аймақтық музейге бас сұқтым. Төрде тұрған алып домбыра бірден көзге шалынды.
Жәдігерге жанар тоқтатып қарадық: домбыраның құлақбұрау қондыратын ұшар басында аң бүріп отырған бүркіт бейнесі қашалыпты. Қыран құс беймәлім мистикалық жануардың құйқасын шеңгелдеп отыр. Ұзын мойнына 20 жерден перне орнатып, бес жеріне сүйектен жонып жасаған жапырақ ою шекітіліпті.
Домбыраның мойынтұғырына Бай-Өлкенің гербісі қондырылып, астына ақ самырсынды шеңберлеп ойып, ортасына жүреккөз ою салыпты. Жәдігердің қасбетінің қос қапталын қазақтың қошқар мүйіз өрнегімен қаптаған. Шанақтың тиек орналасқан бөлігінің үстіне кішкентай сары мыс тақта шекітіліпті. Оған «Бұл домбыраны музейге Стамбул Әбдіханұлының отбасы сыйлады. Салмағы – 100 кило, биіктігі – 3 метр. Эрденет қаласының тұрғыны, шебер Ч.Энх-Отгон жасады. 2014 жыл» деп жазылған екен.
Осы тақтада айтып, аты аталған «Стамбул Әбдіханұлы» кім дегенге тоқталсақ, бұл адам 1940 жылы Бай-Өлке жерінде туыпты. Ұзақ жыл Эрденет кен байыту өндірісінде қатардағы шахтер, кейін алып машина «БелАз» көлігін жүргізіпті. 2001 жылы Моңғолия президентінің жарлығымен «Еңбек сіңірген өндірісші» атағын алыпты. 2019 жылы бақиға аттанған. Марқұм сонау бір қиырда жүрсе де, туған жеріне мына бір жәдігерді сыйлап кетіпті.