• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 30 Шілде, 2024

Көк түрікті ту еткен

49 рет
көрсетілді

Қаржекем өтті дүниеден...

Киелі Кең-керіс, Ақтермел, Алтай-Саян, Сарыарқа, Өтүкен қойнауы, кең өткелді Керулен өксіп иен қалғандай. Тәңір-Ақпан таулары аһ ұрып күрсінгендей. Көгмен асуын­да найзағай жарқылдап, аспан көз жасын төккендей. Түркілік рухтың қабағына кірбің түскендей. Бөклі шөлінде бөрілер тұмсығын аспанға білеп ұлып, Жарыс жазғанда Күлтегіннің он түмен қолы атынан түсіп аза тұтқандай...

Иә, ол – айрықша жан. Оны ешкім қайталай алмас. Оның атажұртқа келуімен, Күлтегін тасының Астанаға әкелінуімен, «Орхон ескерт­кіштерінің атла­сы» үш томдығының жариялануы­мен тарихи санада үлкен сілкініс пайда болды. Жас ұрпақ өзінің шыққан тегін білді. Ата-баба­ларының мың көнелікке, түмен жылдарға арнап қалдырған өсиет сөз­дерімен, жазу мәде­­ниетінің қайталанбас түпкі айғақтарымен қауышты.

Біздің көк түрікті толыққанды түсінуіміз үшін, көк түріктің рухымен қанаттануымыз үшін осындай бір адам қажет еді. Ол Өтүкен рухымен қайта туған Қаржаубай Сартқожаұлы болды. Уақыт оны сонау айбатты көк түрік дәуірінен бүгінге арнап сақтағандай еді.

Қаржекем жастайынан киелі, сырлы тас жазуларға құштар болды. Тау асып, тас басып ізденді. Қазақтың тәуелсіздігі оны тіптен қанаттандырды. Ол өте үлкен оптимистікпен, елінің, жерінің тарихына деген шексіз махаббатпен, алапат күш-жігермен аянбай еңбек етті. Ғұмыр бойы ата-бабалар сөзінің түпкі сырын, мән-мағынасын ашуға әрекеттенді. Бұл жазулар оған неге керек болды? Не үшін бүкіл өмірін соған арнады? Ол енді бізді терең ойлантатын тақырып.

Оның болмысы, табиғаты қарапайым бол­ғанымен ұлт руханияты үшін баға жетпес байлық еді. Сол байлық арамыздан кетті. Ол бойындағы бүкіл энергиясын соңғы минутына дейін ұлты үшін жұмсап кетті.

Ол жақсы аға, сырлас дос еді. Астанаға бірге келіп едік. Қара қоста қара шайымызды терлеп ішіп, әңгіме-дүкен құрар едік. Бабалар тарихының әр қатпарын ашып, қыр-сырына бойлаған сайын, бірге отырып шексіз тебіренер едік. Қылт еткен жаңалығымызды бөлісер едік. Амал қанша, ол енді арамызда жоқ.

Ғалымның мәңгілік мұратта­ры, ізгі ісі, арман­даған ойла­ры ұрпақтарымен, шә­кірт­­терімен, мұраттас ініле­рімен, қарайған халқы­­мен жалғаса береді.

 

Тұрсынхан Зәкен,

тарих ғылымдарының докторы, профессор