Жуырда академик Қ.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейіне ғалымның 125 жылдығы және әйгілі археолог Кемел Ақышевтың 100 жылдығына орай Кемел Ақышевтың немересі Мая Әлішерқызы келді.
Ата-бабасы туып-өскен Баянауылдың киелі топырағына алғаш келіп отыр екен. Мая Ақышева бүгінде Түркия елінде тұрады. Мамандығы журналист-тілші.
Дарынды ұрпақ дарыған Шорман мен Сәтбай әулеті – баршаға әйгілі тұқым. Кемел Ақышұлы осындай асылдардың сынығы, әкесі Ақыш Шорман әулетінен. Нақты айтсақ, Шорманнан аты Алашқа әйгілі Мұса мырза Шорманұлы, Мұстафа Шорманұлы, кезінде Сәтбай атамыз бен қасиетті Меккеге қажылыққа барып, сол жерден топырақ бұйырған Иса қажы Шорманұлы және Әужан Шорманұлы туған. Кемел Ақышев осы Әужаннан тарайды. Анасы Ғазиза Имантайқызы – Қаныш Имантайұлының туған әпкесі. Ақыш атамыз бен Ғазиза әпкеміз отбасында сегіз перзент көреді. Қазақ халқының басынан өткен қасірет – ашаршылық бұл әулетті де айналып өтпеген. Өкінішке қарай, Ришат, Қамар және Кемелден өзге балалары аштық жылдары көз жұмады. Ақыш Әужанұлы мен Ғазиза Имантайқызы 30-жылдары аштықтан қайтыс болған.
Кемел Ақышұлы анасы қайтыс болған соң, нағашы ағасы Қаныш Имантайұлының тәрбиесінде болғаны белгілі. Алматыдан мектеп бітірісімен 1942 жылы өзі сұранып соғысқа аттанған. Майданнан 1944 жылы ауыр жарақат алып, елге оралады. Осындай қиын кездерді басынан өткерген әйгілі археолог қазақ ғылымында өшпес із қалдырған ғалым бола білді. Жалпы, Шорман, Сәтбай өрен-жарандары еліміздің басынан өткен барлық айтулы оқиғалардың бел ортасынан табылған. Екінші дүниежүзілік соғыста Кемелмен қатар бауыры Қамар Ақышев пен Ғалымтай Сәтбаев та ел қорғаған. Бір әулеттен құрбан болған үш арыс Әбікей Зейінұлы, Ғазиз (Бөкеш) Имантайұлы, Әбдікәрім Жәмінұлы Сәтбаевтардың үшеуі де – елге аса қадірлі де айтулы адамдар. Елге сіңірген еңбектері еселенер, нағыз толысқан шақтарында нақақтан-нақақ ұсталып, 1937 жылы құрбан болды. Қайдан топырақ бұйырғаны да белгісіз.
Осы сапарында Мая Ақыш ұрпақтары туралы біраз ақпарат ұсынды. Сонымен қатар музей қорына арнайы ала келген 43 фото, 2 мақала және 16 тарихи құжат табыстады. Бұлардың ішінде сирек кездесетін суреттер баршылық. Соның ішінде Кемел Ақышев пен Қаныш Сәтбаевтың бірге түскен фотосы бар. Музейден кейін мейман атамекені Мұса Шорман аулына барып, елмен қауышты. Ата-бабасына зиярат етіп, Кемел Ақышевтың 100 жылдығына орай ескерткіш қойылатын Әужан Керегетасы жерінде болды. Өзі алыста жүрсе де, ұлылар туған киелі мекендегі ата қонысына сағынып жеткен ұрпаққа мың алғыс.
Сансызбай САПАРҒАЛИЕВ,
Академик Қ.И.Сәтбаев
мемориалдық музейінің қызметкері
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы